"Денсаулық сақтау министрлігі айыппұл салады екен": Қоғам белсендісі өз емханасынан ақылы түрде де ем ала алмай жүргеніне шағымданды
Фото: Facebook.com/saintdid
“Әділдік жолы” Республикалық қоғамдық бірлестігі басшысы Дидар Смағұлов тегін тұрмақ, ақылы түрде медициналық көмек ала алмай әлек болып жүргенін айтып, денсаулық сақтау министрлігіне наразы екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қоғам белсендісі бұған дейін МӘМС бойынша тар бейінді мамандардың тегін қабылдауына жазыла алмағанын, қазір ақылы түрде де медициналық көмек ала алмайтынын айтты.
“Денсаулық сақтау министрлігі, өмірімізді тағы қалай қиындатпақсың? Достар, бұл ведомство шынымен-ақ абсурд пен қисынсыздықтың шегіне жетті. Жыл сайын жалақыдан миллиондаған қаражатымды МӘМС жүйесіне аударсам да, тегін медициналық қызметті іс жүзінде пайдаланбаймын. Себебі жүйе солай құрылған. Одан да ақша төлей салғаның әлдеқайда оңай. Әуелі терапевтке баруың керек, одан кейін ол қажет деп санаса ғана сені нақты маманға жібереді, сәті түссе бір айдан кейін ғана қарала аласың. Әрине, мұндайда қиналып күткенше, ақша төлей саласың. Енді мен өзім тіркелген емхананың ақылы қызметтерін де пайдалана алмайтын болдым. Мұның қандай дискриминация екенін елестете аласыз ба”, – деп жазды Данияр Смағұлов.
Ол министрліктің Қазақстан азаматы ретінде денсаулығын сақтау жөніндегі Конституциялық құқығын шектеп отырғанын айтып, шағымданды.
“Министрлікте қандай “зиянкестер” жұмыс істейді? Құлағыма суық тигізіп алдым, қабынып, бітеліп қалды, қатты ауырды. Әдеттегідей, өзім тіркелген емханаға бардым. Емхана үйімнің жанында орналасқан, ақылы, қызмет көрсетуі жақсы. Бірақ маған онда қызмет көрсетуден бас тартты. Өйткені мен тегін қызметтер ғана ала алады екенмін. Мемлекеттің “қамқорлығын” сезіп тұрсыз ба? Ал егер мен ақылы қызмет алсам, денсаулық сақтау министрлігі оларға үлкен айыппұл салады екен. Жақын жердегі жеке емханаларға бүгінге жазыла алмаймын, ал бейтаныс мекемеге барғым келмейді. Осындай “қамқорлығы” үшін денсаулық сақтау министрлігіне алғыс айту ғана қалады”, – делінген жазбада.
Амалы қалмаған қоғам белсендісінің бұл жазбасына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Ведомство Қазақстан азаматына Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде көрсетілетін медициналық көмекті ақылы алуға
тыйым салынатынын мәлімдеді.
“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекстің 202-бабының 8-тармағына сәйкес, денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету тәртібі Қазақстанның денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 қазандағы бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау субъектілерінің Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтеркөрсету қағидаларымен айқындалады”, – делінген хабарламада.
Тек мына жағдайда ғана науқастар ақылы қызмет ала алады:
- Медициналық көмекті олардың бастамасы бойынша көрсету кезінде, оның ішінде бастапқы және екінші деңгейдегі мамандардың жолдамасынсыз;
- ТМККК және МӘМС жүйесі көлемінен тыс медициналық көмек көрсету кезінде;
- Денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу кезінде;
- ТМККК және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кірмейтін немесе медициналық көрсеткіштерсіз медициналық зерттеулер жүргізу кезінде;
- ТМККК және МӘМС жүйесінен тыс санаторий-курорттық ұйымдарда көрсетілетін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту кезінде, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында және мекемелерінде ұсталатын адамдарды қоспағанда;
- Медициналық көрсеткіштерсіз медико-генетикалық зерттеулер жүргізу кезінде;
- ТМККК-де көзделмеген және МӘМС көлемінен тыс медициналық тексеру кезінде;
- Келісімшарт бойынша, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету кезінде, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында және мекемелерінде ұсталатын адамдарды қоспағанда;
- Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде, Кодекстің 83-бабының 1) және 2) тармақтарында көзделген
- жағдайларды қоспағанда.
Егер тіркелген медициналық ұйым ТМККК және МӘМС жүйесіне кіретін медициналық қызметтер үшін ақы алса ұйымға айыппұл салынады. Амбулаториялық деңгейде айыппұл
талап етілген соманың 100%-ын, ал стационарлық деңгейде – 50%-ына тең болады.
Ведомство Қазақстан азаматының емханада ақылы қызметке жүгінбес бұрын, жоспарлы және шұғыл медициналық көмектің қай кезде көрсетілетінін білгені жөн екенін ескертті.
“Мысалы, бір азаматтың өтінде тас бар делік. Ол оны мазаламаса да, медициналық көрсеткіштері бар болғандықтан дәрігерге жазылып, тиісті анализдерді тапсырады, порталға тұрып, ауруханаға ота жасатуға барады. Бұл жоспарлы медициналық көмекке жатады. Әдетте оны күту ұзақтығы (бейінді маманға жазылуды күту, жоғары технологиялық медициналық көмек:МРТ,КТ,УДЗ және т.б.) 15 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Егер емханада аталған мерзімде жазба жүргізбесе, науқасты бірлесіп орындау шарты аясында басқа медұйымға жіберу керек. Ал ауырғаны шыдатпай, дәл осы сәтте медициналық көмек керек болса, жедел медициналық көмек шақыру керек немесе өз аяғымен тұрғылықты жері бойынша бекітілген аурухананың шұғыл қабылдау бөліміне бара алады. Шұғыл медициналық көмек азаматтың сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан көрсетіледі”, – делінген министрлік жауабында.
Егер науқас тиісті медициналық көрсеткіштері бола тұра жолдама ала алмаса және оған медициналық көмек көрсетуден бас тартса дереу сол медициналық ұйымдағы Пациенттерді қолдау қызметіне немесе бөлімше меңгерушісіне жүгіне алады.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
