Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Италиялықтар балаға дауыс көтеріп сөйлемейді": Еуропада тұратын жерлесіміз италиялықтардың неге кеш отбасы құратыны, бала тәрбиесі туралы

Италияда өмір сүріп жатқан қазақ қызы Гүлзат Даниярхан ол жақтағы қазіргі жағдай туралы айтты. Сонымен бірге италияндықтардың ерекше қасиеті мен бала тәрбиесі жөнінде де сөз ете кетті. Айтуынша, балаларын бетінен қақпай өсіреді. Халқы өмірге құштар, әр кезде жайдары жүреді екен.


–    Гүлзат ханым, Италияда қазіргі жағдай қандай? Карантин әлі де қатаң түрде сақталып жатыр ма?
–    Италияда карантин жағдайы әлі де біткен жоқ. Үш ай көлемінде үйде ешқайда шықпай отырдық. Тек супермаркет, дәріхана, ауруханаға ғана барғанда үйден шыққанбыз. Ал қазір карантин жеңілдетіліп, адамдардың ары-бері шығуына рұқсат етілді. Маска киіп, арақашықтықты сақтау талапқа қойылған. Мысалы, супермаркеттерге бес адамнан, ал кішкене дүкендерге 3 адамнан артық кіргізбейді.

–    Милан қаласы халқының мәдениеті қандай? Қандай тағамдарды сүйіп жейді және ұлттық тағамдары не?
–    Италия елінің халқы қарапайым, өте жақсы жандар. Әрқашан көтеріңкі көңілде жүреді және отбасына қатты мән береді. Олар ешуақытта өз отбасынан алыс кетпейді. Қазақ халқына ұқсастығы осыдан білінеді. Бірақ «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, мәдениеті бізге келмейді. Менталитеті, діні басқа. Италиялықтар өте бауырмал. Ал тамағы барлығыңызға таныс. Спагетти, макарон жегенді ұнатады. Пиццаны өте сүйіп жейді. Тіпті ұлттық асына айналған десе де болады. Бір қызығы, Италияда пицца түр-түрге бөлінеді. Біздің елде жеп жүрген қамыры жұқа пиццалар қазір мен тұрып жатқан Милан қаласының тағамы болып саналады. Ал Италияның оңтүстік өңірінде пиццаның көлемі мен қалыңдығы өзгеріп отырады. 

–    Ол жақта тұрып жатқаныңызға екі жылдай болып қалыпты. Италияндықтардың өмір сүру салтына үйрене алдыңыз ба? Сол елге сіңіп кету үшін қанша уақыт қажет болды?
–    Италия елінде тұрып жатқаныма бір жылдан асыпты. Ол жаққа 28 жасымда кеттім. Шынымды айтсам, бірден үйреніп кетпедім. Басында елімізді қатты сағынатынмын. Оңай болған жоқ. Өйткені менталитетіміз, салтымыз, дәстүріміз басқа. Италия халқының өмір сүру салтын түбегейлі қабылдауыма бір жыл уақыт кетті. Олар біз сияқты асығып жүрмейді. Астанада тұрғанда бәріне үлгеру үшін асығып жүретін адам едім. Ал мына жақта ешкім ешқайда асықпайды. Соған үйренуім біраз қиынға соқты. Бірақ итальян тілін тез меңгеріп кеттім. Қанша дегенмен біз екі тілде сөйлеп, ойлап үйренгенбіз ғой. Ауызекі тілде жақсы сөйлеймін, дегенмен әлі де тереңірек үйренуім қажет. 

–    Италия еліне алғаш аяқ басқандағы әсеріңізбен бөлісесіз бе? Не нәрсе таңқалдырды? 
–    Италия еліне алғаш келгенде маған бәрі қызық болып көрінді. Шетелге алғаш шығуым да сол еді. 25 желтоқсан Рождество мерекесіне бардым. Ең бірінші табиғатының әсемдігіне таңқалдым. Бірден ғашық болдым. Астананың тізеден келетін қарын кешіп жүріп өстік қой. Ал Италияда қар көрмедім. Соған қатты қуандым, бақыттан басым айналды десем болады. Тағы бір қызығы, ол жаққа қыстық қалың аяқ киім, парка киіп барғанмын. Шетелге алғаш шыққаным, ешнәрсе білмеймін. Ыстықтап, үстімдегі қалың киімімді шешкенімде италиялықтар таңқалған. Астанадағыдай уілдеген жел жоқ, айнала жап-жасыл, жаймашуақ күн. Ең қатты қуанғаным, осы болды.  

–    Біздің халықпен  салыстырғанда қандай айырмашылықтар мен өзгешеліктер бар?
–    Италия және Қазақстан халқының айырмашылығына келер болсақ, ол жақтың адамдары өте бауырмал. Сол қасиеттерімен жаныңды баурап алады десем болады. Отбасына және үлкен кісілерге деген құрмет көрсетуі, сыйлауы қазаққа ұқсас. Балаға да өте мейірімді. Өзіміз сияқты дархан көңілді халық. Осы жағы қуантады. Содан кейін италиялықтардың бізден бір айырмашылығы, олар үнемі күліп жүреді. Қай жерде жүрсе де бір-біріне күлімдеп амандасады. Енді өмірге деген құштарлықтары күшті. Осы күнге дейін маған қарап дөрекі сөйлеген бірде-бір италияндықты кездестірмедім. Бізге бір ұқсамайтын жағы – олар сөйлескенде дауыстары қатты шығады. Қазақтар біз жәй сөйлесіп үйреніп қалғанбыз ғой, дауысымыз да бәсең шығады. Сол себептен Италия халқының айғайласып сөйлесетіндері тұрпайы көрінген. 

–    Итальян отбасына келін болып отырсыз. Оларда отбасылық құндылықтар қалай сақталған? Ене мен келін арасы қандай?
–    Италияда кез-келген адам бір-бірімен, яғни үлкен-кіші демей пікір таластыра біледі. Ойларын ашық жеткізеді. Басында ене мен келіннің пікір айтысып отырғанын көргенде көңілім түсіп қалатын. Өйткені біздің елде келіні енеге қарсы сөйлемейді ғой. Мұны өз ойын білдіре алмайды деп емес, сыйластық дер едім. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қай елде де бітпейтін әңгіме. Бір италиялық құрбым бар. Енесі екеуінің ара-қатынасы қиын. Сондықтан бұл нәрсе әр ұлтта бар деп ойлаймын. 

–    Бала тәрбиесіне қалай қарайды? Мысалы, жапондықтар баланы кішкентай кезінен бастап мықты тәрбиелейді дейді. Италиялықтар ше, тәрбие беруде не нәрсеге басты назар аударады?
–    Италиялықтар балаға дауыс көтеріп сөйлемейді. Керісінше, бірнәрсе үйретуден жалықпайды. Қайбір ата-ананың баласын жұмсап, жұмысқа жегіп қойғанын көрмедім. Тіпті дауыс көтеріп ұрыспайды. Олар балаға өте жылы қарайды, тәрбиесіне ерекше назар аударады. Баламен ересек адамдар секілді сөйлеседі. Кішкентай жасынан еркін болуға үйретеді. «Ұят болады» деген сөздер айтып, бетінен қақпайды. Содан кейін италиялықтардың маған ұнайтын бір қасиеті, өз баласын біз секілді жұрттың баласымен салыстырмайды. 

–    Италияда әдетте неше жаста отбасын көтереді?
–    Италияда 25 жастан 30-ға дейінгілер жас болып саналады. Жалпы Еуропа елдерінде барлығы тұрмыс кеш құрады ғой. Сондықтан бұл жақта жастай отбасын құрғандарды жиі кездестіре бермейсіз. Көпшілігінің кеш үйленетіні де сол. Өйткені ажырасу жағы күрделі процесс. Бала болған жағдайда мемлекет міндетті түрде ер адамға алимент төлеткізеді. Біздегі секілді төлемей қашып кету деген әңгіме жоқ. Бір италияндық әйелімен ажырасқанда үйінен тек киімін ғана алып кеткенін көргенмін. Ал дүние-мүлік әйелі мен баласына қалды. Заң бойынша осылай жолға қойылған.

–    Ол жақта шеттен келгендерге жұмыс табыла ма? Мысалы, Қазақстаннан жұмыс істеуге барғысы келетін жерлестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
–    Көптеген жерлестеріміз жеке парақшамда жұмыс туралы сұрап жатады. «Тіл білмеймін. Маған жұмыс табыла ма?» деген сұрақтар көп қойылады. Айтарым, Италияда заңды түрде жұмысқа тұрғаныңыз дұрыс. Заңсыз жүрген жағдайда бірден депортациялауы мүмкін. Екіншіден, қара жұмыс істегендердің ақшасын төлемей қоюы да мүмкін. Сондықтан тіл білмей, қара жұмысқа келемін дейтіндерге тәуекел жасамай-ақ қойғаны дұрыс деп айтар едім. 

 

Дайындаған: Анар Дәукенқызы

   
 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2020 22:56
Талқылау