Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ыстық темір басып, 40 минут азаптады": Құлдыққа түскен ақмолалық азамат басынан өткен оқиға туралы айтып берді

Бұған дейін әлеуметтік желіде видео жариялап, өзінің құлдыққа түскенін мәлімдеген Ерқанат Амантай есімді Ақмола облысының тұрғының басынан өткен жағдай туралы айтып берді. Сөзінше, қожалыққа жылқышы болып жұмысқа тұрған ол 10 ай бойы келісілген жалақыны алмаған. Кейін қожалық иесі Ерқанатты “жылқы ұрлады” деп айыптап, тепкінің астына алған. Соңғы кездесуде ер адамды қожалыққа күштеп әкетіп, ыстық темір басыпты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап.

ер адам

Ерқанат Амантай бұл жұмысқа танысы шақырғанын айтады. Бастапқыда жұмыс беруші жалақымен қоса жыл сайын қосымша ақша беріп отыруға уәде етіпті.

"Шаруа қожалығында 1 жыл 4 ай жұмыс істедім. Танысым алып барған, өз еркіммен бардым. Бастапқыда жылқышының көмекшісі боласың, жалақы мен қосымша бонустар төленеді деді. Өзім көкпар ойнаймын, сондықтан жұмыстан қорықпадым. Әр 15 күн сайын 150 мың теңге төлеймін деген. Оның үстіне жылдық төлдің 20%-ын беруге келісті. Мысалы, 200 бас төлдесе, 40 бас маған береді. Қағаз жүзінде келісімшарт болмады, сөзбен келістік. Бірақ 10 ай өткен соң жылқы жоғалды деді, бұл уақытқа дейін мүлде еңбекақы алмағанмын", – дейді Ерқанат Амантай. 

Ер адамның сөзінше, қожалық иесі 16 жылқының жоғалғанын айтқан. Сосын жұмысқа шақырған танысымен бірге келіп, ұрып-соғыпты. 

"Түнде танысым мен қожалық иесі келіп, шәй ішуге шақырды. Дастарханда отырғанда "Жылқы қайда?" деп сұрап, екеуі тарпа бас салды. Тепкінің астына алып, ағашпен ұрды. Алмаған нәрсені қалай алдым деп айтамын? Үш күннен соң кетіп қалдым. Бір ай өткен соң Магомед деген қожалық директорына хабарласып, кездесуге шақырдым. Бірақ сөйлеспеді, көлікке салып алып кетті", – деп қосты Ерқанат Амантай. 

Қожалыққа алып барған соң ер адамды тағы ұрып, қорлық көрсетіпті. Екінші рет кетіп қалған Ерқанат Амантай еңбекақысын алу үшін шаруашылық директорын тағы кездесуге шақырыпты. Алайда бұл жолы да күштеп қожалыққа алып барып, балтамен қорқытқан. 

"Ұлым қайта кездесуге шақырып, еңбекақысын алғысы келді. Себебі жалғыз асыраушымыз болғандықтан, біз әбден қарызға баттық. Мен де бір жылдық жалақысын сұрадым. Бірақ баламның осындай қорлық көргенін білген жоқпын. Толық оқиғаны полицияға арыз жазғанда білдім", – деді анасы Әнипа Жомарт.

Ерқанат Амантай қожалық иесімен төртінші рет кездескенде денесіне темір қыздырып басқанын айтады. 

"Қалада жұмыс істеп жүргенде жолдасым Степнагорск қаласына 12 күнге жылқы бағуға шақырды. Жұмыс істеп жүрген 10-күні бұрынғы бастығым Асқар деген кісімен келді. Қалай тауып алғанын білмеймін. Жанында полиция қызметкерлері болды. Сол жерде Магомед шетке апарып, соққыға жықты. Ал полицейлер менің қан-жоса түрімді көрді. Сөйтіп көлікке отырғызып, Қорғалжын ауданына алып кетті. Алайда полиция бөліміне емес, қожалыққа апарды. Түнгі 01:00 шамасында үйге кіргізді. Сосын қожалықтың екі жұмысшысы астыңғы қабатқа түсіріп, жабыла кетті. Мен де қарсылық таныттым, бірақ жерге құлатып, қолымды байлай бастады. Сосын темірді қыздырып, жамбасыма сосын басқа жерге басты. Қинау 40 минутқа жалғасты", – деп еске алды ол.

Ақмола облысы Ақкөл аудандық полиция басқармасының мәліметінше қазір тиісті сараптамалар дайындалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Талқылау