Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішіне кіру мүмкін емес": Қызылордадағы Тұңғыш Президент саябағындағы әжетхананың жағдайы сын көтермейді

Қызылордада жанұяңмен демалып, серуендеуге арналған санаулы ғана демалыс орындары бар. Соның бірі – қаланың шет аймағында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ. Алайда бүгінде бұл нысанның өзі көпшіліктің көңілінен шықпай тұр. Тұрғындар, әсіресе саябақтағы әжетхананың сиқы сын көтермейтінін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

әжетхана

Қарапайым ағаштан жасалған әжетханалар қисайып, құлаудың алдында тұр. Айнала күл-қоқыстан көрінбейді. Соған қарағанда парк ішінің тазалығына бас ауыртып отырған жауапты мамандар жоқ секілді.

"Қазір көктем, санаулы күндерден кейін жаз басталады. Көпшілік осында серуендеуге, фотосессия жасауға келеді. Тіпті тамақтарын әкеліп, ағаштардың көлеңкесінде пикник жасайтындар баршылық. Әжетхананың түрі қорқынышты, ішіне кіруге батылың жетпейді. Амал жоқтан пайдалануға тура келеді. Балаларымыз тесігіне түсіп кетеді ме деп қорқамыз. Тиісті жұмыстарды жасау үшін, міндетті түрде қайғылы оқиға орын алу керек пе?" – деп ашынады қала тұрғыны Балабай Ыбыраев.

Саябаққа келушілерді ағаштардың да жағдайы алаңдатады. Бұрын гүлмен әсемделіп, жасыл желекке көмкеріліп тұратын парк күтімсіз қалғандай әсер қалдырады. Ішінің тазалығы да көңіл көншітпейді.

"Бұрын саябақтың ауасының өзі керемет еді. Қазіргі жағдайы нашар. Күндіз кейбір кезде келсек, есігі жабық тұрады. Еліміздің Тұңғыш Президенті биліктен кеткеннен кейін саябаққа да назар аудару тоқталды ма? Бұл ең бірінші кезекте халыққа қажет нысан", – дейді Сағдат есімді тағы бір тұрғын.

Бұл өзекті мәселе туралы жергілікті атқамінерлер жақсы біледі. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде де осы тақырыпты қозғауда. Алайда, әкімдіктегілер мәселені шешу жауапты мекемеге тапсырылды дегеннен әрі аса алмай отыр.

Талқылау