Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іш өту, құсу, құрысу белгілері пайда болады": Мамандар әзірге қарбызды сатып алмауға кеңес берді

Мамандар қазақстандықтарға әзірге қарбыз сатып алмауға кеңес берді. Санитарлық дәрігерлер мұның салдары жаман екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Оралда Өзбекстаннан әкелінген қарбыздар пайда болды. Сатушылар қарбыздың дәмді екеніне сендірсе де, дәрігерлер үзілді-кесілді қарсы.

“Қарбыздар негізінен Ташкенттен, Қашқадариядан әкелінді. Сапасы жақсы, дәмді, адамдар жақсы алып жатыр, әлі ешкім шағым айтқан жоқ. 250-ден сатамын”, – деді сатушы Еламан Нұрмашев.

Бір қарбыз 1,5-2 мың теңге тұрады. Оралдықтар өзі қарбызды алуға ерте деп санайды. Олар импортталған қарбыздар нитраттарға толы деп қорқады.

Бірақ кей тұрғындар дәмін татуға қарсы емес екен.

“Қарбыздың кезеңі шілденің соңы мен тамыз айының басында, ортасында басталады. Бірақ Ташкенттің қарбызын жеп көрдім. Ташкентте, әрине, ауа райы өте ыстық, оларда қарбыз маусымы басталды. Сондықтан дәмін татып көрдім, өте тәтті”, – деді оралдық Эльвира Уразова.

Сондай-ақ мамандар қарбыз аларда кей қағидаларды ескеруді сұрайды. Айтуларынша, жолдың бойындағы қарбыздарды алмау керек. Қарбызды таңдағанда, қабығы зақымданбаған, жарылмаған және тесілмегенін алған жөн. Сондай-ақ қарбыз жерде жатпауы тиіс, олар арнайы жәшіктерде тұруы керек. Әрі қай елден әкелінгені туралы құжаттарын сұратқан дұрыс.

Санитарлық дәрігерлер қарбызды сабынмен жууды ұсынады. Биылғы қарбызда зиянды заттардың бар-жоғын санитарлық дәрігерлер әзірге айта алмайды. Себебі әлі тексермеген. Айтары бір нәрсе – әлі жеуге ерте.

“Ондай қарбыздарды жесе, екі-үш сағаттан кейін іш өтіп, құсу, әлсіздік, тіпті құрысу белгілері пайда болуы мүмкін, себебі бұл – химиялық заттар. Балалардың дене қызуы да көтеріліп жатады. Сондықтан қарбызды кезеңінен ерте сатып алмауға кеңес береміз”, – деді Батыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Эльвира Қуатова.

Алдағы уақытта Түркістан облысының қарбызы піседі. Ал Батыс Қазақстанда өсірілетін қарбыз шілденің соңы, тамыз айының басында піседі.

Талқылау