Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ирина Кайратовна жанжалдан кейін алғаш саханада өнер көрсетті: Алматыда BEU fest ауқымды шарасы қалай өтті?

11 маусым күні Қазақстанда ауқымды BEU Fest фестивалі өтті. Іс-шараға қазақстандық 20-ға тарта өнер жұлдыздары қатысып, мыңдаған жанкүйер жиналды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

BEU Fest сахнасында Қазақстанға танымал өнер жұлдыздары Ninety One, The Limba, Yenlik, Moldanazar, 104, Raim, Darkhan Juzz, Taspay, jeltoksan., Hey Monro, Kalifarniya, Alpha, Ирина Кайратовна, Marhaba Sabi, ARO, abdr., JETI, Qonyratbay Fam, dudeontheguitar, Rauana өнер көрсетті. 

Сондай-ақ өз өнерін көрсетуге Қырғызстаннан Ulukmanapo мен Bakr, Өзбекстаннан Ato Woody келді.

Фестиваль Халықаралық "Сұңқар" шаңғы трамплиндер кешенінің аумағында өтті. Концерт бес сағатқа жуық уақытқа созылды.

Іс-шараның ұйымдастырушысы Жаннұр Айдарбекованың айтуынша, BEU фестивалін өткізу идеясы оларға екі жыл бұрын келген. Алайда карантиннің салдарынан оны өткізу мүмкіндігі биыл ғана туып отыр.

"Фестивальді ең бірінші кезекте қатысушылар қолдады. Олардың дайындыққа салған күш-жігерінен, талпынысынан осыны байқауға болады. Бүгін әр әнші өзінің ел аузында жүрген 2-3 әнін шырқайды. Қатысатын әншілер мен топтардың саны 22. Жанды дауыста ән шырқайды", - дейді ол.

Айдарбекова сонымен қатар не үшін фестивальдің BEU деп аталатынына да тоқталды. Оның айтуына қарағанда, бұрынғы заманда ақындар ән немесе жыр сайысын ұйымдастырғанда бірін-бірін "беу" деп қолдап, тіпті сол жиындарын да "Беу" деп атаған.

Алты сағатқа жуық созылған концертте әр әнде 7000 дауыстың хоры шырқалды десе де болады. 

 "Әртістер сан түрі, бірақ жаңа қазақ музыкасының барлық өкілдерін жинауға тырысқан. Рэперлер де, музыкалды рэп орындайтын түгел ағайын осы концертке келіп жатыр. Бұл жерде барлығы мықты, барлығы хедлайнер", - дейді Аrо. 

"Beu дәл өз уақытында туған фестиваль. Соңғы екі жыл ішінде жаңа есімдер жаппай әрі тез пайда болды. Және мұның бәрі өте сапалы заманауи музыка! Енді бұл орындаушылар туралы одан да көп адамдар білетіні сөзсіз", - дейді Beu fest-тің қоюшы режиссері Айгүл Ақсамбиева.

Ал Beu-дің финалында көрермендерді үлкен тосынсый күтіп тұрды. Концерт қарсаңында фестивальде өнер көрсетпейтіндерін айтқан "Ирина Кайратовна" сонда да сахнаға шықты. 

"Біз мұнда келмей қоя алмадық, өйткені сіздер бізден сұрадыңыздар", - деді Алдияр Жапарханов сахнадан.

ИК - дан кейін бұл атмосфераны Ninety One жалғастырды. 

Алматылықтардың айтуынша, осыншай ауқымды іс-шара шаһарда көптен бері болмаған.

"Өзім жақсы көретін әншілерді тыңдауға келдім. Ұзақ уақыттан кейін оларды өз көзіммен көру үшін арнайы келдім. Ninety One тобын тыңдаймын. Концерттер бізде көптен бері өтпей кетті ғой. Керемет", - дейді алматылық бойжеткен.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 14 Маусым, 2022 13:00
Талқылау