Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Іргетасы көгеріп, қабырғалары жарылған": СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен ауыл халқы жаңа үй салып беруді талап етті

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында су тасқынынан зардап шеккен халық шу шығарды. Олар бір ай судың астында тұрған баспаналарын апатты деп тануды талап етті. Айтуларынша, көгеріп, қабырғалары жарыла бастаған үйлер тұруға жарамсыз. Сондықтан жаңа үй салып беруді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Есіл өзенінің суы тасып, Жасұлан Кәкімовтің үйін шатырына дейін су басқан. Бір айға жуық судың астында тұрған баспана көгеріп, қабырғалары ісініп кеткен. Десе де, екі апта бұрын техникалық тексеріс баспананы тұруға жарамды деп таныған. 

“Үйдің іргетасы босай бастады. Артынша қабырғалары жарылды. Пеш те құлады. Үйдің іші ылғалдан ісініп кетті. Анам қатерлі ісік дертімен ауырады, әкем инсульт алған. Олар мұндай үйде тұра алмайды”, – деді Бескөл тұрғыны Жасұлан Кәкімов.

Тұрғындардың айтуынша, үйлерде тұру мүмкін емес. Арнайы мамандар тасқыннан зардап шеккен баспаналардың 90%-ына тек жөндеу қажет деп жазып кеткен. Жұрт биыл суға кеткен үйлерді қызыл аймаққа енгізіп, жаңа баспана салып беруді сұрайды.

“Күрделі жөндеу жүргізген үйлерге 3-4 жылдан соң тағы осындай су келмейтіндігіне кім кепілдік береді? Барлық жерге қағаз жіберіп жатырмыз. Бірақ жауап ала алмай отырмыз. Есілден мың метр жерде тұрамыз”, – деді бескөлдік Азамат Болатұлы.

Петропавл іргесіндегі шағын ауылда 200-ден астам үй судың ортасында қалған. Халық наразылығынан кейін ауылға облыс әкімі келген.

“Егер шешіммен келіспесеңіз, онда өздеріңіз бағалаушы жалдап, қайта тексеру жүргізуге құқылысыз. Бірақ мамандарды мемлекет тарапынан қайта жібере алмаймыз. Өйткені үйлерді жөндеуге көп қаржы кетіп жатыр. Үйлерді бір рет қарап өттік, бір рет тексеріс жүргізілді. Барлық құжат прокуратурада бар”, – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Қазір жергілікті билік өзен жағасынан 1000 метрге дейінгі аумақта құрылыс жүргізуге тыйым салатын бастама көтерген. Бұл құжат парламентке ұсыныс ретінде жіберілді.

Талқылау