Хасан Насралланың өлімі, Иранның Израильді атқылауы, Жапония үкіметінің отставкасы: Әлемдегі саяси жаңалықтарға шолу
Осы аптада Хезболла көшбасшысы Хасан Насралла Израиль тарабынан өлтірілді. Көшбасшының өлімінен кейін Иранның Израильге қарсы зымыран шабуылын жасады. Бұл Таяу Шығыстағы шиеленісті күшейтті. Кейбір сарапшылар Израиль Иранның күшті жауап беруі мүмкін екенін алға тартады. Бұл жаңалықтармен қатар ағымдағы аптада Жапонияда үкімет толық құрамда отставкаға кетті. НАТО бас хатшысының Йенс Столтенбергтен өзінің өкілеттілігін Нидерландының бұрынғы премьер-министрі Марк Рюттеге толығымен табыстады. Stan.kz тілшісі әлемде болып жатқан саяси оқиғаларға шолу ұсынады.
Хезболла басшысы Хасан Насралланың өлімі
Израиль қорғаныс күштері Хезболла тобының жетекшісі және Хасан Насралланың Бейруттің оңтүстік шетіндегі аудандарына жасаған шабуыл нәтижесінде қаза тапқанын ресми түрде хабарлады. Насралла Хезболланың жер астындағы штаб-пәтеріне израильдік әуе шабуылы кезінде көз жұмған. Бірнеше сағаттан кейін Хезболла тобы да ақпаратты растады.
"Хасан Насралла өзінің шейіт жолдастарының қатарына қосылды”, – деп мәлімдеді топ өкілдері.
Хасан Насралла кім?
Фото: Reuters
Насралла 1960 жылы Ливанда дүниеге келген. Ол 1992 жылы Хезболла басшысы Аббас әл-Мусауидің қазасынан кейін Насралла басшылыққа келген.
Насралла топты басқару кезінде Хезболланың заманауи қару-жарақ алуын қамтамасыз еткен көшбасшы ретінде ерекшеленген. 1990 жылдары ол Израиль армиясының Ливандағы операцияларына қарсы болып, 2000 жылы Израиль күштерін Ливаннан шығарған болатын.
2006 жылы Насралла Израильдің Ливанның оңтүстігіндегі әскери операциясы кезінде Хезболланы басқарды. 2013 жылы ол өз тобының әскери қанаты Сириядағы қақтығысқа Башар Асад жағында қатысып жатқанын хабарлады. Қауіпсіздік мақсатында Насралла жылдар бойы көпшілік алдына шықпаған.
АҚШ Насралланың өлімін қолдады
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Израильдің әрекетін айыптады. Иранда Насралланың өліміне байланысты бес күндік аза тұту жарияланып, мәлімдеме жасады.
Әли Хамени "Хезболла жетекшісінің өлімі жауапсыз қалмайтынын, жауап қатты болатынын” айтты.
АҚШ президенті Джо Байден Насралланың биліктен кетуіне оң пікір білдірді.
"Америка Құрама Штаттары Израильдің Хезболла, Хамас, хуситтер және Иран қолдайтын кез келген басқа лаңкестік топтардан өзін-өзі қорғау құқығын толықтай қолдайды", – деді Байден.
Ол Пентагонға қарсы агрессияны болдырмау үшін Таяу Шығыстағы американдық әскери күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруды бұйырды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кейінірек Насралланы “қанішер" және "Иранның зұлымдығын қоздырушы” деп атап, Хезболла жетекшісін өлтіруге өзі бұйрық бергенін, айтты.
Иранның Израильге қарсы зымыран шабуылы
Фото: AP Photo
Осы аптаның басында Иран Израильге 400-ге жуық зымыран ұшырды. Иран Израильге жасалған шабуылға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) ХАМАС жетекшісі Исмаил Хания, Хезболла жетекшісі Хасан Насралла және ИРСК қолбасшысы Аббас Нилфурушанның қаза табуына жауап ретінде "басып алынған жерлерге" соққы бергендерін мәлімдеді.
"Егер Израиль біздің әрекетімізге жауап қайтарса, одан да жойқын шабуылдарға тап болады", – деп ескертті Иран билігі.
Reuters хабарлауынша, Израильге зымырандық шабуыл Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеидің бұйрығымен жүзеге асырылған. The Times of Israel басылымының мәліметіне сәйкес, шабуыл салдарынан Израильде екі адам жарақат алды. Израильдің ұлттық медициналық қызметі Маген Дэвид Адомның мәліметінше, жарақат алғандар Тель-Авивтен, олардың жарақаттары жеңіл болған.
Израильдің реакциясы
Фото: ТАСС
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның баллистикалық зымыранмен шабуылын "үлкен қателік" деп атап, Иран бұл әрекеті үшін жауап беретінін мәлімдеді.
"Иран бүгін үлкен қателік жіберді және оның зардабын көреді. Иран біздің күшімізді бағаламады. Кім бізге шабуыл жасаса, біз оған жауап береміз", – деді ол.
Израиль мен АҚШ әуе қорғаныс жүйелері Иран зымырандарын сәтті атып түсіргенін айтты. АҚШ президенті Джо Байден Израильге толық қолдау көрсететінін мәлімдеп, АҚШ әскері Израиль қорғанысын қамтамасыз етуге көмектескенін растады.
Иран билігі тек әскери нысандарға соққы жасағанын және кең ауқымды соғысты қаламайтынын айтты, бірақ Израиль кек қайтарған жағдайда күшті жауап болатынын ескертті.
Иранның зымыран шабуылының Таяу Шығыстағы жағдайға әсері
Фото: Ашық дереккөзден алынды(Таяу Шығыс картасы)
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Өткен аптаның басынан бері Израиль Ливанның оңтүстігі мен Бейрутта белсенді түрде әуе шабуылдарын жасап, Хезболланың инфрақұрылымын қиратуда. Израиль қорғаныс күштері Ливанның оңтүстігіндегі шекаралық аймақтағы Хезболла нысаналарына шектеулі жерүсті рейдтерін бастағанын хабарлады.
Иран ұзақ уақыт бойы Ливандағы Хезболла қозғалысы арқылы өзінің аймақтық ықпалын нығайтып келген болатын. Хезболла Иранның қаржылық және әскери қолдауымен аймақтың басты ойыншыларының біріне айналды, бұл Израильге қарсы тиімді құрал ретінде пайдаланылды. Алайда, Насралланың өлімі және Хезболланың командалық жүйесінің айтарлықтай әлсіреуі Иранды жылдам және күшті жауап қайтаруға итермеледі. Бұл Иран үшін саяси тұрғыдан маңызды болды, себебі ол аймақтағы беделін жоғалтпау және өз одақтастарын қолдауға дайын екенін көрсетуі керек еді.
Иранның Израильге жасаған шабуылы негізінен қорғаныстық сипатта болғанымен, ол Иранның күшін көрсетуге бағытталған күшті сигнал болды. Иран зымырандарының дәлдігі және оларды ұшыру уақыты Тегеранның жоғары технологиялық әскери қабілетін және Израильге қарсы тікелей қарсылық көрсетуге дайындығын көрсетті. Бұл әрекет аймақтық шиеленісті арттыра түсіп, халықаралық қауымдастықта да алаңдаушылық тудырды. Атап айтқанда, Израильге жақын орналасқан араб мемлекеттері, соның ішінде Парсы шығанағы елдері, бұл шиеленістің олардың өз аймақтарына таралуынан қорқады.
Әлемдік реакция
Иранның зымыран шабуылынан кейін халықаралық қауымдастықтың реакциясы әртүрлі болды. АҚШ пен оның одақтастары Иранның агрессиясын айыптады және Израильге қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі бұл әрекетті халықаралық құқық нормаларының бұзылуы ретінде бағалап, Иранға қатысты санкцияларды күшейту мәселесін қарастыруда. Алайда, Тегеран өзінің аймақтық саясаты мен әскери стратегиясынан таймайтынын анық көрсетті.
Ресей мен Қытай сияқты кейбір елдер Иранға қатысты бейтараптық танытып, қақтығыстың өршуін болдырмау үшін дипломатиялық келіссөздер жүргізуге шақырды. Бұл елдер үшін Иран маңызды геосаяси серіктес болып табылады, сондықтан олар қақтығыстың әскери шешіміне емес, дипломатиялық жолмен шешілуіне мүдделі.
Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың ары қарай дамуы Таяу Шығыстағы күштер тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер Иранның зымыран шабуылдары жалғаса берсе немесе Израиль Тегеранға тікелей соққы беру туралы шешім қабылдаса, бұл бүкіл аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ, бұл жағдай Израильдің Ливанға, әсіресе Хезболланың бақылауындағы аудандарға әскери араласуына түрткі болуы мүмкін. Әлемдік державалар үшін бұл қақтығыстың тек аймақтық емес, жаһандық салдары болуы ықтимал, әсіресе, мұнай мен энергия тасымалдау маршруттары қауіп астында қалған жағдайда.
Жапонияда үкімет толық құрамда отставкаға кетті
Фото: JİJİ Press
Жапонияның премьер-министрі Фумио Кисида 1 қазанда үкіметімен бірге отставкаға кетті. Оның орнына Либералды-демократиялық партияның (ЛДПЯ) жаңа көшбасшысы Сигэру Исиба премьер-министр болмақ. Бұл өзгеріс үкіметтің төмен рейтингісі мен партиядағы жемқорлық жанжалдарының фонында болды.
Кишиданың отставкаға кетуі
Фумио Кишида 2021 жылы үкімет басына келген кезде оның рейтингі шамамен 50% болатын, бірақ соңғы жылдары оның беделі айтарлықтай құлдырады. 2024 жылы шілде айында Кишиданың үкіметі халықтың тек 15,5%-ының қолдауына ие болды. Бұған үкіметтегі жемқорлық жанжалдары үлкен әсер етті, әсіресе 2023 жылы партияға қатысты ірі жемқорлық дауы жарияланған соң. Осы мәселелерден кейін Кисида тамыз айында отставкаға кететінін жариялады.
Фото: Reuters
Жаңа премьер-министр Сигэру Исиба
Келесі сайлау 27 қазанда өтеді деп күтілуде. Жаңа үкіметтің кіммен жасақталатыны әлі нақты емес, бірақ бұл оқиға Жапонияның саяси сахнасына жаңа өзгерістер әкелуі мүмкін деп болжануда.
Жаңа премьер-министр ретінде Исиба Сигэру тағайындалады деп күтілуде. Исиба — тәжірибелі саясаткер, бұрын қорғаныс, ауыл шаруашылығы және халық санының азаюымен күрес сияқты маңызды министрліктерді басқарған.
Халықаралық және аймақтық ықпал
Әлемдік қауымдастық Жапонияның саяси өзгерістеріне қатаң назар аударуда. Кишиданың үкіметі кезінде энергетикалық және қорғаныс салаларында маңызды реформалар жүргізілді. Жапонияның АҚШ-пен тығыз стратегиялық серіктестігі және аймақтық қауіпсіздікке байланысты шешімдер, әсіресе Солтүстік Корея мен Қытайға қатысты мәселелер, халықаралық аренада маңыздылығын жоғалтпайды. Кишида өз қызметінде экономикалық тұрақтылықты сақтау, инфляциямен күресу және қауіпсіздік саласын нығайтуға үлкен мән берді.
Жапониядағы бұл саяси өзгерістер елдің халықаралық беделіне де әсер етуі мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне, әсіресе Қытай мен Солтүстік Кореяға қатысты Жапонияның позициясы сақталады деп күтілуде, бірақ жаңа үкіметтің экономикалық және ішкі саясаттағы басымдықтары өзгеруі ықтимал
Жаңа тағайындау: Рютте – НАТО-ның бас хатшысы
Фото: AP
2024 жылдың қазан айында НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг өз өкілеттігін Марк Рюттеге ресми түрде тапсырды. Осылайша, Марк Рютте – Нидерландтың бұрынғы премьер-министрі – Солтүстік Атлантикалық альянстың жаңа бас хатшысы болып тағайындалды. Бұл тағайындау халықаралық аренада үлкен қызығушылық тудырды, себебі НАТО мен әлемдегі қауіпсіздік саясатының алдағы дамуына әсер ететін маңызды оқиға болды.
Рюттенің саяси тәжірибесі
Марк Рютте 12 жыл бойы Нидерландтың премьер-министрі қызметін атқарып, аймақтық және халықаралық деңгейде танымал саясаткер ретінде ерекшеленді. Ол Еуропалық одақтың белсенді мүшесі ретінде әртүрлі дипломатиялық мәселелерде, оның ішінде Ресей-Украина қақтығысы және климаттың өзгеруі бойынша саяси шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарды.
Рюттенің НАТО-дағы қызметі халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталады. Оның негізгі міндеттері қатарында Ресей мен Қытайдың әскери және саяси ықпалын тежеу, Украинаға қолдау көрсету және НАТО-ны жаңа қауіптерге бейімдеу мәселелері болады деп күтілуде.
Столтенбергтің мұрасы
Йенс Столтенбергтің басқаруы кезінде НАТО бірқатар қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Оның басшылығында альянс Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясына қарсы тұрып, Шығыс Еуропада қорғаныс күштерін нығайтты. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты сақтау және Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты басқару НАТО-ның басты мақсаттарының бірі болды.
Столтенбергтің дипломатиялық икемділігі НАТО-ның ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге үлесін тигізді. Оның мұрасы, әсіресе, Украинаның тәуелсіздігіне қолдау көрсетуде және Ресейдің агрессивті саясатынан қорғану үшін альянсқа жаңа мүшелерді тартуда айқын көрінді.