Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл - елдегі саяси жүйеге қарсы көтеріліс": Ирандық студент еліндегі наразылықтарға не түрткі болғанын айтып берді

Иранда хиджабты дұрыс кимегені үшін ұсталып, артынша көз жұмған 22 жастағы  Махсы Аминидің өлімінен кейін басталған наразылықтардың жалғасып жатқанына бір айға таяды. Өз кезегінде ел президенті елдегі бүліктің орнауына АҚШ-ты кінәлаған болатын. Десек те ирандықтардың өзі бұл көтеріліс халықтың бірнеше жылдан бері жиналған өкпе-назының көрінісі дейді. Stan.kz тілшісі көтерілістердің сипатын, елдегі жағдай жайлы Қазақстанда білім алып жүрген Иран азаматы Мохаммад Шамстан сұрап білді. 

Сурет: www.bbc.com

Қазіргі таңда Иранда қыздар орамалдарын өртеу арқылы дінбасыларға, діни көшбасшыға қарсылықтарын білдіруде. Өйткені 1988 жылы Ирак мен Ирак көтерілісінен кейін экономика құлдырап, жағдай айтарлықтай төмендеді. Саяси жүйеде олқылықтар байқалды. Кейіпкеріміз бұл наразылық осымен 1984 жылдан бері жалғасып жатқанын сөз етті. Айтуынша, 1984 жылдан бері халыққа елдегі жүйе ұнамаған. Қазіргі митингтер тек Махсы Аминидің өлімі мен хиджабқа байланысты емес, елдегі саяси жүйеге қарсы ұйымдастырып жатыр, дейді Иран азаматы. Оның пікірінше, халық мұның бәрінен шаршады және жас қыздың өлімі шыдамның шегі болған.

"Елдегі саяси-экономикалық маңызды мәселелерді шешудің орнына билік өкілдеріне әйелдердің шашы мен киімі маңыздырақ болған сияқты. Олар елдегі жағдайды назардан тыс қалдырып, әйелдерге жаппай хиджаб киюді міндеттеді, соны қатаң бақылауға алды", – дейді ирандық студент .

Қазіргі таңда Иранда оның жеке наным-сеніміне қарамастан, әйелдерге хиджаб кию міндеттелген. Әлемдік жарыстарға шығатын қыздардың бәрі тек орамалмен сайысқа түсе алады. Тіпті Иран аумағына турист боп келгендер хиджаб кимесе, айыппұл салынады. Мұның барлығы жергілікті халықтың ығырын шығарды, дейді ол.

"Иранда қыз болып туу қауіпті"

"Біздің елімізде президент Эбрахим Раисы дегенімен, супербасшымыз – Әли Хаменей. Бұл кісінің елдегі құзыреті Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ыннан да жоғары. Ол мемлекеттің барлық саласында – экономика, әскери, саяси, білім беру, т.б. салаларда абсолютті билікке ие", – деп түсіндірді Иран азаматы.

Кейіпкер Иран ауылдарындағы қыздар мен әйелдердің ауыр тағдырын тілге тиек етті. Сөзінше, хиджаб киюден бөлек, қыздарға шектеу көп.

"Мысалы, мына сөмке менікі, демек, мен онымен қалаған нәрсені істей аламын. Тіпті лақтырып жіберіп, біреуге бере саламын. Ауылдағы радикалды ислам өкілдерінің де өз әйелдеріне деген қарым-қатынасы осындай", –  дейді ол.

Студент Ирандағы отбасыларда қыздарға білім алуға, жұмыс істеуге жиі шектеу қойылатынын тілге тиек етті. Тіпті 15 жастағы қызды өзі қаламаған адамға тұрмысқа беруі мүмкін. Ал қалалық жерлерде салыстырмалы түрде жағдай жақсы, қыздар білім алады. Алайда мектептерде қыздар мен ұлдар бөлек оқиды екен.

Бұған қоса ол наразылықтарға қымбатшылық пен инфляцияның себеп болғанын атап өтті. 

“Валюта құнсыз. Валюталық сервистерде 1 доллар 42 500 риал делінгенімен, шын мәнінде ол 325 000 риал тұрады. Сонда біздің есеппен қарапайым киім 10 миллион риал тұрады. Ел экономиканы дамытатын реформаларға мұқтаж. Елді ашындыратын нәрсе – ол жемқорлық. Кез келген салада ақша жымқыру фактілері орын алады. Басшылар бөлінген ақшалардан ұстап қалуды әдетке айналдырған. Соның кесірінен де елді қымбатшылық жайлады. Әлемдік стандарттармен салыстырғанда, тауарлар 15 есе қымбат. Мәселен, Қазақстанда Mersedes көлігін сатып алу үшін орташа айлық жалақымен 7 айда сатып алу мүмкін болса, Иранда 5 жыл бойы қаражат жинау керек", –  деп түсіндірді ирандық.

"Әскери билетсіз ерлердің құқығы жоқ"

Мемлекетте ерлерге арналған шектеулер де жоқ емес. Мәселен, мұнда 18 жастан 51 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскерге бару міндеттелген. Әскери борышты 20 ай өтейді. Мұнда ЖОО-да оқуына байланысты немесе тағы бір себептермен кейінге қалдыру құқығы мүлдем қарастырылмаған.

“Бұрын әскерге бармағандар білім ала алмайтын. Мысалы, бакалаврды аяқтағаннан кейін магистратураға түсу үшін әскер билеті болуы тиіс. Сонымен қатар елде әскерге бармағандар үйлене алмайды, шетелге шықпайды және үй, көлік сияқты мүлікті сатып алуға құқығы болған жоқ. Алайда жақын арада бұл заң жеңілдетілді, мүлікке ие бола алып, отбасылы болуға рұқсат. Бірақ шетелге шығу үшін әлі де әскери билет керек”, – дейді Иран азаматы.

Сондай-ақ ирандық студент елде сөз бостандығы мен жергілікті БАҚ-тың еш қауқары жоқ екенінде айта кетті.

"Иранның бұқаралық ақпарат құралдарына ешқашан сенбеңіздер! БАҚ пен әлеуметтік желілер толықтай мемлекеттің бақылауында. Тәуелсіз БАҚ бірден қудаланып, жабылып қалады. Сондықтан арналарда тек билік өкілдеріне қатысты жағымды ақпарат жарияланады. Елде наразылықтар орын алса, Интернет бұғатталады, кемінде айына 1 рет интернет толығымен өшіріліп тұрады”, – дейді кейіпкеріміз.

Мохаммад Шамс бұл көтерілістердің нәтижесі болатынын айта алмады. Себебі осы секілді халықтың жаппай толқуы бұған дейін де орын алыпты.

"Мұндай наразылық толқындары 2 жыл бұрын да, 5 жыл бұрын да орын алды. Соңы нәтижесіз қалды. Наразы қауымды жаппай жазалап, қамауға алды, адамдар қаза тапты. Қазір де оларды тұтқынға алу белсенді түрде жүріп жатыр. Осындай ауқымды көтерілістер 10 жыл сайын қайталанып тұрады. Жас ұрпақ жағдайды өзгертіп, билік ықпалын төмендетуге күші жетеді деген сенімдемін", – деп аяқтады сөзін Иран азаматы.

Талқылау