Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Інімнің емі үшін айына 1 миллион теңге жұмсаймын": Дариға Бадықова көп ақша табуға не жігерлендіретінін айтты

Фото: Подкастан скриншот

Танымал актриса, кинопродюсер Дариға Бадықова көп жерде ашпаған құпиясын бөлісіп, табысты болуының сырын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі журналист Жанар Байсемізге сұхбат беріп, жан сырын ақтарды. 

“Мені мықты болуға жетелеген – інім. Әр отбасында бір бала алға сүйрейтін болады. Сол – менмін. Үйдің ортаншы баласымын. Менен кейін інім бар. Денсаулығы жұмысқа жарамайды. Ол айықпас дертке шалдыққан. Бехтерев ауруы деген диагноз қойды. Сүйектері сынғыш болғасын ай сайын белок құйып отырады. Аурудың асқынғаны – баяғы қу жоқшылық. Әке-шешем арқалап жүріп өсірді. Бірақ дұрыс емдете алмады. Қаражат жағы қиын болды. 10 жасында інім аттан құлап, тізесін жарақаттаған. Бәрі содан басталды. Қазір сүйектері майысып жатыр. Ондай диагнозбен өмір сүретін адамдардың сүйегі сынбау керек. Тізеден басталған жарақат бел-омыртқаға дейін жетті. Ресейден дәрігерлер келіп, басқа диагнозбен емдеді. Айына 1 миллион теңгеге дәрісін алып беремін. Биыл 38 жасқа толды. Қоларбаға отырғысы келмейді. Еңбекке жарамайды. Отбасы бар. Өзім сияқты өте позитив адам”, – дейді актриса. 



Киножұлдызының сөзінше, інісі көп ақша табуына, өмір сүруге жігерлендірген көрінеді. 

“Інімнің сырқаты менің сынып кетпеуіме күш береді. Өте көп еңбектендім. Қай жерде той, кеш, жиын болады бәріне баруға тырыстым. Саудамен де айналыстым. Інімнің маған деген сенімді көзқарасы мені қуаттандырады. Әкемнен кейінгі ер адам болғасын, үйіне барған сайын қуанып қайтамын. Дастарханы жайнап тұр. Келіншегімен қарым-қатынасы да күшті. Үйінің алды да керемет. Кейбір қол-аяғы сау адамдардың бос жүргені көргенде ойланып қаламын”, – деді Бадықова. 

Гүлдана Нұрлыханова
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 13:40
Талқылау