Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық азамат бұрынғы сүйіктісіне сыйлаған MacBook-ты қайтарып алғысы келген, бірақ қыз бермей қойған: заңгер жігітке кеңесін берді

Қазақстандық азамат сүйіктісімен айырылысып кеткен соң, оған сыйлаған ноутбугын қайтаруын талап етіп, оны сотқа бермек. Ол 1,5 миллион теңге тұратын құрылғыны несиеге алғанын және оны әлі екі жыл өтейтінін айтып отыр. Бұл туралы ол Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. Жігіт сыйға тартқан затын қайтарып алуға құқы бар ма? Қыз ноутбукты сыйлық ретінде алғанын қалай дәлелдей алады? Stan.kz ақпарат агенттігі заңгер Нұрсұлтан Орынбековтан сұрап білді.

Жазба авторының айтуынша, кездесіп жүргенде сүйіктісіне MacBook ноутбугын алып берген. Ол оны банк дүкенінен бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Қазір ол айына 66 мың теңгеден өтейді екен. Алайда жақында сүйіктісі қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Ал жігіт оған берген ноутбукты қайтаруын сұраған. Бірақ бойжеткен сыйлық ретінде берілгенін айтып, құрылғыны қайтарудан бас тартқан. Енді жігіт полицияға арыз жазып, ноутбукты қайтарып аламын дейді.

“Бір жарым жылдан бері кездесіп жүрміз. Ата-анамыз да танысып, бір-бірімен араласатын. Үйленеміз деп ойладым. Сондықтан ноутбукты қызға тек сый ретінде емес, болашақтағы отбасылық өмірімізге инвестициялық қадам деп алып бергенмін. Ноутбук 1,5 миллион теңге тұрады. Оны құнын 24 ай бөліп төлеймін. Небәрі үш айын төлеп үлгердім. Сондықтан қыз қайтаруы керек деп ойлаймын. Зат менікі екенін, оны өзім сатып алғанымды дәлелдей аламын. Kaspi bank-тен скриндерім, барлық төлемдер мен келісімшарт бар”, – дейді жігіт.

Әлеуметтік желіде бұл оқиға қызу талқыланып жатыр. Кейбір қолданушы жігітті қолдап, ол құрылғыны қайтарып алуы керек екенін жарыса жазып жатыр. Тіпті, біреулер қыздың құрылғыны қайтарудан бас тартуын тұтынушылық қарым-қатынас деп бағалады.

“Меніңше, бұл сыйлықты жіті ойланып алмаған сияқтысың. Сыйлықты қайтарып ал да, MacBook-ты сатып, оның ақшасын бөліп төлеудің бір бөлігін өтеуге жұмса. Бірден төлей алмасаң, қыздарға мұндай қымбат сыйлықтар алма. Қымбат сыйлықтарды тек анаңа, әйеліңе немесе әпкеңе бер. Осы MacBook болмағанда, ол сені үш ай бұрын тастап кетер еді”, – деп жазған dmm6732 деген қолданушы. 

Ал енді басқалар керісінше, жігіттің әрекетін сөгіп, сыйлық ретінде берілген ноутбукты қайтаруды сұрау орынсыз дейді. Бойжеткеннің сыйлықты қайтаруға міндетті емес екенін айтады. 

“Оған бұл сыйлықты сыйлау – өзіңіздің саналы шешіміңіз. Шамаңыз жетпесе де, қымбат сыйлығыңыз келді, иә? Несиеге немесе бөліп төлеу арқылы алу да – сіздің таңдауыңыз. Егер сүйіктіңіз кеудесін жасату үшін оның ақысын несие алып төлесеңіз, айырылысқан соң, ол сізге салынған имплантты қайта шығарып беруі керек пе? Ақылға қонымсыз, сондықтан шамаң жетпесе, мұндай сыйлық берме”, – дейді gorodishka деген қолданушы. 

Ал автордың өзі мәселе жомарттықта емес, қаржылай жауапкершілікте екенін алға тартып отыр. Өзінің сөзінше, ол бұған дейін де мейрамханаға, киім-кешекке және тағы басқа заттарға көп қаржы жұмсаған. 

“Қолма-қол ақшаға сатып алсам, ойланар ма едім. Ал екі жыл бойы ай сайын 66 000 теңге болып келетін төлем бұрынғы қарым-қатынасымды еске салып қана қоймай, қалтама ауыр салмақ түсіреді”, – деп жазды жігіт. 

Заңгер не дейді?

Редакция бұл оқиғада заң жүзінде қалай қаралатын білу үшін заңгер Нұрсұлтан Орынбековтан сұрап көрді. Заңгердің айтуынша, жігіт ноутбукты тек уақытша пайдалануға бергенін, не сыйға тартпағанын дәлелдей алса, құрылғыны қайтаруды талап етуге құқылы. Ол азаматтық сотқа жүгініп, құрылғыны иелігіне қайтару туралы талап-арыз бере алады. Мұндай іс Азаматтық кодекстің 188-бабы – меншік құқығы, 240-бап – бөтен мүлікті иеленіп алу, 506-бап – сыйға тарту шарты бойынша қаралады. Дегенмен қыз, керісінше, ноутбуктың сыйлық екенін растаса, оның да қайтармауға негізі бар.

“Сыйға тарту – мүлікті қайтарымсыз беру деген сөз. Бірақ “сый” ретінде берілгені ауызша айтылса және дәлел болмаса, жағдай күрделенеді. Екінші тарап құрылғыны сыйлық ретінде алғанын мессенджердегі хаттармен, куәлармен немесе бейнематериалмен растауы керек. Дәлелдей алмаса, жігіт құрылғыны иелігіне қайтаруды сұрап, сотқа немесе полицияға шағымдана алады”, – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Наргиза Аршидин
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 14:21
Талқылау