Қазақстандық сүйіктісімен айырылысқан соң, сыйға тартқан макбугын қайтаруын талап етті: Заң бойынша оны қайтара ала ма?
Қазақстандық азамат сүйіктісімен айырылысып кеткен соң, оған сыйлаған ноутбугын қайтаруын талап, оны сотқа бермек. Ол 1,5 миллион теңге тұратын құрылғыны несиеге алғанын және оны әлі екі жыл өтейтінін айтып отыр. Бұл туралы ол Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті. Жігіт сыйға тартқан затын қайтарып алуға құқы бар ма? Қыз ноутбукты сыйлық ретінде алғанын қалай дәлелдей алады? Stan.kz ақпарат агенттігі заңгер Нұрсұлтан Орынбековтан сұрап білді.
Жазба авторының айтуынша, кездесіп жүргенде сүйіктісіне MacBook ноутбугын алып берген. Ол оны банк дүкенінен бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Қазір ол айына 66 мың теңгеден өтейді екен. Алайда жақында сүйіктісі қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Ал жігіт оған берген ноутбукты қайтаруын сұраған. Бірақ бойжеткен оған сыйлық ретінде берілгенін айтып, құрылғыны қайтарудан бас тартқан. Енді жігіт полицияға арыз жазып, ноутбукты қайтарып аламын дейді.
“Бір жарым жылдан бері кездесіп жүрміз. Ата-анамыз да танысып, бір-бірімен араласатын. Үйленеміз деп ойладым. Сондықтан ноутбукты қызға тек сый ретінде емес, болашақтағы отбасылық өмірімізге инвестициялық қадам деп алып бергенмін. Ноутбук 1,5 миллион теңге тұрады. Оны құнын 24 ай бөліп төлеймін. Небәрі үш айын төлеп үлгердім. Сондықтан қыз қайтаруы керек деп ойлаймын. Зат менікі екенін, оны өзім сатып алғанымды дәлелдей аламын. Kaspi bank-тен скриндерім, барлық төлемдер мен келісімшарт бар”, – дейді жігіт.
Әлеуметтік желіде бұл оқиға қызу талқыланып жатыр. Бірі жігіттің әрекетін сөксе, енді біреулер қыз бағалы сыйлықты қайтарғаны жөн дейді. Ал автордың өзі мәселе жомарттықта емес, қаржылай жауапкершілікте екенін алға тартып отыр.
“Көбі маған “сараңсың” деп пікір жазып жатыр екен. Дегенмен мен бұған дейін де мейрамханаға, киім-кешекке және тағы басқа заттарымызға көп қаржы жұмсағанмын. Қолма-қол ақшаға сатып алсам, ойланар ма едім. Ал екі жыл бойы ай сайын 66 000 теңге болып келетін төлем бұрынғы қарым-қатынасымды еске салып қана қоймай, қалтама ауыр салмақ түсіреді”, – деп жазды жігіт.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, жігіт ноутбукты тек уақытша пайдалануға бергенін, не сыйға тартпағанын дәлелдей алса, құрылғыны қайтаруды талап етуге құқылы. Ол азаматтық сотқа жүгініп, құрылғыны иелігіне қайтару туралы талап-арыз бере алады. Мұндай іс Азаматтық кодекстің 188-бабы – меншік құқығы, 240-бап – бөтен мүлікті иеленіп алу, 506-бап – сыйға тарту шарты бойынша қаралады. Дегенмен қыз, керісінше, ноутбуктың сыйлық екенін растаса – оның да қайтармауға негізі бар.
“Сыйға тарту – мүлікті қайтарымсыз беру деген сөз. Бірақ “сый” ретінде берілгені ауызша айтылса және дәлел болмаса, жағдай күрделенеді. Екінші тарап құрылғыны сыйлық ретінде алғанын мессенджердегі хаттармен, куәлармен немесе бейнематериалмен растауы керек. Дәлелдей алмаса, жігіт құрылғыны иелігіне қайтаруды сұрап, сотқа немесе полицияға шағымдана алады”, – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

LRT құрылысы, ғарышты игеру мен спортты дамыту: Министрліктер алғашқы жартыжылдықта бюджет қаржысын қайда жұмсады
