Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Илон Маск Apple және OpenAI компанияларын сотқа беріп, миллиардтаған доллар талап етті

ең бай адам МаскФото: Reuters

Илон Маск AI саласындағы бәсекелестікке кедергі келтіргені үшін Apple Inc. және OpenAI компанияларын сотқа берді. Кәсіпкердің X және xAI компаниялары өтемақы ретінде миллиардтаған доллар талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Техас штатына жолданған талап-арызда Apple компаниясының iPhone-ға OpenAI-ды тікелей енгізуі басқа жасанды интеллект компанияларының өнім шығарудағы мүмкіндігін шектейді. 

"Apple-дің әрекеті жасанды интеллектің (AI) дамуына және суперқосымшалардың пайда болуына кедергі жасап отыр. Бұл жағдай OpenAI-ға монополияны сақтауға мүмкіндік береді. Ал басқа компаниялардың жаңа жобалары мен инвестицияларын тежейді. Мұндай чат-боттар болашақта iPhone-ның негізгі функцияларын да алмастыра алатын өнімге айналар еді", – делінген талап арызда. 


Илон Масктың интернеті Қазақстанда ресми жұмыс істей бастады


Қазақстандықтар Илон Масктың интернетін заңды түрде қолдана алады: Министрлік мерзімін атады


Маск ақшалай өтемақыдан (нақты сомасы көрсетілмеген) бөлек, Apple мен OpenAI-дың мұндай ынтымақтастығына тыйым салуды талап етті. Айфон өндіруші компания OpenAI-мен ChatGPT-ді Apple Intelligence жүйесіне iOS 18 арқылы біріктіру жөніндегі келісімін былтыр жариялаған еді. OpenAI өкілдері мұны "Маск тарапынан жүргізіліп келе жатқан қудалау әрекетінің жалғасы" деп атады.

Маск ұзақ уақыттан бері компания басшысы Сэм Альтманмен жанжалдасып келеді. Екеуі де 2015 жылы OpenAI-дың негізін қалаушылардың қатарында болды. Алайда келіспеушіліктерге байланысты Маск үш жылдан кейін директорлар кеңесінен шықты.

11 тамызда Маск Twitter-де Apple-ді "антимонополиялық заңнаманы бұзды" деп айыптап, компания "OpenAI-дан басқа ешбір жасанды интеллект фирмасына App Store-да бірінші орынға шығуға мүмкіндік бермейді" деп жазды.

Ал Альтман оған жауап ретінде Маск "X платформасын өзінің және компанияларының мүддесі үшін пайдаланып, өзіне жақпайтын бәсекелестеріне және адамдарға зиян келтіріп отыр" деген пікір білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Илон Маск Grok чат-ботының балаларға арналған нұсқасын жасайтыны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 17:09
Талқылау