Ілияс Жансүгіровтің өлеңдері

Ілияс Жансүгіров – қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тербеген ақын. Оның өлеңдерінің қайсысын алмасақ та, барлығы ақынның дарынын, өзіне тән қолтаңбасын көрсетеді. Сонымен қатар әрбір туындысы қаламгердің тілінің өткірлігін айғақтайды. Stan.kz Ілияс Жансүгіровтың өлеңдерін ұсынады. 

Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері

Анам тілі 

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.

Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
«Апа», - деп, «Ә», - деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.

Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«Уһ» деп шаршап, дем алып шалығамын.

Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса дағы ұжмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.

Күн боламыз 

Туғанбыз күн нұрынан күн боламыз,
Нұр шашып қараңғыны жарқ етіп.
Ту ұстап, тұлпар мініп толғанамыз,
Көк жерді көміп нұрға, қарық етіп.

Қар, мұзды жерді қысқан сел етеміз,
Жаудырып көктен нөсер дүрілдетіп,
Бұлтты айдап, тұман түріп желдетеміз,
Есілте ескекті өңнің күйін шертіп.

Жадырар жанның бәрі нұр бөлеген,
Маужырар жан- жануар, жер көсіліп.
Жер қалмас жаңармаған, түлемеген,
Көгалмен көріктерміз гүл өсіріп.

Өзіме

Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,
Тапсырдым бар ойымды саған арнап.
Көңілім арам ойлап алаңдама,
Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап.

Мың қайғы бip борышты өтемейді,
Тағы да қылма уайым соны барлап.
Байды зорсып, кедейді нашарсынып
Бұзылдың көзі құрғыр, елді талдап.

Еңбекке жалқауландың екі қолым,
Тілейсің жылы суға дәйім малмақ.
Сырласып сыбырменен сылқыл жасап,
Құлағым, қуқыл болдың Құдай қарғап.

Малдыға изең қағып, көңілін бағып,
Басым да елді алдадың құр «алдалап».
Тоқтам қыл, билікті бер, мүшелерім!
Осыны «ождан» сүймей жатыр зарлап...

Домбыра

Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң - тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның, күші мол
Көмейінде күй барда!
Сылдыр-сылдыр
Cap қамыстан
Төгілді жыр,
Өрді алыстан.
Келді жақын сең қағысқан,
Үн шыкқандай жолбарыстан.
Тұншыкқандай
Өлді арыстан,
Ат шапқандай
Жер қайысқан.
Сыңғырады әсем күй
Қоңыр Балқаш желімен.
Сылдырады қамыстай.
Бірде жуық жеделдеп,
Бірде сарын алыстай.
Бірде жерді су басты,
Сел қаптаған дыбыстай.
Бірде жерді шу басты,
Ұрандаған жарыстай.
Бірде адақтап ақты күй
Ағалаған дауыстай.
Ыңыранып қалды домбыра
Қамыстағы барыстай.
Күй шерінде шек тартты,
Үй найзасы қылтылдап,
Құлақ, түпте - жүректі
Қояр ма екен шаңышпай?

Әнші

(Ескі әнші аузынан)
Арғынмын, атым Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған?
Аспанның аясында ән шалқытқан,
Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған.
Көмекей көк қапысын әнмен ашса,
Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған.
Тұлпармын, топтан озған, тосырқаман,
Шаршы топ, шаршы өрім жоқ шабылмаған.
Жорғамын, жұрттан озған, жортарманмын,
Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның аса топыр жиынында
Бүгінгі ән адыра қалсын салынбаған!..
Тауықпын, тары тердім Найман шалдан, 
Найман ел айы туған маңдайшадан.
Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көл елде, көп жұртымда қыдыр шалған.
Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім,
Тау өтпес Тарбағатай, Тянь - шаньннан.
Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер,
Мекенім, ертеде елім ірге жайған.
Құм - қыстау, өлке көктеу, өзен күзеу,
Жайлауым - жалпақ дала қарлы таудан.
Ойда орыс, өрде қытай қоныстасым,
Аулым бар Ауғанға да теуіп барған,
Желғабыз, сол ортаның заржағымын,
Толқытып тоқсан бунақ әнге салған.
Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп,
Күңіренткен cap даланы, күндер жалған!
Ән құмар әлеуметім анталап тұр,
Сайра тіл, аңыра әнім, «Інжу - маржан».
Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,
Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып.
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.
Боздатып саулы інгендей күңірентіп,
Нөсердей нөпір төккен жауындатып,
Қазандай қарсы соққан дауылдатып,
Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып.
Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Қақтырып, бұрқақтатып, қағылдатып;
Жүйткітіп, сонарлатып, саяттатып,
Қыранды қыр жонында шаңқылдатып;
Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,
Аңқытып, аңқылдатып, ағындатып;
Қаусырып қағып, түйіп, төгіп әнді,
Қайырып, қалтылдатып, қалтыратып.
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дөсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсердетіп,
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,
Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп.
Қарқынды үн - қан қайнатып, жүрек жұлып,
Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сүйе бер, суырылтам ән сұлуын,
Тілін бал, сілекейін секерлетіп.
Сарайым - сабам құям пісіп - пісіп,
Қойдырман ән қымызын ой кернетіп.
Сөз жаңбыр, даусым дауыл, әнім ескек,
Ойнақтап басылайын аз желдетіп!

Замандасқа

Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!
Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!
Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,
Тендік тиер, ешкім күйе жаға алмас.

Шөлдеп тапқан судан басын ала алмас,
Шөлдемеген суға басын сала алмас.
Жаста білген, басқа сіңген тәлімің
Өзің өлмей сүйегіңнен қала алмас.

Жаста жақсы мінезді іздеп ала алмас
Онда біздей хайуан тіпті жаралмас!
«Іс Құдайда, ерік біреуде» дегенмен,
Біз қозғалмай, жау жабдығын жаба алмас.
«Құдай жазды, менде не бар» дегенмен,
Мұның бос сөз, һешнені өкпең қаба алмас.

Ақын

А. С. Пушкиннен аударма

Әулие құрмандыққа Аполлонға
Әзірге ақын керек болмағанда,
Қанымда әуре-сарсаң дүниенің
Ол жүрер байқалмастан батып шаңға,
Ардақты ақындықтың жағы тынар,
Жаны салқын ұйқыны азық қылар.

Заманның құнарсыз көп ұлы ішінде
Бәрінен құнарсызы осы шығар.
Күн туып сақ құлаққа үн шалатын,
Бір кезде естіп қалса алла аятын.
Сілкініп, ұйқысынан сергіп қыран,
Аспанға ақын қағар жан қанатын.

Дүние ойнап-күлсе, ол мұңайып,
Жатырқап жұрт сөзінен шетке тайып,
Халықтың сәждә қылған құбласына
Имейді ол менмен басын ерге лайық.

Ақындығы алып қашып, алас ұрад
Толқынды құла түздің жағасына,
Қашар ол жат мінезді, жабайы боп,
У-шулы орманның ну ағашына...

Ескі күн

Ескі күн ес шыққанда кетер естен,
Қиялды кейде билеп жетелескен.
Мол өріс, алқап қоныс, кең жайылым,
Сол күнгі қулар, сулар кетер ме естен?

Бозбала ән салысып, қыз жарысып,
Ырғалып кең алқапты өрлей көшкен.
Қиғаш қас, қырмызы бет, қыпша белі аш,
Арулар, ақ қостағы күлімдескен.

Балалар тайға мініп, тақия іліп,
Асауды жылқышы ұстап күдері өскен.
Қыз жайраңдап, келіншек үйді жайлап,
Сыңқылдап, әзілдесіп, күлмеңдескен.

Шалғынға желі тартып, бие байлап,
Құлынды қуып ұстап қоңыр төстен.
Ақсақал, қарасақал, үлкендері,
Тоқталып төбесінде сөз сөйлескен.

Самал жел, салқын жайлау жайламаққа
Рулы ел жолға симай қатар көшкен.
Жарасып құрбы қыз бен тұрғы жігіт,
Мінгені жорға, жүйрік тек - телі өскен.

Ерттетіп бала тайын, ашамайын,
Жарысып, бір - біріне жетем дескен.
Қолға алып, найза, сойыл, жүйрік мініп,
Он шақты көш басшысы озған көштен.

Күн қызбай, көш те келіп қалар қонып,
Шаңырқап, бала - шаға шөлдеместен.
Қыз, келіншек, бала - шаға ыдыс алып,
Бүлдірген, шие тере кеткен төстен.

Қойшы да, қосаңшы да жер бауырлап,
Үнілген баққан малын елеместен.
Тізеден көк шалғындар жапырылып,
Түрленген масатыдай елен де өскен.

Той жиын өз алдына, жарасымды,
Көлбектеп, ұрғашы - еркек көлеңдескен.
Айтқан сөз, алысқан қол, сеніскен серт,
Сол заман кетеді тағы өлерде естен.

Арыным

Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селінде екпін қайрат, сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау -
Жандағы ауру, жүректегі жалыным.

Егер салсам қос өкпеден тепкіні,
Елең емес тау жақпары, тек тұры.
Жау жапырар, көк дауылша бұрқырар,
Шүу дегенде кер бедеудің екпіні.

Толас болмас топ жасаққа тиіспей,
Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей;
Бет-аузым шаң, қанжарым қан қайрылып,
Ұмсындырып жау сұлуын, су ішпей.

Аял болмас айқай-сүрен салыспай,
Қашқан жауды ат баурына алыспай;
Қан сусаған болат сүңгім ашылмас,
Шұрқылтайдан шұрылдата шанышпай.

Тыншу болмас қалың қайрат қайнамай,
Қанжығаға қанды басты байламай;
Қара жүрек, қара қошқыл қанменен,
Үш тосарлы, қанды ауызды майламай.

Улы көкірек жиған сүтін тамызбай,
Қызыл қылыш қырқа турап ағызбай;
Басылмас бұл алқындаған арыным,
Адал сүтпен жарлыларды жағызбай.

«Мен» емеспін, мен де көптің бірімін,
Мендейлердің міне қостық бірлігін.
«Мен» құралып «біз» боп шықпай күреске,
Мен тудырман бұқарама тірі күн.

Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,
Тазалаймыз жерді жонып жуаннан,
Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз еңбегіне қуанған.

Ағынды менің Ақсуым

Ағынды менің Ақсуым,
Ақырып әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын,
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын.
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұңыма.
Сүмиген сүңгі сұрша тал,
Шомылды таудың суына.
Таймандаған тайпақ ай,
Желегі ме, туы ма?
Шүйке шарбы бұлтты
Қалқалай қалды қылмия.
Аспанды, ай алтын құшағы,
Қусыра қайың құшады.
Қарамай қайың, қалайша
Қаужиған құшсын бұтаны?
Қайың мен сәуле сүйіссін,
Сүймегенді нысабы:
Итмұрыны меңіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.
Бауырлаған ағынның,
Сумаңдап суы сылдырайд;
Қудиған қоңыр құрақтың
Саусағы суда судырайд;
Суға төнген бір шыбық
Дірілдейд, суда сырылдайд;
Оған қонған бір шымшық
Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр