Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Идеясын Қытайдан алдым": Тұрсынғали Алагөзов танымал сусынды қалай шығарғанын айтты

Maxi шай-дың алғашқы бөтелкесі 2004 жылы шыққан. Салқын сусынды шығаратын компанияға келесі жылы 25 жыл толады. Компания иесі, белгілі кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов араға 6 жыл салып, өз жұмысына оралды. Бұған дейін Баян Мақсатқызы күйеуінің бизнесін рейдерлік жолмен күштеп тартып алғанын айтқан еді. Тұрсынғали Алагөзов Динара Сәтжанға сұхбат беріп, танымал сусынның қалай пайда болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айтуынша, салқын шай шығару идеясы Қытайда пайда болған.
"Менің екінші мамандығым қытай тілімен байланысты. Қытайға жиі баратынмын. Маған Қытайда ақжұпар мен бал қосылған көк шай (Ice tea) ұнайтын. Барлық қытай халқы ішетін. 

Қолжетімді, сол кезде шамамен бір бөтелкесі 40 тг тұратын. Ішсең, кете береді. Жазда салқын су ішкен өзіме ұнайтын. Қазақстанда неге ешкім Ice tea-дің өндірісімен айналыспайды деп ойлайтын едім. 

Қара шай Lipton-да болды, көк шай жоқ. Біз сол толқынның лебімен нарыққа кірейік деп шештік", – деп еске алды Тұрсынғали Алагөзов.

Кәсіпкер бұл іске қызыққанымен, алғашқыда білімі болмағанын жеткізді. Салқын шайды қалай өндіреді? Зауыттар қалай жұмыс істейді? Осы және өзге де сауалдардың жауабын табу мақсатында Алагөзов үш жыл бойы Қытай нарығы мен зауыттарын зерттеген. Өз есебі бойынша, бір жылда 100 рет ұшаққа отырған.

"Қытайдағы серіктес достарымнан осы құрылғыларды өндіретін кәсіпорын, зауыттарды тауып беруін сұрадым.



Ол 2001 жылы еді. Олар мені ақырындап таныстыра бастады. Өйткені мен Ice tea-дің қалай шығатынын түсінбейтін едім. Маркетинг, тауарды дамыту, қаттау, логистика және т.б. жұмыстарды қалай жүзеге асыратынымды білмедім. 

3 жыл зерттедім. Қытайға жиі-жиі барып, сусындардың түрлерін қарай бастадым. Сауда орнына барып, түрлі сусындарды алып, дәмін көрдім. Біздің тұтынушыға ұнайтын дәмді іздедім. Сол кезде лимон қосылған көк "Maxi шай" жасаймыз деп шештік. 2004 жылдың маусым айында алғашқы бөтелкесін шығардық", – дейді Алагөзов. 

Осыдан 6 жыл бұрын Алагөзов өзі негізін қалаған компаниядан айырылып қалған. Бұған дейін Баян Мақсатқызы күйеуінің бизнесін күшпен тартып алғандардың есімін атаған еді. Бүгінде Алагөзов жұмыс орнына қайта оралды. 

"Қайтып келгеніме қуаныштымын. Зауытқа келгенімде бойымды түрлі эмоциялар кернеді. Бұл белгілі бір себеппен туған балаңды 6 жыл көрмегенмен бірдей", –  дейді Алагөзов.

Талқылау