Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде жарты жыл ішінде екінші рет хлордың төгілуі халықты алаңдатып отыр

Фото: pixabay.com

"Өскемен титан-магний комбинатында" (ӨТМК) болған соңғы апат тұрғындардың наразылығын тудырды. Айтуларынша, химиялық қалдықтардың кесірінен ауа ластанып, балалар мен ересектерде тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және бүйрек аурулары пайда болған. Жұртшылық мәселені көтеріп, өтемақы төлеуді талап етті. 

Қазір бақылаушы органдар тексерісті бастап кетті. Алдымен олар шығындының тұрғындардың денсаулығына әсерін зерттемек. Егер мамандар мұндай байланыс барын растаса, ӨТМК мен оның Airbus, Boeing, General Electric, Pratt & Whitney сынды тұтынушылары, яғни жетекші әлемдік аэроғарыштық концерндер қиын жағдайда қалуы мүмкін. Себебі, соңғы жарты жылда орын алған хлордың екінші ағуы жақын маңдағы тұрғын аудандардың хал-ахуалын нашарлатты. Кейбірі дәрігерге жүгінсе, өзгелері үй жағдайында емделіп, интернет арқылы кәсіпорын өкілдеріне наразылықтарын білдіріп жатты. 

Мысалы, 2GIS сервисіндегі комбинат бетінде тұрғын Евгений Климко "Осы зауытты жауып тастаңдаршы. Кеше халықты хлормен улады, ал олар апат болмады дейді. Бүкіл басшылықты цехқа кіргізіп, іштен бекітіп қою керек!" деген пікір қалдырған. 

Сондай-ақ тұрғын Руслан Ринатов кәсіпорын менеджерлеріне: "Сендердің кесірінен бүгін тамағым ауырып тұр! Бәрің есіңнен айырылғансыңдар ма?" – деп сауал тастайды. Ал Настя Решетова: "Балаларымыз қатты ауырады, фильтр қойыңдаршы. Улап жатырсыздар, шаршадық" дейді. Осындай шағымдар Facebook, VK, Instagram, Youtube желілерін де басып қалды. Жеке парақшалардағы жазбалар мен 2GIS, Яндекс.Карта талқылауларына кәсіпорын тарапынан жауап берілмеген. 

Өткен жылдың соңында бұрынғы қала әкімі Ермек Көшербаев көшеге шыққанда өзі де жөтеле бастайтынын айтқан болатын. Ол мамандарға қаланың ауа құрамындағы жөтелтетін затты анықтауды тапсырған. Алайда жергілікті экологтардың айтуынша, әкім зауыт аумағына мүлде кіре алмаған, тек сырттан бақылап қалған. 

ӨТМК-да хлор шығындылары жиі болып тұрады. Ең ірілері 2021 және 2024 жылдары тіркелді. Ол кезде шекті рұқсат етілген концентрация 10 есе асып кеткен. 2023 жылдың қыркүйегіне дейін хлор буымен уланған азаматтар медициналық көмек ала алмады. Себебі Қазақстанның медициналық реестрінен тыныс жолдарының химиялық күйігі деген диагноз алынып тасталған еді. 

"Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін тыныс жолының күйігіне диагноздың болмауы емдеуде қиындықтар туғызды және өңірде жағдайдың жақсы екені жайлы жалған көрініс қалыптастырды", – деп түсіндіреді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі. Кейіннен бұл диагноз қайта енгізіліп, хлордан зардап шеккендерге ауруханаға жату және ем қабылдау мүмкіндігі берілді. Алайда қала тұрғындары бұрынғы әдетпен өз бетінше емделуді жалғастыруда.

"Өскеменнің әр тұрғыны, сәбиден бастап қариясына дейін жылына бір рет болса да тамағын хлор буымен күйдіріп алады деп ойлаймын. Қышу мен жөтел бір апта мазалайды да кетеді. Бірақ бұл жолы доза тым көп болған сияқты. Ешқандай спрей, сорғыш таблетка, шайқау көмектеспеді. Биыл Өскеменде тұрып жатқаныма 50 жыл толады, бірақ дәл осылай ауырып көрмеппін. Жағдайдың сәл жақсарғаны "Ингалипт" спрейін қолданғанда ғана байқалды. Бұл кезде мұрын мен жұтқыншақ түгел қабынып, мұрыннан су кетіп, басым ауыра түсті. Аздап болса да тұрақты түрде жақсарды. Үш аптадан соң ішіп-жей алатын болдым. Бір айдан кейін жағдайым қалыпқа келді. Бірақ бұрынғыдай толық айығып кеткен жоқ", - деп жазады, Қазақстан Социалистік партиясының сайтында пікір қалдырған Өскемен тұрғыны Денис Данилевский. 

Алайда жұтқыншақ күйігі уланудың бір мысалы ғана. 2023 жылы республикамыздың жетекші университеттері жүргізген зерттеу бойынша, Өскеменде жүрек-қан тамырлары және бүйрек аурулары көбейіп келеді. Негізгі себеп - ауыр металдардың организмде жиналуы. Сонымен қатар, Өскемен онкологиялық аурулар жиілігі бойынша Қазақстанда алдыңғы орындардың бірінде тұр. 

"Ауылдан келген қарияларды Өскеменге алып келсе, жарты жыл ішінде онкология процесі басталады", – деді "Өскемен live" арнасында жақында шыққан сұхбатта учаскелік терапевт Наталья Казаченко. Дәрігерлер өз тәжірибесінде бедеулік, әйелдер репродуктивті мүшелерінің ісігі, мастопатия, гормондық бұзылулар жиі кездесетінін айтады. Бұрын ЖРВИ секілді жеңіл өтетін газбен улану қазір жоғары температура, құсу, диарея секілді ауыр белгілермен өтетін болған. 

"Ауру өте ауыр өтеді. Ал бізге бұл диагнозды қоюға рұқсат жоқ. Ол үшін қандағы газ құрамын анықтайтын арнайы зертханалар растауы керек", – дейді дәрігер Наталья Казаченко.

Өскемендіктер зауыттың шығындылары үшін зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесін көтермек болған. Бірақ іс нәтижесіз қалды. Кәсіпорын шығарынды болғанын мойындамай, бақылаушы органдардың өкілдерін зауыт аумағына кіргізбей отыр. Тұрғындардың айтуынша, зауыттың бас директоры елдегі ықпалды клан өкілі болып табылады.
Қазақстанда экологиялық тұрғыдан қауіпті кәсіпорындарды мәжбүрлі түрде жабу тәжірибесі жоқ. Көбіне ірі айыппұлдармен шектеледі. Дегенмен, ӨТМК жаңа кешенді экологиялық рұқсат алуда қиындыққа тап болуы мүмкін. 2025 жылдың басынан бастап бұл құжатты алу талаптары күшейтілді. Ол тек ең озық экологиялық технологияларды қолданатын кәсіпорындарға ғана беріледі. 

Айта кету керек, Еуроодақ "жасыл" экономиканы белсенді дамытып жатыр. Онда парниктік газдар шығындылары шекті мөлшерден асып кеткен өнімдерге қосымша салық енгізілді. Қазір бұл талапты өзге де қауіпті заттарды атмосфераға тарататын өндірістерге қолдану ұсыныстары айтылуда. Егер қала құраушы кәсіпорын экологиялық саясатын жақсартпаса, Өскемен тұрғындары денсаулықтан ғана емес, жұмыстан да айырылуы мүмкін.

STAN.KZ
Жұма, 30 Мамыр, 2025 13:04
Талқылау