Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хасан Қасымбаев ісі: Судья журналистерге жәбірленушінің соттағы жауабын жариялауға тыйым салды

Хасан ҚасымбаевФото: видеодан скриншот

Талғарда "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот отырысының басында судья Айнагүл Түкібаева БАҚ-қа жәбірленушінің және осы іс бойынша басқа да қатысушылардың жауабын таратуға тыйым салды.

"Соңғы сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің айғақтары мен сот залынан түсірілген бейнежазба жарияланды. Осыған байланысты жәбірленушінің және процеске басқа да қатысушылардың айғақтарын жариялауға сот процесі аяқталғанға дейін шектеу қойылды. Бұл талап жәбірленушінің жауаптарын әлеуметтік желілерде тарату әлі сотта жауап бермеген куәлардың айғақтарының шынайылығы мен объективтілігіне әсер етпеуі үшін енгізілді", – деп түсіндірді бұл шешімін судья.

Осыдан кейін журналистерден сот залынан шығуды сұрап, сот отырысы трансляцияланып жатқан баспасөз орталығына жіберді.

Алайда БАҚ өкілдері мұндай шешімге наразылығын білдірді: айтуынша, оларға процеске қатысушылардың тізімі берілмеген, сондықтан оларға нақты кім сөйлеп тұрғанын анықтау қиынға соғады

Журналистер наразылығынан кейін соттың баспасөз қызметі қатысушылардың толық тізімін ұсынды. Құжатта сотталушы Хасан Қасымбаевты бес адвокат қорғап жатқаны көрсетілген.

Еске салсақ, 20 тамызда Талғар аудандық сотында төрт жыл бұрын спортшыны ұрлап, соққыға жықты деп айыпталып отырған Хасан Қасымбаевтың қылмыстық ісін қарау басталды. Хасан Қасымбаевтың есімі 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғардағы "Қамажай" дүкенінің жанында болған даулы оқиғадан кейін жиі атала бастады. 

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 12:57
Талқылау