"Тегін оқығаныма қатты өкінемін": Қазақстандық білім алушы грантты өтеуді талап ету жүйесін сынға алды
Әлеуметтік желіде Нұрғаным есімді оқырман 2023 жылы мемлекеттік білім грант мерзімін толық өтесе де, бір жылдан кейін қаржы орталығынан ескерту келгенін жазды. Егер ол грантты өтемеген жағдайда іс сотқа жіберіліп, одан айыппұл өндірілетінін хабарлаған. Осы тұста Stan.kz тілшісі заңгер Ержан Болатбектен қандай білім алушылар міндетті өтеуден босатылатынын сұрап көрді.
Фото: ortcom.kz
“Грантта оқығаныма қатты өкінемін”
TikTok желісінің қолданушысы Нұрғанымға қаржы орталығынан "жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған жағдайда сіз бюджет шығыстарын жұмыс істемеген уақытқа мөлшерлес өтеуіңіз керек" деген хабарлама келген.
"Шынымен, айтарға сөзім жоқ. Грантта оқығаныма қатты өкінемін. Менің грантты жұмыспен өтеу мерзімім 2023 жылы аяқталып қойған. Бірақ қаржы орталығы 1 жылдан кейін қайта ескертуді жөн көріпті. Мемлекеттік мекемелерде 2,5 жыл заңды түрде қызмет атқардым. Кейін талапқа сәйкес декрет демалысына шықтым. Жоқ, оларға бұл жеткіліксіз. Бұған жүйкемді ауыртып, барлық қадамымды хабарлап отыруым керек екен. Босанғанымды да айтуды ұмытып кетіппін. Енді кішкентай баламмен шапқылып жүріп, құжаттарды жинауым керек. Неліктен еGov-ты ойлап тапты, түсінбеймін...", – деп Нұрғаным ренішін айтты.
Нұрғанымның айтуынша, педагогика немесе медицина мамандығында грантта оқысаңыз, мiндеттi түрде құжаттардың бәрін өткізіп отыру қажет. Декретке шықсаңыз да, іс сотқа кетіп қалу ықтималдығы жоғары.
Грантты жұмыспен өтеуден кімдер босатылды?
Заңгер Ержан Болатбек грантты өтеуге педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша квота шегінде түскен ауыл жастары міндеттелетінін айтты.
“Педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына “Серпін” бағдарламасы бойынша құжат тапсырған ауыл жастары, бейіні докторлар бағдарламасы бойынша білім алған докторанттар, философия докторлары бағдарламасы бойынша оқыған докторанттар білім грантын өтеуге міндеттеледі”, – деді заңгер Ержан Болатбек.
Ал “Білім туралы” заңына сәйкес грантты жұмыспен өтеуден кімдер босатылды?
- жүкті немесе 3 жасқа дейінгі балалары бар;
- I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- Егер бітірушінің жұбайы/зайыбы тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос орын болмаса;
- Одан әрі грантқа резидентураға, магистратураға немесе докторантураға түскен жағдайда.
“Жас мамандар және философия докторлары (PhD) жұмыс орнын ауыстырған немесе бөлінген жұмыс орнына келмеген жағдайда өз бетінше жұмысқа орналасуға немесе Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге міндетті. Жұмыспен өтеу мерзімдері мен тәртібі заңда, ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығымен бекітілген маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан азаматарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларында регменттелген”, – деді заңгер.
Заңгер грантты өтемеу үшін жұмыс істеуден бас тартуға болатынын атап өтті.
“Бірақ ол үшін оқуыңызға бөлінген ақшаны мемлекетке өтеуіңіз керек. Университетке түсу кезінде келісімді мұқият оқып шығыңыз. Егер грантты әзірлеу шарттары сізге сәйкес келмесе, сіз келісімге қол қоюдан бас тарта аласыз және грантты алу құқығыңыз жойылады. Ал сіз оқуға ақылы негізде университетте түсе аласыз", – деп қосты заңгер.
Ол үшін сол оқу орнында гранттан бас тарту туралы өтініш жазу керек.
“Егер сіз білім алуды бастап кетсеңіз, бірақ келісімді оқымай, көшірмесін алмасаңыз немесе оны жоғалтсаңыз, әкімшілікке бірден хабарласыңыз. Келісімнің көшірмесін сұраңыз және шарттарды мұқият зерделеп, жұмысты өтеуге міндеттіcіз бе соны сұрап алыңыз. Бұл ережелер оқу кезінде грант иеленгендерге де қатысы бар. Студенттер бюджет қаражатын да жабуға міндетті. Бірақ гранттың ұзақтығы айтарлықтай қысқарады. Жалпы қызмет мерзімі – үш жыл. Мысалы, төрт жылдық оқудың (48 ай) ішінде 2,5 жыл, яғни 30 ай және 1,5 жыл грантта оқып, ал 18 айды ақылы оқыдыңыз. Сөйтіп 18-ді 48-ге бөліп, 36-ға көбейтіңіз. Енді тек 13,5 ай жұмыс істеу керек болады”, – деді заңгер.
Заңгердің айтуынша, егер білім алушы университеттен шығарылса, грант бойынша оқуға жұмсалған сомаға сәйкес мемлекетке ақшаны төлеуге міндеттеледі.
Бұдан бөлек заңгер оқуды бітіргеннен кейін грантты өтеу мерзіміне шағымдануға болатынын айтты. Маманның айтуынша, грантқа шағымдану үшін сотқа жүгіну керек. Сонымен қатар студент келісімге қол қоюға мәжбүр болғанын немесе сіз қол қойған нәрсені көрмегеніңізді дәлелдеу керек. Оқуды бітірген жылы 1 қыркүйектен кешіктірмей жұмысқа орналасып кетуіңіз қажет.
Заңгер келісімге қол қоюға мәжбүрлеу болмаса, грантты жүзеге асыру қазақстандықтардың құқығын бұзбайтынын түсіндірді.