“Гипноз жасады”: Ақтөбеде танымал емші адамдардан 406 млн теңгені алдап алды деп айыпталды
Фото: Stan.kz (жәбірленушілер)
Ақтөбелік емші келушілердің есепшотындағы ақшаны алып, несие де рәсімдеген. Ол “мешіт саламын, бауырыма көмектесемін, қызымның еміне ақша керек” деп жалпы сомасы 406 млн теңге шығын келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе қалалық сотында халық емшісі Сұлушаш Қазбаевға қатысты сот отырысы басталды. Іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы “Алаяқтық” бойынша тергелді. Емші дертіне шипа іздеп келгендерге миллиондап несие алғызды деп айыпталды. Ол ақшаны өз есепшотына аударып отырған.
Фото: Сұлушаш Қазбаева, instagram.com/kyzdarga_kenester_74
Сотталушы емделуге келген адамдарға мешіт салатынын, бауырларына көмек көрсететінін, қызының еміне шұғыл ақша керек екенін айтып, депозиттегі ақшаларын шешіп алып, несие де алғызған.
“2024 жылдың қаңтар айынан бастап, мүгедектігі бар қызымның емі үшін 6 ай бардық. Бір апта өткен соң алдандым. Менің атыма 2,5 млн теңге, жолдасымның атына 2 млн теңге кредит алдыртты. Қолына Құран кітап ұстап отырып алдады. Қазір үстемақы өсіп жатыр. Балам отырмайды, тұрмайды, сөйлемейді. “Аяғынан тұрғызып беремін” деді. Ешқандай нәтиже болмады.
Мүгедек баласы бар мені аямағанда басқаны қалай аяйды?! Жолдасым қара тізімге енбес үшін несиені төлеп жатыр. Біз саяжайда тұрамыз”, – деді жәбірленуші Гүлбану Науанова.
"Ол – әнші емес": Димаш Құдайберген туралы пікір айтқан емшінің сөзі қызу талқыға түсті
Бүгін сотқа отызға тарта жәбірленуші келді. Сотталушы кейбір жәбірленушіге 24 млн теңгеге дейін қарыз. Олар несие алғанда естерін білмегенін алға тартты.
“Менің басым қатты ауырып тұрды. Қазір қарызым 3 млн теңге. Қазір әкеліп таста деді. Такси келіп тұрды. Қалай алданғанымды білмеймін. Гипнозбен алдады. Мен тек жылай бастадым. Үйге келгенді бірдеңе дұрыс емес екенін түсіндім. Ол басында ай сайын төлеп тұрды. 1-2 айда жабамын деді. Кейін кешіктіре бастады. 2 жылдан асып кетті. Талабым – несиені алып тастасын”, – деді жәбірленуші Анар Ержанова.
Сотталушының қылмыстық әрекеті 2021 жылдан басталған. Ол Қазақстанның және дүниежүзінің құрметті ардагерлер кәсіби емшісі және шығыс халық медицина магистрі ретінде қазақы ем жүргізген. Қазбаева ем алуға келуші азаматтардың көп екенін ескеріп, қасақана, тікелей пайдаға кенелу ниетімен алаяқтық әрекетке барған.
“Ойын жүзеге асыру үшін өзіне ем алуға келген тұлғаларға қайтыс болған егіз інісінің атына Әйтеке би ауданы, Ақкөл ауылында мешіт саламын деген. Оған қоса кәмелет жасқа толмаған қызын диабет ауруына байланысты Түркияға апаруға, медициналық мекеме ашып, жеке кәсібін дамытуға ақша жетпей жатқанын сылтауратып, ем алуға келгендерден түрлі банктен несие алып беруін өтінген. Оларды несиені 2 айда толық жауап бере алатын мүмкіндігі бар екенін айтып, сендірген.
Қазақы ем жасауға арналған кабинетінде Р.З деген жәбірленуші жолдасымен ажырасатынын, депозиттегі ақшаны күйеуі иеленгісі келетінін айтқан. Сол кезде жәрбірленушіге “2,6 млн теңге шешіп, қолма-қол әкеліп бер, ақшаны сақтаймын” деген. Зарлықова сеніп, 2 млн 600 мың теңгені әкеліп берген.
Ол ақшаны өзінің жеке қажетіне жұмсағысы келетінін айтты. 1 айда қайтарамын деп жалған сөйлеп, сендірген. Жәбірленуші алданып тұрғанын білмей, халық емшісі болған соң қорқып, ақшасын берген. 2021 жылы Сұлушаш Қазыбаева кабинетінде Зарлықоваға несие алып беруді өтінген. Шұғыл ақша қажет деп, несиеге өтінім бергізген. 1,6 млн теңге несие рәсімдеп, С.Қазыбаеваға апарып берген”, – деді прокурор.
Іс 25 томнан тұрады. 90 жәбірленуші бар. Жалпы шығын көлемі – 406 млн теңге.
Сотталушы Сұлушаш Қазбаева 51 жаста. Тұрмыста, екі қызы бар. Сотта өзін 30 жылдан бері Қазақстанның халық емшісімін деп таныстырды.
Сотта істі болғаннан кейін анасының қайтыс болғанын айтып, үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Анасының басына топырақ салғысы келетінін жеткізіп, өтініш хат оқыды. Мемлекеттік айыпталушылар да, жәбірленушілер қарсылық білдірді.
Сот үзіліс жариялады.
Бұған дейін ақтөбелік емші 30 адамды 100 миллион теңгеге алдап кеткені туралы жазған едік.

"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы не білеміз
