Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден озды

Талғат Мұсабаев өмірден озды

Фото: rus.team

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген.

Ол Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын “Авиациялық радио жабдықтарын техникалық пайдалану” мамандығы бойынша, Алматыдағы армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамының аэроклубын, сондай-ақ Ақтөбе азаматтық авиациясының жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.

Еңбек жолы:

– 1974–1975 жылдары — азаматтық авиация әуе қатынасы Боралдай авиация отрядының радио жабдықтар бойынша кезекші инженері;
– 1975–1976 жылдары — Қазақстан Лениндік Коммунистік Жастар Одағының Октябрь аудандық комитетінің комсомол комитетінің босатылған хатшысы;
– 1976–1979 жылдары — Қазақстан азаматтық авиация басқармасының саяси-тәрбиелік жұмыс бөлімінің нұсқаушысы, аға нұсқаушысы;
– 1979–1987 жылдары — Алматы біріккен авиаотрядының 240-ұшқыштар отряды командирінің саяси-тәрбиелік жұмыс жөніндегі орынбасары;
– 1987–1990 жылдары — Боралдай біріккен авиаотрядының АН-2 ұшағының екінші ұшқышы, кейін командирі;
– Алматы біріккен авиаотрядының 1-ұшқыштар отрядының ТУ-134 ұшағының екінші ұшқышы;
– Қазақстанның ғарыштық бағдарламасы аясындағы экспедициялық сапарға дублерлік экипаждың зерттеуші-ғарышкері;
– “Мир” орбиталық кешеніне ұшу үшін кеңес-австриялық экипаж құрамындағы экспедициялық сапар бағдарламасы бойынша алғашқы зерттеуші-ғарышкер;
– “Союз ТМ-19” ғарыш кемесімен “Мир” орбиталық кешеніне ЭО-16 негізгі экспедиция экипажының бортинженері (алғашқы ғарыштық ұшу);
– 1994–2001 жылдары аралығында үш ғарыштық ұшуды бортинженер және ғарыш экипаждарының командирі ретінде жүзеге асырды;
– Ғарышқа шыққан тұңғыш қазақ;
– 2003–2005 жылдары — Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің армиялық авиациясы жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы;
– 2005–2007 жылдары — “Ангара” зымыран-тасығышы негізіндегі ғарыш-зымыран кешенімен айналысатын “Бәйтерек” Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны” АҚ бас директоры;
– 2007 жылы — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы;
– 2007–2014 жылдары — Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы;
– 2014–2016 жылдары — Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетінің төрағасы;
– 2016–2017 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі;
– 2017–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 04 Тамыз, 2025 08:14
Талқылау
`