Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде ойсырай ұтылды
Фото: kff.kz
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы құрамасы Беларусьпен жолдастық кездесуде ауыр жеңіліске ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл ойын "Борисов Арена" стадионында өтті. Ойында бас төреші қызметін ресейлік Сергей Карасев атқарды.
Жолдастық кездесу алаң иелерінің белсенділігімен басталды. Қазақстан құрамасы алғашқы таймда екі гол жіберіп алды. Бірінші голды Валерий Громыко Марат Быстров жіберген қателікті пайдаланып есеп ашты. Арада бірнеше минут өткен соң Валерий Бочеров алыстан бағыттаған доппен Станислав Покатилов қорғаған қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді.
Ойынның екінші жартысында Трофим Мельниченко қақпашы Покатилов пен қорғаушы Быстровтың тағы бір осал тұсын пайдаланып, үшінші голды соқты. Қазақстан сапынан бір ғана жауап голын 74-минутта Ғалымжан Кенжебек енгізсе, матч соңына таман Евгений Шикавка нәтижені түйіндеді — 4:1.
Осылайша ұлттық құрама жолдастық кездесуде ойсырай ұтылды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 9 маусым күні 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуі аясында "Астана Арена" стадионында Солтүстік Македонияға қарсы ойын өткізеді.
Бұған дейін, Қазақстан жастар құрамасы Еуро-2027 іріктеуін жеңіспен бастағанын хабарлаған едік. Сондай-ақ Өзбекстан құрамасы алғаш рет футболдан Әлем чемпионатына шыққанын да айта кетейік.