Футболдан Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды
Фото: Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметі
Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониядан жеңіліп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Топтық кезеңдегі 3-тур ойыны елордадағы "Астана Арена" стадионында өтті. Іріктеу аясындағы өз алаңында өткізген алғашқы матчта отандастарымыз жеңіліс тапты. Ойынның 33-минутында қазақстандық қорғаушы Нұрәлі Әліптің қателігінен допты тартып алған қарсыластар Александр Трайковскидің арқасында гол соқты.
Екінші таймда Қазақстан құрамасы есеп айырмасын өзгерту үшін барын салды. Ұлттық құрама жігіттері қанша тырысқанымен Солтүстік Македония қақпасынан саңылау таба алмады. Алаңға қосалқы құрамнан жартылай қорғаушы Александр Зуев пен шабуылшы Алияр Мұхаммед шыққанымен команда гол соға алмады. Қорытынды есеп 0:1, Қазақстан құрамасы өз алаңында өткізген бірінші ойында ұпай еншілей алмады.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметі
Осылайша 3 турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 3 ұпай бар. Бұған дейін ұлттық құрама жігіттері Уэльске (3:1) қарсы матчта жеңіліс тапса, Лихтенштейн командасын (2:0) жеңген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 3 ойыннан кейін J-тобында үшінші орында келеді.
Ұлттық құрама 2026 жылғы әлем чемпионаты аясындағы кезекті ойынын 9 қарашада Уэльске қарсы өткізеді. 4-турда футболшылар дәл осы "Астана Арена" стадионында ойнайтын болады.