Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Франция Мұхтар Әблязовті Қазақстанға экстрадициялай ма – Бас прокуратура жауап берді

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Франциямен келісім мен Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер Бас прокуратура өкілінен Мұхтар Әблязовті Франциядан Қазақстанға экстрадициялау мәселесі туралы сұрады.

"Әблязов бойынша Франция Республикасымен келісімге келген жоқпыз. Қазіргі уақытта біз өзара қарым-қатынас қағидаттары туралы француз шартын басшылыққа аламыз. Екі бағытта да міндеттеме жоқ. Біз өтінішімізді жібереміз, олар өзара принцип бойынша орындайды. Экстрадицияларға қатысты біз өзара келісімсіз сұрау жібере аламыз. Ал экстрадициялау немесе бермеу мәселесін Франция өзі қарастырады", – деп түсіндірді бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар Шындалиев Франциямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімде экстрадициялау қарастырылмағанын атап өтті.

"Бұл туралы депутаттар талқылау барысында айтты. Бұл шарт тапсыру және экстрадициялауды қарастырмайды. Ол заң көмегін көрсету, тергеу әрекеттерін жүргізу: жауап алу, тінту істеріне қатысты. Яғни бұл келісім адамдарды қылмыстық қудалау үшін беруді қарастырмайды.
Мұны тек Әблязовқа ғана қатысты деп айтпас едім. Біз 29 мемлекетпен осындай келісімге қол қойдық. Бұл әртүрлі елдер, соның ішінде еуропалық елдер де бар. Сол себепті бір адамға ғана қатысты әдейі жасап жатырмыз деп айтуға болмайды", – дейді Шындалиев.



Оның айтуынша, Франция прокуратурасы өзінің және қазақстандық материалдар негізінде қылмыстық іс қозғаған.

"Тергеу судьясы, өздеріңіз білетіндей, осы материалдарға сүйене отырып, Әблязовті сол кезде қамауға алу туралы шешім қабылдаған. Әблязов пен оның қорғаушылары тергеу сотының бұл шешімдеріне шағымданған. Сот қамауға алу туралы өтінішті жартылай, сөзбе-сөз бір сәтте қанағаттандырды. Бірақ Франция прокуратурасы бұл апелляциялық шешімге шағымданды, ол қазір қаралып жатыр. Әзірге жоғары органдар бұл туралы шешім қабылдаған жоқ", – деп түйіндеді бас прокурордың орынбасары.

Еске салайық, Қазақстан мен Франция қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келіскен. Екі ел бір-біріне тінту немесе мүлікті тәркілеу туралы өтініш жібере алады. Мәжілісте тиісті заң жобасы қаралған.

Бұған дейін Франция Мұхтар Әблязовке саяси баспана беруден бас тартқаны белгілі болған.

Қазақстанда Әблязов БТА банктен 7 миллиард долларға жуық ақша жымқырғаны үшін сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылған, ал 2018 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Талқылау