ForteBank алаяқтардан қорғанудың жаңа тәсілін ұсынды

Qamqor.kz сайтының деректері бойынша, Қазақстанда интернет алаяқтық фактілері жыл сайын көбейіп келеді. Бұл туралы ForteBank ұйымдастырған жыл сайынғы Антифрод конференцияда айтылды. Бұл туралы Stan.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ForteBank өкілдерінің айтуынша, мәселенің ауқымы оның технологиялық деңгейімен қатар өсіп келеді. Бүгінде банктер тұрақты шабуыл жағдайында жұмыс істейді. Ал қолданылатын алаяқтық схемалар барған сайын күрделеніп, қорғаныс жүйелеріне жылдам бейімделіп келеді.
Дәстүрлі антифрод жүйелер – алаяқтықтан қорғайтын бағдарламалық шешімдер және олар әдетте оқшауланып жұмыс істейді: әр банк өзіне бағытталған шабуылдарды ғана көре алады. Конференция қатысушыларының сөзінше, алаяқтар, керісінше, бірнеше ұйымға бір уақытта шабуыл жасап, жүйелер арасындағы алшақтықты пайдаланады.

Алаяқтық әрекеттерді анықтау бойынша техникалық мүмкіндіктердің шектеулігі әрі олардың схемаларының үнемі өзгеріп отыруы қауіп-қатер деңгейін айтарлықтай арттырып отыр. Сол себепті алаяқтықпен күрес жеке қорғаныс шеңберінде қалмауы керек. Ол қаржы секторының барлық қатысушыларының жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді деп санайды банк өкілдері.
"Банктер тұрақты және барған сайын технологиялық сипаттағы шабуыл жағдайында жұмыс істейді. Схемалар күрделене түсіп, жиі өзгеріп отырады. Сондықтан қаржы институтының тұрақтылығы оның қауіп-қатерлерді дер кезінде және проактивті түрде анықтап, алдын алу қабілетіне тікелей байланысты", – деді ForteBank АҚ басқарма мүшесі және басқарушы директоры Анна Пилипенко.
Дәл осы себепті ForteBank қаржы секторындағы қауіпсіздік логикасын түбегейлі өзгертетін антифрод жүйелерге арналған инновациялық тәсіл – федеративтік оқытуды (Federated Learning) енгізуді ұсынды.
Федеративтік оқыту дегеніміз не?
Федеративтік оқыту – бұл банктерге жасанды интеллект модельдерін жеке деректермен алмасусыз бірлесіп оқытуға мүмкіндік беретін технология. Басқаша айтқанда, банктер мен қаржы институттары өз клиенттерінің жеке немесе транзакциялық ақпаратын бөліспей-ақ, қорғау алгоритмдерін жетілдіре алады.

Федеративтік оқыту банктерге мына мүмкіндіктерді береді:
- деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзбай, антифрод модельдердің дәлдігін арттыруға;
- тәуелсіздігін сақтай отырып, алаяқтарға қарсы күш біріктіруге;
- нарықтағы басқа ойыншыларда пайда болған жаңа алаяқтық схемаларға жедел бейімделуге.
ForteBank пікірінше, мұндай тәсіл алаяқтықпен күресті жеке институттардың бәсекесінен ұжымдық қорғаныс жүйесіне айналдырып, оның тиімділігін айтарлықтай арттырады. Конференцияға қатысушылар бұл бастаманы оң бағалады.
"Антифрод шараларды күшейту контекстінде біз екі негізгі мақсат қойып отырмыз. Біріншісі – клиент қаражатын қорғау, екіншісі – банкті залалдан сақтау. Осы мақсатта біз өз модельдеріміз бен технологиялық инфрақұрылымымызды жетілдіріп, антифрод орталығымызға барлық негізгі өнімдер мен арналарды, жүйелерді біріктіріп жатырмыз", – деп атап өтті банк өкілдері.
Адам – алаяқтар үшін ең осал нысана
Алайда ForteBank өкілдерінің пікірінше, алаяқтармен технологиялар мен банк жүйесі ғана емес, сонымен қатар пайдаланушылардың өздері де күресуге тиіс. Себебі адам әлі де қауіпсіздік тізбегіндегі ең осал нысана болып қала береді.
Көп адам әлі күнге дейін жалған банк қосымшасын, жасанды сілтемені немесе фишингтік хабарламаны ажырата алмайды. Конференция сарапшыларының айтуынша, бүгінде алаяқтар жеке деректерді жиі пайдаланады, яғни нақты бір адамның ақпаратын тауып, соның әлсіз тұстарына дәл соққы жасайды.

Мұндай схемалар ерекше қауіпті, себебі оларды стандартты антифрод жүйелер дер кезінде анықтай алмайды. Сондықтан қазақстандықтардың цифрлық және қаржылық сауатын арттыру қажет.
"Қаржы секторының барлық қатысушылары: банктер, реттеушілер, телеком компаниялар клиенттерді қорғау үшін барынша шара қабылдағанына қарамастан, әлі де алаяқтардың тұзағына түсетін адамдар бар. Кей жағдайларда тіпті клиенттен “алаяқтардың ықпалына түскен жоқсыз ба?” деп сұрағанда ол “жоқ” деп жауап берген. Ал келесі күні келіп, ақшасын алаяқтарға аударып қойғанын айтқан", – деп бөлісті банк өкілдері.
Айта кетейік, конференция спикерлерінің бірі Виктория Тю өз компаниясына машиналық оқыту модельдерін енгізгеннен кейін, алаяқтық деңгейі шамамен 65% төмендегенін атап өтті. Бұл сценарийлік талдаудан (яғни жүйе алдын ала берілген үлгілерге ғана жауап беретіні) оқытылатын модельдерге көшу қаншалықты тиімді екенін нақты көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай шешімдерге көшу Қазақстанның қаржы секторы үшін қауіпсіздіктің жаңа архитектурасына айналуы мүмкін.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді