"Флорида" Стэнли Кубогы финалының үшінші матчында "Эдмонтонды" күйрете жеңді
Фото: "Эдмонтон Ойлерз" хоккей клубы
Стэнли Кубогының финалдық сериясындағы үшінші ойында "Флорида Пантерз" командасы "Эдмонтон Ойлерзді" 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, серияда 2:1 есебімен алға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу басталысымен-ақ, 56-секундта Брэд Маршанд есеп ашты. Бұл оның финалдағы төртінші және биылғы плей-оффтағы он бірінші шайбасы болды. Сондай-ақ Картер Вэрхэй, Сэм Беннетт, Сэм Рейнхарт, Аарон Экблад және Эван Родригес те шайба соғып, үш ойыншы голмен қатар нәтижелі пас та берді.
Қақпашы Сергей Бобровский бұл жолы да негізгі рөл атқарып, өз қақпасына бағытталған 32 соққыны қайтарды. "Эдмонтон" сапынан жалғыз шайбаны тәжірибелі ойыншы Кори Перри салды.
Ойын барысында қатаңдық та байқалды: екі команда жалпы 140 минуттық айып уақытына ие болды, оның ішінде үшінші кезеңде жаппай төбелес болды.
Жалпы есепте Флорида қатарынан екінші чемпиондыққа жақындап келеді, оларға енді екі жеңіс қана қажет. Айта кетейік, серияның келесі төртінші матчы бейсенбі күні Флорида штатының Санрайз қаласында өтеді.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
