Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Stopfake жобасының жетекшісі қазақстандықтарға фейк ақпаратқа ермеудің жолдарын түсіндірді

Қазақстандықтардың әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде соңғы уақытта фейк ақпараттың таралуы жиілеп кетті. Елді елең еткізген жалған ақпарат, әсіресе, 2020 жылы коронавирус инфекциясы тараған кезде кең белең алды. Сол жылы фейк ақпараттардың ақ қарасын ажырату үшін арнайы Stopfake жобасы құрылды. Аталған жобаның жетекшісі Айбек Күмісбеков фактчекерлердің фейк ақпаратпен қалай күресетінін және оны қалай анықтайтынын Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Фото: Айбек Күмісбеков

Жоба жетекшісі Айбек Күмісбековтың айтуынша, жобаның негізін қалаушы Александр Данилов 2020 жылы Қазақстанда таралған фейктерді теріске шығаратын ақпараттар жарияланатын сайт әзірлеген. Портал алғаш жұмысын бастаған бірінші айда басқа интернет-сайттарда теріске шығарылған аудармалар жариялана бастаған. Көп ұзамай аталған команда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратқан ақпаратқа фактчекинг жасай алатын кәсіпқой журналистер тобын құрған. Сондай-ақ тексеруді қажет ететін күмәнді хабарламаларды қабылдайтын Whatsapp бот іске қосылған. 

Жалған ақпаратты смартфон мен интернеті бар кез келген адам анықтай алады

Stopfake жобасының жетекшісі Айбек Күмісбековтың айтуынша, фейк ақпаратты анықтау кезінде пайдаланушыларға қаржылық зиян келтіруді ойлайтын фишингтік сілтемелер көптеп кездеседі. 

"Әдетте, фейк ақпаратта дереккөз көрсетілмейді. Сондай-ақ фейктер ұзақ уақытқа сақталады және тез тарайды. Олардың ішінде фишингтік сайттарға сілтемелер ұсынылатын, пайдаланушылардың жеке деректерін жинаумен байланысты қаржылық зиян келтіретін қауіптілері де бар. Әрине, біз барлық ақпаратты тексеріп, верификациялаймыз. Жұмысымызда деректердің, фото және видео материалдардың түпнұсқалығын тексеруге болатын арнайы ресурстарды қолданамыз. Ресми ақпарат алу үшін сауалдар жолдаймыз", – деді ол. 

Маманның айтуынша, күмәнді ақпараттарда тақырыптар мен есімдер қатемен жазылады. Сонымен қатар фейк ақпараттардың атаулары назар аударарлық, қорқынышты болады. 

"Көптеген фейктердің вирустық сипатқа ие екендігін, Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де таралатынын ескерсек, фактчекерлер оларды бұрын тексеріп, жоққа шығаруы ықтимал. Мұндай жағдайларда іздеу сайттарын пайдаланған жөн. Фейктің түпнұсқа тілінде түйінді сөздермен іздеу керек. Көп жағдайда фейк ақпараттың нақты дереккөзі болмайтынын және онда өте күмәнді ресурстарға сілтеме жасалатынын естен шығармаңыздар", – деді ол. 

Егер хабарламаларда танымал компаниялардың сайттарына сілтемелер жасалса, онда таралған ақпаратты ресми сайттарда және әлеуметтік желілердегі парақшаларда тексеріп, олардың қандай акциялар, ұтыс ойындарын өткізіп жатқанын анықтау керек дейді маман.

"Мұның бәрін смартфон мен интернеті бар кез келген адам жасай алады. Суреттер мен видеоларды верификациялаған кезде іздеу жүйелеріндегі сурет бойынша кері іздеуді пайдаланамыз. Қазіргі уақытта суреттің жасанды интеллектпен немесе адамның қолымен жасалғанын анықтай алатын сайттар бар", – деді жоба жетекшісі. 

Фейк екендігіне нақты дәлелдер тапқан кезде ғана жарияланады

Жоба жетекшісінің сөзінше, фейк хабарламаларда шынайы деректер пайдаланылып, нақты зерттеулерге сілтемелер берілуі мүмкін. Бірақ оның интерпретациясы жалған, манипулятивті болады немесе хабарлама тақырыбына қатысы болмауы ықтимал. 

"Мысалы, пайдаланушылар мессенджерлерде басқа жерде, басқа мемлекетте болған өрттің суретін немесе видеосын таратып, оны Қазақстанда болған оқиға деп ұсынады. Бұл жағдайда біз әдетте осындай видео, сурет, аудио хабарламалардың дереккөздерін анықтаймыз. Сондай-ақ ақпаратты тексеру үшін мемлекеттік органдарға сауал жолдап, фейкті теріске шығару туралы ақпаратқа ресми пікір қосамыз. Сонымен қатар тексергелі жатқан ақпаратты жарияламас бұрын фактчекерлер әр түрлі дереккөздерде тексереді. Жиналған ақпараттың дұрыстығына сенімді болғанда және оның фейк екендігіне дәлелдер тапқан кезде ғана оны жариялау туралы шешім қабылданады. Сайт редакциясы тәуелсіз, біз әрқашан фактілерді пікірлер мен болжамдардан бөліп қараймыз және оқырмандарға барынша толық ақпарат ұсынуға тырысамыз", – деді маман. 

Парақшаға салынған посттардың жиілігіне назар аудару керек

Жоба жетекшісі әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттарды анықтаудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Оның айтуынша, аккаунтта ең алдымен, профильдегі суретке назар аударған жөн. 

"Фейк аккаунттар көбіне желіден алынған кездейсоқ суреттерді қояды. Суреттің бірегейлігін Google-дағы "Суреттерді іздеу" функциясы арқылы тексеруге болады. Егер аккаунттағы суреттердің көбі үшінші тарап ресурстарынан немесе басқа пайдаланушылардың парақшаларынан табылса, онда бұл аккаунт фейк болып саналады", – деді ол.

Маманның айтуынша, фейк аккаунттарды танудың тағы бір жолы парақшаға салынған посттардың жиілігіне назар аудару.   

"Барынша көп адамды қамтығысы келетін блогерлер болмаса, адамдар жаңа суреттерді күніне немесе аптасына бірнеше рет жарияламайды. Фейк парақшаларда  суреттердің көбі бір күнде немесе бір-екі күн аралықпен шығарылады. Сондай-ақ профильдегі жеке ақпараттың қаншалықты қисынды екеніне  мән бергеніңіз жөн. Парақшаның ашылған күніне назар аударыңыз! Фейк аккаунттар көп тұрмайды, сондықтан пайдаланушының жақында тіркелгенін байқауға болады", – деді Айбек Күмісбеков. 

Сондай-ақ жоба жетекшісі Айбек Күмісбеков фейк ақпараттардан қорғанудың жолдарын ұсынды. 

  • сыни ойлауды дамыту керек;
  • күмәнді сайттарға кірмеу және ол жердегі сауалнамаларды толтырмау керек;
  • күмәнді сайттарда жеке деректер мен банк карталарының деректерін көрсетпеу; 
  • ақпаратқа күмәніңіз болса оны іздеу сайттары арқылы тексерген жөн.
Талқылау