Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Евровидение" байқауында украиналық топ жеңіске жетті

"Eurovision-2022" танымал халықаралық байқауда украиналық Kalush Orchestra тобы жеңімпаз болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ал байқаудың екінші және үшінші орындарын Ұлыбритания мен Испания өкілдері алды.

Италияның Турин қаласында өткен әлемдік байқауда украиндық топтың орындауындағы Stefania әні тыңдармандардың дауыс беру нәтижесі бойынша бірінші орын алды.

Солист Олег Псюк бұл әнді анасына, сондай-ақ балаларын соғыс қасіретінен қорғап жүрген барша әйелге арнады. 

 

Украина президенті Владимир Зеленский Kalush Orchestra тобын байқаудағы жеңісімен құттықтап, бір күні "Евровидение" азат болып, қайта құрылған Мариуполь қаласында өтеді деп уәде берді.

"Біздің ерлігіміз әлемді таңғалдырады, біздің музыка Еуропаны бағындырады! Біз бір күні "Евровидение" қатысушылары мен қонақтарын Украинаның Мариуполінде қабылдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Еркін, бейбіт, қайта құрылған қалады", –  деп жазды Украина президенті Instagram парақшасында. 

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен мен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да украиналықтарды жеңісімен құттықтады.

"Бұл – талантылықтың ғана емес, сонымен бірге сіздердің бостандық үшін күреске берік қолдауларыңыздың жарқын көрінісі!" – деп жазды Джонсон өзінің твиттерінде.

Украиналық команда жарыста топ жарды. Алайда Kalush Orchestra солисі Олег Псюк атап өткендей, команда соғыс басталғанға дейін букмекерлік кеңселер бойынша рейтингте 5-орында тұрған.

Көрермендердің дауыс беруі мен қазылар алқасының шешімі бойынша украиналықтар барлығы 631 ұпай жинап, жеңіске жетті.

466 ұпаймен 2-орынды Ұлыбритания өкілі иеленді. Әнші Сэм Райдер Space man ("Ғарыш адамы") әнімен өнер көрсетті. Құрылыстағы жұмысшыдан Tik Tok жұлдызына дейінгі жолды жүріп өткен әнші екі жыл қатарынан Евровидениеде соңғы орынға ие болған Ұлыбританияны (2019 және 2021 жылдары) жеңімпаздар үштігіне кіргізді.

3-орынды испаниялық әнші Шанель Slo Mo ("Баяу қозғалыс") әнімен алды. 

Швеция мен Сербия да бестікке кірді.

Ресей 25 ақпанда "Евровидение" байқауына қатысудан шеттетілді. Еуропалық хабар тарату одағының сайтындағы хабарламада бұл туралы шешім "Украинадағы бұрын-соңды болмаған дағдарыс" аясында қабылданғанын, соның салдарынан Ресейдің қатысуы "конкурстың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін" екені айтылды. 

 

Талқылау