Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропада 10 мыңнан аса қонақүй Booking.com компаниясына қарсы ұжымдық шағым түсірді

Фото Depositphotos Booking сайтына қарсы шықтыФото: Depositphotos.com

Еуропаның түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам қонақүй Booking.com компаниясына қарсы ұжымдық шағым түсірді. Олар компанияны 20 жыл бойы бәсекелестікке қарсы заңнаманы бұзды деп айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Economic Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шағым 2024 жылы Еуропалық сот Booking.com-ның "ең үздік баға" саясатын заңсыз деп танығаннан кейін берілген. Компания қонақүйлерге өз сайттарында немесе басқа онлайн платформаларда Booking-тен арзанырақ баға ұсынуға тыйым салған. Сот мұндай саясат бәсекелестікті тежейді және антимонополиялық заңдарды бұзады деген шешім шығарды.

Іс Нидерландыда қаралып жатыр, өйткені Booking.com-ның бас кеңсесі осы елде орналасқан. Сот процесін Hotel Claims Alliance ұйымы жүргізіп жатыр. Инициативаны Германияның IHA, Италияның Federalberghi және Еуропалық қонақүй альянсы Hotrec секілді 30-дан астам ұлттық қонақүй қауымдастығы қолдап отыр.

"Еуропалық қонақүй иелері көп жылдар бойы әділетсіз шарттар мен артық шығындарға төзуге мәжбүр болды. Цифрлық нарықтағы мұндай озбырлықтарға енді төзбейміз", – деді Hotrec президенті Александр Василикос.

Шағым 2004 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Қонақүй иелері Booking.com-ның бұрынғы баға ережелері оларға қонақтарды тікелей тартуға кедергі келтіргенін және бәсекелестікті шектегенін айтады. Іске қатысуға өтініш беру мерзімі шағымға қолдау білдіргендердің көп болуына байланысты 29 тамызға дейін ұзартылды.

Booking.com-мен қарым-қатынастағы шиеленіске қарамастан, көптеген қонақүй әлі де осы сервистің арқасында бронь жасалатынына тәуелді. Hotrec пен Швейцарияның Батыс қолданбалы ғылымдар және өнер университетінің бірлескен зерттеуі 2023 жылы Booking Holdings компаниясының Еуропадағы онлайн қонақүй брондау нарығының 71%-ын бақылауда ұстағанын көрсетті.


Астанада қала орталығындағы үш қабатты қонақүйден өрт шықты


Хостелге орналастырып, толыққанды тамақтандырмаған: 300-ге жуық қазақстандық БАӘ-ден елге орала алмай отыр


Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы қазақстандық туристер арасында Түркия, Мысыр, Вьетнам, Таиланд пен Мальдив аралдары сұранысқа ие бағыттар қатарында қалды. Алайда былтырмен салыстырғанда кейбір елдерге тур бағасы айтарлықтай өскен. Мәселен, Түркияда 10–15% қымбаттау байқалса, Мысырда бұл өсім 5-10%-ға тең. Туристік операторлар екі адамға арналған, таңғы асы қосылған, 4 жұлдызды қонақүй мен ұшақ билеттерін қамтитын тур бағаларын ұсынғанымен, нақты жылдар арасындағы баға айырмасын салыстыру қиындығын атап өтті.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 04 Тамыз, 2025 16:25
Талқылау
`