Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропа елдеріне қарағанда алты есе көп: Елімізде мектеп қабырғасында босанатын қыздар саны жаға ұстатты

Елімізде жыл сайын бесіктен белі шықпаған 1000 жасөспірім қыздың 25-і өмірге сәби әкеледі.  Нақтырақ айтсақ,  мектеп оқушыларының туу көрсеткіші  дамыған мемлекеттеріне қарағанда алты есе көп! Жуырда ғана Маңғыстау облысында 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың 160-тан астамының жүкті екені анықталды. 

Еуропа елдеріне қарағанда алты есе көп: Елімізде мектеп қабырғасында босанатын қыздар саны жаға ұстатты

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Ерте жүктілік бойынша Маңғыстау облысы көш басында. Мәселен, соңғы 9 айдың ішінде бұл өңірде 160 оқушының аяғы ауыр екені белгілі болған. Ойнап жүріп от басқандардың көбі Жаңаөзендегі қыздар екен. Бұл қалада 31 жасөпірім тіркеуде тұр. Екінші орында – Мұңайлы елді мекені, онда 27 оқушы қыз жүкті. Бейнеуде –16, Қарақияда –12, Ақтаудың өзіне 11 осындай оқиға тіркеліпті.

«Қазақстан бойынша 1000 жасөпірім қыздың  25-і босанды. Бұл тек жүктіліктің соңына  дейін жүріп босанғандар, ал түсік жасатқандары қаншама?» - дейді БҰҰ халықты қоныстандыру саласындағы қорының қазақстан бойынша атқарушы өкілі Райымбек Сейсемалиев.

Қынжылтатыны сол, мұндай статистика бізге қарағанда Еуропада үш есе аз. Мәселен Швецияда мың қыздың төртеуі, Швецарияда алтауы, Оңтүстік Кореяда екеуі ғана мектеп қабырғасында жүргенде бала көтеріп қалады екен. Ал біздің елде ерте жүктілік Еуропа елдеріне қарағанда алты есе көп!

«Әрине, акушер-гинекологтар түсіндіру жұмыстарын жақсы жүргізу керек. Репродуктив мектебі бар ғой, соны тағы күшейту керек. Отбасындағы тәрбие қалай өтсе, қыздарды, оны тәрбиелеу жұмысы жоғары деңгейде болу керек. Цифр алаңдатып отыр», - дейді мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Біріккен ұлттар ұйымының Халықты қоныстандыру саласындағы қоры жүргізген сауалнамасы да көңіл көншітпейді. Ондағы дерекке жүгінсек,  Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы 2400 жасөспірімнің 30 пайызы жыныстық қатынасқа жиі түсетінін айтқан. Оның тек 30 пайызы ғана арнайы контрацепция қолданатынын жеткізіпті.

«Мәселенің бәрі ата-анада. Олар балаларға жыныстық тәрбие жайлы айтуға ұялады.  Ал бала отбасында айтылмаған әңгімені интернет арқылы-ақ біліп алады емес пе?» - дейді Райымбек Сейсемалиев.

Ал депутат Жамбыл Ахметбековтың пікірінше,  керісінше мектеп қабырғасында жыныстық тәлім-тәрбие жайлы тым көп айтқанның салдарынан, балалар қызығушылық танытып шалыс басуда. Сондықтан жыныстық сауаттылықты мектеп оқушыларына жайып айта салу дұрыс емес.

«Қазіргі кезде жас балалардың төсек қатынасындағы сауаттылығын арттырамыз деп, бұл дәрістер кері әсерін беріп жатыр. Ол өзі құпия адаммен, еркекпен, өз-өзінен шешіледі. Дәріптеп, қайта-қайта айтудың нәтижесі деп саналады. Бұл секске дайындау мәселенің нәтижесі!» - дейді мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Мамандар оқушыларға жыныстық тәлім-тәрбиені айту-айтпау мәселесін талқылап уақыт создырып жатқанда, статистика саны азаяр емес.  Айта кетейік, соңғы бес жылда жасөспірім қыздар арасында 33 мың жүктілік фактісі тіркелген, оның 10 мыңы жасанды түсік жасатумен аяқталған. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана...

Талқылау