Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көшіп келген қазақтардың арасында жұмысқа тұрып үлгергендері бар": Ресейлік қазақ шекара асып, Қазақстанға не үшін қоныс аударғанын айтып берді

Ресей жартылай мобилизация туралы жарлығын жариялаған соң, Қазақстанға солтүстіктен ағылғандар саны орасан болды. Олардың ішінде этникалық қазақтардың қарасы көп. Көпшілігі тарихи отанына бірінші рет аяқ тірегендер. Елге үлкен үміт арқалап келген қандастарымыздың бірі – Данияр Имашев. Ол отбасын Ресейде қалдырып, Қазақстанға уақытша қоныс аударған. Данияр "Астрахан облысы қазақтары" облыстық қоғамдық ұйымының төрағасы. Ресейде бірқатар ағартушылық қызметпен айналысып келген ол мобилизация туралы естіген соң этникалық қазақтарға бар ресурстарын қолдана отырып, тұрмыстық мәселелерді шешуге жәрдемдесу үшін Қазақстанға келген. Stan.kz тілшісі оның Қазақстанға келудегі көздеген мақсаты жайлы сұрады.

Данияр Имашев, жеке архивтен

Данияр Имашев Ресейден Қазақстанға 25 қыркүйекте, жексенбі түнде қазақтар тобымен бірге келген.

“Қазақстанға толықтай қоныс аударған жоқпын. Толықтай көшіп келу турасында әлі де ойланудамын. Бір елден екінші елге көшу оңай емес. Себебі Отанымда жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік бар еді, өзіме таныс, әбден үйреніп қалған орта. Жалпы Ресейден қоныс аударып жатқан адамдардың себептері білгілі. Ол – елде жарияланған әскери мобилизация.  Менің төрт балам бар, мен бұл әскери мобилизацияның талаптарына сай келмеймін. Бірақ мен қоғам белсендісі ретінде жағдайдың бәрін көзбен көруге шешім қабылдап, келдім. Мен достарым, туыстарым, таныстарыммен бірге Атырауға келдім.

Бастапқыда оларға үйреншікті емес орта болды, тұратын үй табу қиын болды. Кейбіреуі тіпті қазақ тілін, елдің жай-күйін білмейді. Таныстарымның көмегімен оларға бастапқы уақытқа тегін тұратын үй таптық. Мен танитын қазақтардың көбі қазіргі таңда Атырауда тұрып жатыр. Жергілікті тұрғындар өз жағдайларына қарай оларға көмектесіп жатыр. Қазақтардың ішінде кейбірі жұмысқа орналасып үлгерді: автокөлік жуушы, шиномонтажшы, ал біреу дәрігер ретінде орналасты

"Отандастар" қоры өзінің ақпараттық қолдауымен көмек беріп жатыр. Қор қызметкерлері тәулік бойы 1404 сенім телефоны арқылы көмек береді. Сондай-ақ, барлық қандастардың атынан кәсіпкер Айдын Рахымбаевқа алғыс айтқым келеді. Оның құрылыс компаниясы әлі күнге дейін Қазақстанның әртүрлі қалаларында Ресейден келген қазақтар мен олардың отбасыларына арналған жатақханаларда бөлмелер ұсынуда”, – дейді ол.

Қазақтар шекарадан қалай өтіп, қайда қоныстанып жатыр?

“Бастапқыда досымыздың туысы бізге Атырау қаласындағы саяжайда баспана берді. Үй иесінің рұқсатымен осы үлкен үйде 5 қандас осы жерде бір апта тұрдық. Онда саяжайдың жұмыстарын, тазалық жұмыстарын жасадық. Бұл кісіге біздің айтар алғысымыз шексіз, өйткені, келушілерді өз мекен-жайы бойынша тіркеуге бәрі дайын бола бермейді.

Тіркелген соң біз ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) алдық, оның көмегімен банк картасын ашып, енді ресми түрде жұмысқа тұра аламыз.

Ресейден келушілер менен көмек сұрайды, бірақ біз өзіміз де көмекке мұқтажбыз. Маған ватцап арқылы қоңыраулар келіп түседі. Кейбір қазақтар көмек сұрайды, басқалары (әртүрлі қалалардан) көмек көрсетуге дайын. Осылайша мен оларды бір-бірімен байланыстырамын”, – дейді Данияр.

Мобилизация туралы ресейліктер не ойлайды?

“Мен Ресей Федерациясының азаматымын. Ол жерде болып жатқан мобилизация мәселесі де, майдан да Ресей үкіметінің құзыретінде. Адамдардың басқа елдерге қоныс аударып жатқанының өзі бұл шараға қатысуға құлқы жоқ екендігін көрсететін шығар. Ресейден шығарда кедендік бақылауда "Елден шығу мақсатыңыз?" деген сұраққа "Туыстарымызға бара жатырмыз" деп жауап бердік. "Әрине, әрине" деп кедендік бақылаудағы қызметкерлер әзілдейді. Қай елге барып тұру, қайда қоныс аудару әркімнің өз еркінде екенін олар түсінеді”, – дейді қандасымыз.

Мобилизацияға ілінбейтіндердер ішінде, әсіресе, ер адамдары үйде қалған әйел адамдар шетел асқан азаматтарды "қорқақ, қашқын", тіпті “сатқын” санап, табалап жатқандар да бар дейді Данияр.

Сөзінше, халықтың жаппай Ресейден Қазақстанға қоныс аударғаны көпшіліктің болып жатқан жағдайларға келіспейтіндігін көрсетсе керек. 

“Мобилизацияның бірінші кезеңі өткен сияқты. Екінші кезеңі басталып жатыр. Ауыл, облыс, қаладағы адамдарға хаттар келуде. Бұл шақыртуға бірі жауап қатса, бірі жауап бермейді. Кейбіреулер кетіп те қалды. Алайда, одан бас тарту әкімшілік (мүмкін қылмыстық) жауапкершілікке әкеледі. Бірінші толқынмен кеткендер әскери дайындықтан өтіп жатыр.

Адамдардың мобилизацияға қатысты көзқарастары әртүрлі. Қарсы шығып жатқандармен қоса, қолдайтындар да табылуда. Аз мөлшерде болса да, қолдап өз еркімен кетіп жатқандар да баршылық. 

Соғыстың басталған уақытынан бастап көп қазақтар майданға аттанды. Көбісі қаза тапты. Біздің Астрахань, ауданынан кетіп, қайта оралмаған қазақтардың саны көп. Мобилизация жарияланған уақытта алғашқылардың бірі болып Володар ауданы қазақтар кетті. Автобуспен кетіп жатты. Қазақтар жер үшін, идея үшін жан беруге дайын тұратын халық. Отан қорғау, құндылықтарды қорғау мәселесінде де қазақтар өте шынайы”, – дейді Данияр.



Этникалық қазақтар неге Қазақстанды таңдайды?

Ресейліктердің көбі Қазақстанға кетіп жатыр дейді қандасымыз. Олардың ішінде қазақтар көп. Олар бұл елдегі қазақтар өздеріне жағымыз қарамайды деген үмітпен келгендер дейді. Сөзінше, олар аталары айтқан "Әр қазақ – менің жалғызым" деген қазақ мақал-мәтелін есіне сақтағандықтан келген. 

“Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара үлкен. Қазір Ресейдің Астрахан, Волгоград, Орынбор, Саратов, Тюмень және басқа облыстарынан келген қазақтар шекарадан өтіп, Қазақстанға көшуде. Қазақстаннан басқа ресейліктер Грузия сияқты басқа елдерге кетуде.

Нақты қанша қазақ елден кеткені жайлы статистика әзірге жоқ. Белгілісі, өте көп. Неге қазақтар Қазақстанға кетуді шешті десек, әрбір ресейлік қазақ Қазақстанмен тарихи әрі этникалық байланысы бар екенін іштей сезеді. Ресейлік қазақтардың көбіне туыстары хабарласып шақырған. Сондықтан олар қазақтар өздеріне немқұрайлы қарамайды деген үмітпен келді”, – дейді Данияр Имашев.

Мобилизацияға қазақтар көп іліккені рас па?

Мобилизация басталды деген ақпарат жарияланған соң Ресейде әскерге қазақтарды көптеп алып кетіп жатыр деген видеолар тараған еді. Желіде жарияланған видеоларда тіпті тектері қазақ екенін білдіріп тұрған жас жігіттердің әскерге жақсы көңіл-күйде кетіп бара жатқанын көруге болады. Осы жайлы Даниярдан сұраған едік.

“Қазақстанға кеткендердің алғашқы легінде қазақтар көп болғаны ақиқат. Бірақ тек қазақтарды алып кетіп жатыр деп айта алмаймыз. Барлығын алып кетіп жатыр. Олардың ішінде таныстарым бар. Ресейдің, Кавказдың және Азияның түкпір-түкпірінен 35 жасқа толмаған ер адамдар жұмылдыруға жатады. Біз бұл саяси оқиғалардың дұрыс-бұрыстығын 100 пайыз бағалай алмаймыз. Бірақ сабырға келтіретін бір нәрсе – Алла Тағала өз әділдігімен бәрін өз орнына қояды”,  – дейді ол.

Қазақтардың арасында жұмысқа тұрып үлгергендер бар

“Бірі автокөлік жуу қызметіне тұрса, білімі барлар жақсы жерге кірді. Арамызда бірінші күннен бастап жекеменшік емханаға дәрігер болып жұмысқа тұрған қазақ бар. Өзім діни-ағартушылық, білім беру, мәдени немесе әлеуметтік салада жұмыс істегім келеді, себебі осы салада Ресейде қызмет еткенмін”, – дейді ол.

Қандасымыздан алдағы жоспарлары туралы сұрадық. Осында біршама уақыт қалып, елдің тыныс-тіршілігін зерттемек.

“Ресейде қазір балаларым, отбасым қалды. Оларды Қазақстанға алып келсем деген ойым бар. Алайда ол үшін бірінші осындағы өмірімді ретке келтіруім керек.

Қазір Атырауда қазақтарды жайғастырып, біршама көмек бердік. Атыраудың қонақжайлылығын көрдік. Түсінгенім бойынша, Атырау қазақтары тағы да келетін қандастарға көмектесуге дайын.

Келушілердің дені – басында көп қиындық көрген, материалдық жағдайы қиын, жергілікті тұрғындардың көмегіне зәру жандар. Қазақстанның Атырау, Орал, Қостанай, Павлодар және басқа да шекаралас облыстары қазір көрші елден келген қонақтарға толып жатыр. Сондықтан жергілікті тұрғындарға ауыртпалық түсірмеу үшін оңтүстік қалаларға қарай жылжып жатырмыз. Қазіргі уақытта бізді Алматы облысындағы үйіне ешқашан көріспеген бірақ бес жылдан аса уақыт араласып жүрген досым шақырды”, – дейді ол.

“Қазақтардың тарихи отанына келуі Қазақстан үшін пайдалы”

“Этникалық қазақтардың Қазақстанға келуге бұған дейін айтарлықтай мүмкіндігі болған жоқ. Олар елдің бар екенін білетін, бірақ көзбен көрген жоқ. Енді олар тарихи отанына оралуда. Сондай–ақ, білімі бар азаматтардың келгені Қазақстанның экономикалық әлеуетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Әрине, келген азаматтар елдің тәуелсіздігін, қызығушылығын, тілін құрметтеуі, үйренуі қажет екені айқын. Сондықтан блогерлер мен қоғам белсенділерінің шекараны жабу туралы бастама көтермесе екен деймін. Себебі бұл этникалық қазақтарға да кері әсерін тигізбек”, – дейді Данияр Имашев.

Айта кетейік, Қазақстанға келгеннен кейін Данияр мен оның командасы YouTube желісінде тарихи отанына келген қазақтардың қоныс аударуы мен тұрмысына арналған "Путь қандаса" арнасын ашқан.

Қазақстанның кез келген тұрғыны Даниярдың командасына мына телефон нөмірі бойынша WhatsApp-қа қоңырау шалу немесе жазу арқылы қолдау көрсете алады:

+79270758518

Талқылау