Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Есіл өзенін тиімді пайдалану елордадағы ауыз суға әсер етеді – Мамандар

Алдағы бірнеше жылдың ішінде Қазақстандағы су тапшылығы мәселесіне елдің барлық аймақтары тап болады. Қазірдің өзінде Астана қаласында ауыз суға қатысты проблемалар анық көрінуде. Stan.kz тілшісі мәселені зерттеп, оны шешу жолдарын мамандардан сұрап көрді.

Жақында өткен БҰҰ 78-сессиясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық елдерінде су ресурстары маңызды мәселелердің біріне айналып отырғанын айтты. Аймақтағы су жетіспеушілігі экономикалық және экологиялық проблемалардың бастамасы екенін атап өтті. Сол себепті аймақта су ресурстарын дұрыс пайдалану – осы елдер үшін ортақ шешімін іздейтін негізгі мәселелердің бірі.  

Дәл қазір уақытта Қазақстанда суға қатысты шешілмеген проблемалар көп. Маусым айында өткен Сенат отырысында спикер Мәулен Әшімбаев экономиканың қажеттіліктері мен халық санының өсуін ескере отырып, алдағы 20 жылда суды тұтыну 1,5 есе артатынын атап өтті.  Бұдан бөлек, осы отырыста Қазақстанға келетін су көлемі жыл сайын азайып келе жатқанын, ал келген судың 50%-ы ауыл шаруашылығына кететіні айтылды.

Қазақстанда қазірдің өзінде ауыз су тапшылығы көрініп отыр.  Биыл көктемнен бастап, елорда тұрғындарын ауыз судың аздығына шағымданып келеді. Мәселені шешу үшін Экология және ресурстар министрлігі "Астана су арнасының" қорын толықтыру туралы жоба ұсынған. Жобаға сәйкес, Сәтбаев атындағы арнадан бастап, Есіл өзенінің арнасы толық тазартылып, одан Астана су арнасы сорғы станциясына дейін қоршау салып, су құбырын реттеу қажет. Жоба құрылысы 2025 жылға дейін созылады деп күтілуде. Бұл жоба су аз болған жылдарда Сәтбаев арнасынан Астана арнасына 62,3 текше метр су беруге ықпал етеді.

Қазіргі таңда суға қатысты мәселені ірі қалалардан гөрі ауыл шаруашылығындағы фермерлер көбірек сезінуде. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ауыл шаруашылығына қолданылатын су қоры шекара арқылы келеді. Соңғы жылдары егін шаруашылығымен көп айналысатын Есіл өзені бойында орналасқан солтүстік облыстарда су тапшылығы сезілуде. "Трансшекаралық су ресурстарын басқару" семинар-конференциясында мамандар осы мәселенің шешімін іздеп, арнайы жоба ұсынды.  

Орталық Азиядағы Экологиялық орталықтың бас маманы Фируз Иброхимов бірінші кезекте Есіл өзені арнасын тазартып, оны тұнық қалпына келтіріп, су ресурсын дұрыс пайдалануға гидротехника орнатып, оны қолдануды сол аумақтағы ауыл тұрғындарына үйрету басталатынын атап өтті.

"Қазақстандағы Есіл өзені бассейніндегі cу ресурстарын біріге отырып басқару жобасы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып отыр. Өзен бассейнінде орналасқан ауылшаруашылық және жайылымдық жерлердің жағдайы жақсартады. Осы облыстарда тұратын 12 мыңнан астам адам су ресурстарын басқарудың кешенді тәсілін енгізуден тікелей пайда көреді. Ал 53 мыңнан астам адам жоба нәтижесінің оң әсерін сезінеді. Есіл өзені бассейнінің су ресурстарын сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі трансшекаралық диагностикалық талдау және стратегиялық іс-әрекет жоспары әзірленетін болады", - дейді Орталық Азиядағы Экологиялық орталықтың бас маманы Фируз Иброхимов.

Мамандар Есіл өзені бойында гидротехникалық инфрақұрылым құру тек ауыл шаруашылығына ғана емес, елордадағы су тапшылығына да өз әсерін тигізеді деп күтіп отыр.

Сөздерінше, бұл жоба аясында осы кезге дейін Қазақстанның оңтүстік облыстарында су ресурстарын тиімді қолдану жүйесі жолға қойылған. Қазақстанда ғана емес, Тәжікстан, Қырғызстан аумағында да гидротехникалық инфрақұрылым құрылып, фермерлерге табиғатты қорғап қана қоймай, пайданы арттыру жолдары көрсетілген. Жоба жұмысы қорытындысы бойынша 10 000-нан астам адамның экономикалық жағдайы жақсарып, 180 000-нан астам адамға жанама түрде жағымды әсері болған.

Ақниет Аманжолқызы
Сәрсенбі, 04 Қазан, 2023 11:32
Талқылау