Ернар Айдар: Намаз оқыса да, ата-анасын сыйламайтын жастар бар
Ернар Айдар қазіргі намаз оқитын жастардың да ата-анасын сыйламайтынын сынады. Мұнымен қатар, әнші соңғы жаңалықтары туралы айтып берді.
Фото: instagram.com/ernar_aidar_official
Бұл туралы Қазақстан арнасының “Таңшолпан” бағдарламасында айтылды.
– Өзіңізді Бекболат ағамыздың концертінде көрдік. Барып өзіңізге рухани азық алып қайтқан шығарсыз?
– Жалпы сол Бекболат ағамыздың кешіне арнайы келдім. Мен ол кісінің репертуарынан азын-аулақ хабардармын. Себебі, кішкентайымнан тыңдап өстім. Болмасаң да ұқсап бақ дейді ғой. Халыққа көрсетпесем де, өзімше айнаның алдында Бекболат болып алатыным бар. Сол себепті кеше келіп, әндерін тыңдап, құлықтың құрышы қанып, кереметтей риза болдым.
– Сіз елімізге белгілі болып үлгерген жас әншілердің бірісіз. Халық сізді талапты да, талантты дарын иесі деп біледі. Сіз бірінші ән жазғызасыз ба әлде сөз бе?
– Ол әртүрлі болады. Ақын мен сазгердің шабытына байланысты. Кейде ән бірінші жазылып, артынша сөз жазылады. Кейде керісінше. Бірақ менің репертуарымда көбінесе бірінші ән жазылған. Екі-үш әнімде ғана сөзге ән жазылған болатын.
– 2017 жыл басталып та кетті. Қандай шығармашылық жоспарлар бар?
– 2016 жылдың аяқ жағына қарай басқа жұмыстармен айналыстым. Ол – жалпы отбасылық жұмыстар. Ағамыз бен ата-анамыздың айтқанын істедім. Ал өнерге келсем, 2017 жылға арнап көптеген жаңа әндер дайындадық. Ән кештері де белгіленіп жатыр. Барлық облыстарға концерт бермекшімін. Сол жерде су жаңа әндер орындалады. Жақында бейнебаян түсірдік. Соны халыққа ұсынатын боламын.
– Әріптестеріңіз көбінесе әлеуметтік тақырыптарға назар аударып жатыр. Жетім балалардың тағдыры деген секілді… Жалпы әлсіз топтардың мәселесін көтеріп, әніне арқау етіп жатыр. Мұндай ой сізде бар ма?
– Менде “Ата-анаңды сыйла” деген ән бар. Оны мәселе етіп көтергім келмейді. Қоғамнан көрген дүниені көңілге түйіп, кейде соны әніммен шығарғым келеді. Әрине, көпшілікке топырақ шашпайсың ғой. Бірақ намазын оқып, ата-анасын сыйламай жүрген жігіттер бар. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Осы “Ата-анаңды сыйла” деген әнді түбіне дейін, шыңына дейін жеткізсем деген іштей ойым бар. Шығармашылық адамы ойын жинақтаған жағдайда ғана кітап жазады деп айтып жатады ғой. Ойыңда ешнәрсе болмаса, қолыңнан еш іс келмейді. Қазір де сол тақырып жайлы ойланып жүрмін.
Жіберіп алмаңыз:
Қорғаушы: Меруерт Түсіпбаева кешірім сұрамаса, 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қытайлардың Димаш туралы түсірген қалжың видеосы әлемге тарап кетті (видео)
Роза Әлқожа жылқы қағып жол апатына түскен (фото)
Баян Мақсатқызы сүйіктісінің ұсынысын қабыл алғанын жариялады