Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Осынша құнды жәдігер екенін түсінбеппіз": Алматы облысында жұмысшылар үй ауласынан ежелгі балбалтас мүсінін тауып алды

Алматы облысында жұмысшылар су құбырын тазарту кезінде үй ауласынан тарихи ескерткіш адам беті бейнеленген балбалтас мүсінін тауып алған. Археологтар табылған олжаны зерттеу үстінде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Алматы” арнасына сілтеме жасап.

Мүсін табылған жердің иесі Оразбаевтар отбасы бұл ескерткіштің өз ата-бабаларынан қалғанын айтады. 

Шилібастау ауылының тұрғыны Роза Шұлғаубаева бұл тастарды көне заманнан бері сақтап қалған атасы туралы тілге тиек етті.

“Біздің Еламан атты атамыз ауылда белді адам болған. Бұл ескерткіштерді сол атамыз сақтаған. Балбалтастарға ата-бабаларымыз ат байлаған, құрт кептірген. Кеңес Одағы кезінде оның осынша құнды жәдігер екенін түсінбеппіз ",- деді Роза Шұлғаубаева.

Балбалтастың биіктігі шамамен бір метр, ені 70-80 сантиметр. Таста ер адам бейнеленген. Жергілікті тұрғындар бұл тастар туралы көп естіген. Ал осы аймақтың қожайындары біреуінде әйел белгіленген тағы екі балбалтастың болуы мүмкін екенін айтады. 



“Бұл тастар біздің бала кезімізде болды. Білместікпен үстіне ат қылып мініп, доп тепкенде қақпа етіп ойнайтынбыз. Бұл тастар екеу болған”,- деді тұрғын Нұрболат Байбосынов.

Көне олжа туралы хабар жергілікті әкімшілікке жетіп, "Таңбалы" тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің мамандары шақыртылды. Археологтар бұл олжаның көне түркі дәуіріне тиесілі нағыз балбалтас екенін растауда.

Көне заманнан бері балбалтастар өлі адамдар бейітіне ерекше белгі ретінде орнатылған. Қазір олардың көпшілігі жойылып кеткен.

Археологтар зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін тасты музей қарамағына алмақшы. Алайда мүсін табылған жердің иелері ескерткішті ата-бабаларының басына қойып, құрмет ескерткішін орнатуға өздеріне қалдырғысы келеді.

Талқылау