Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның оңтүстігінде үңгірден 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның ізі табылды

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Боралдай тауында орналасқан Тұттыбұлақ үңгірінен ғалымдар осыдан 48 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның ізін тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме беріп.

"Тюбинген университетінің ғалымдарымен бірге Тұттыбұлақ үңгірін зерттеп жатырмыз. Оның ішінде Испания, Америка, Греция, Румыния және біздің республиканың өкілдері бар. Біз біршама уақыт жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы бұл жерде тарихи жәдігерлер мен күл қалдықтары табылған еді. Үңгірдің ішінде, ошақ болған жерде. Осы күлді зерттей отырып, зертхана бұл жерде адамдардың 48 мың жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдеді. Біз әлі күнге дейін қазуды жалғастырудамыз", – деді ҚР Ұлттық академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағанбетов. 

2017 жылы басталған қазба жұмыстары нәтижесінде мұнда аю мен адам тістері, қырғыш, жоңқалар, өзек тасы сияқты түрлі заттар табылды. Экспонаттардың арасында мыңдаған жыл бойы жер астында жатқан күл қалдықтары бар.

"Экспедиция төрт тас құрал тапты. Олардың әрқайсысы бөлек шикізаттан жасалған. Кварц Тұттыбұлақ өзенінен табылды. Бұл үңгірдің маңында мұндай шикізат көп емес. Соған қарамастан адамдар өздеріне қажетті материалды тапты, осы кварцты таңдап, одан тастан құралдар жасалған. Осы жағында ұсақ тақтайшалар қағылды. Ал екінші жағында тағы бір платформа болды", – дейді зерттеуші-археолог Абай Нәден.

Зерттеушілердің айтуынша, Тұттыбұлақ – Қазақстандағы осы сияқты жәдігерлер табылған алғашқы үңгір. Бұл әлемдік сенсация – қазақ ғалымдарының үлкен жетістігі. Табылған жәдігерлер бір жылға жуық зерттеліпті. Енді оларға қанша жыл болғанын ж әне нақты дәуірін анықтау қажет.

"Табылған жәдігерлер, егер олар тіс болса, зертханада зерттеледі, оған бір жылдай уақыт кетеді. Өйткені олжаның қай дәуірге жататынын анықтау керек. Ал мұны археологтар емес, палеоантропологтар жасайды. Олар табылған заттардың кімге тиесілі екенін анықтайды, хомосапиенс пе, неандерталь ма", – деп түсіндірді академик Таймағанбетов.

Талқылау