Қорқыт ата Әзірбайжанда шығарылатын комикс кейіпкеріне айналады
Бакуде тұратын жас өнерпаздар дастандардың арқауына негізделген тұңғыш ұлттық комиксті басып шығармақ.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Суреттермен бейнеленетін хикая жас ұрпаққа арналған. Авторлар балаларға халық батырлары мен тарихи тұлғаларын осындай кескіндер арқылы таныстырмақ. Алғашқы комикстің басты кейіпкері – әлсіздерді қорғап, зұлымдықпен күрескен ұлт қаһарманы Кероғлы. Авторлар оның өмірі туралы тарихи деректерді мұқият зерттеп, жобаны жүзеге асыру үшін бір жылдай уақыт жұмсаған.
«Біз комикстердегі шетелдік кейіпкерлердің бәрін түгел дерлік білеміз. Олар бүкіл әлемге танымал. Сондықтан біз де өз батырларымызды жұртқа кеңінен танытуымыз керек деп шештік. «Кероғлы» дастанының жазбаша нұсқасы алғаш рет XIX ғасырда шыққан. Ол туралы комикстің бірінші бөлімі дайын. Қазір жалғасын әзірлеп жатырмыз», – дейді жоба авторы Анар Акберли.
Болашақта шығатын комикстерде Бабек, Шах Исмаил Хатаи мен өзге де қаһарамандар мен тарихи тұлғаларды көруге болады. Авторлар бүкіл түркітілдес халықтарға ортақ Қорқыт ата дастанының негізінде жеке бөлімдер шығаруды да көздеп отыр. Сол арқылы жас ұрпақ түркітілдес халықтардың тарихи шежіресін біле алады. Яғни, бұл жоба тек Әзербайжанға ғана емес, бүкіл түрік дүниесіне қызық болады деген үміт бар.
«Суреттерді бірге дайындап, оны цифрлық құралдармен саламыз. Негізгі аудиториямыз балалалар болғандықтан, суреттердің түсі мен өңіне ерекше көңіл бөлеміз. Осы жұмысымызға қатысты айтылған алғашқы пікірлер жақсы болғанына кәдімгідей қуанып қалдық», – деді суретші Зейнаб Годжаева.
Авторлар осы комикстерді ағылшын мен орыс тілдерінде де басып шығармақ. Ал болашақта соның негізінде анимация мен компьютерлік ойынды жасауды көздеп отыр. 3D принтерде шығарылған ойыншықтар да бар. Жақын арада олар саудаға түсе бастайды.
Оқи отырыңыз:
13 жастағы бала Қазақстандағы ең үздік бүркітші атанды
ШҚО-да түлектердің бірі мектебіне 1 миллион теңгеге жабдықтар алып берді
300 әлде 1000? Ғалымдар Семей қаласының жасы жөнінде дауласып қалды