Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді бұл ар-намыс мәселесі!": Исмағұлов Қазақстанның туын мазақ еткен қарсыласына жауап қайтарды

UFC спортшысы Дамир Исмағұлов Қазақстанның туын мазақ еткен қарсыласына жауап қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Этникалық қазақ Дамир Исмағұлов пен бразилиялық Рафаэль Алвес арасындағы жекпе-жек 16 мамырда Хьюстонда (Техас, АҚШ) өтеді. 

Кездесу қарсаңында 29 жастағы Рафаэль Алвес Instagram парақшасында егеуқұйрықтарды өлтірген сәтінен видео жариялап, Қазақстан туы бейнеленген эмодзилерді қолданды.

Бұл роликке Исмағұлов реакция білдірді.

"Енді бұл ар-намыс мәселесі! Саған шыдамды болуды тілеймін, өйткені сені 3 раунд бойы соққының астына аламын - бұл өте ауыр болады! @sayatus бұл жігіттің енді менің олжам екенін бәріне түсіндіріңіз! Қазақ халқының қандай ұлы тарихы бар екенін әлі білмейсің", - деп жазды Исмағұлов.

Айта кетейік, 30 жастағы Исмағұлов 2019 жылдың тамыз айынан бастап жарақат салдарынан октагонға шықпады. Ол соңғы жекпе-жегін бразилиялық Тиаго Мойзеске қарсы өткізді. Қытайда өткен турнирде Исмағұлов төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.

Жақында спортшы UFС-мен жаңа келісімшартқа қол қойды.

Дамир Исмағұлов - этникалық қазақ, Ресей азаматы. Спортшы октагонға екі елдің жалауларымен шығады.

Гүлдана Қазтай
Жұма, 23 Сәуір, 2021 13:59
Талқылау