"Енді аудан мен қала әкімдерін халық сайлайды": Орталық сайлау комиссиясының төрағасы түсіндірді
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау тәртібін өзгерту туралы президент жолдауына қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мемлекет басшысы өз жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауды бастайтынымызды айтты. Бұл – мүлдем жаңа сайлау. Дегенмен бұл ретте мен 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап Қазақстанда апта сайын ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау өтіп келе жатқанын еске саламын”, – деді Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, бүгінде ауыл әкімдері корпусының төрттен үші халықтың тікелей сайлауы арқылы қызметке келеді.
“Сондықтан бұл бағытта сайлау комиссияларының да, сайлаушылардың да және осы процеске қатысушы өзге де тұлғалардың тәжірибесі бар. Бұл сайлаудың дәрежесі басқа, әкім ретінде сайланғандардың жауапкершілігі жоғары. Оған коммуникация мен сайлаушылар санының көп болуы да әсер етеді”, – деді Нұрлан Әбдіров.