Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірде-бір дәретхана жоқ": Мәжіліс депутаты Көлсай мәселесін көтерді

Бастапқыда ауыл шаруашылық мақсатқа, шабындық пен жайылымға деп берілген ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер жекенің қолына өтіп кеткен. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Данияр Қасқарауов осы мәселені көтерді. Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото:  ҚР Парламент мәжілісі / видеодан скриншот

Депутат Көлсай көліне шектеулер енгізу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұл маңға кәсіпкерлер қонақүй, бассейн, дәмхана салып жатыр. Мәлімет бойынша бірде біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылуда. Ал, Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз екенін айтты.

“Ресми мәлімет бойынша соңғы бір жарым жылда "Көлсай" көлдеріне жарты миллион турист келіпті. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылуда. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады”,-деді депутат Қасқарауов.  

Ал, Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де Ұлттық парк деген мәртебесі бар. 

“Сондықтан Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз.  Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық.  Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар”,- деп атап өтті ол.  

Депутат арнайы комиссия құрылып соларға кешенді тексеру жүргізу керектігін айтты. Осы ретте жалғыз Көлсай емес барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жерлердің заңдылығын тексеріп  мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санайды.
 

 

Талқылау