Қазақстан билігінің порносайттарды бұғаттағаны дұрыс болды ма?
OnlyFans порнографиялық сайтына 170 миллиондай адам тіркелген. Олар адамдардың эротикалық фото-видеоларын тамашалау үшін ай сайын ақша төлейді. Соның арқасында контент авторлары 10-20 миллиард теңге аралығында пайда тауып отыр. Дегенмен биыл еліміздің мәдениет министрлігі OnlyFans-ты бұғаттап тастады. Министрлік не үшін оған тыйым салды және 18+ материалдарының пайда көзіне айналғаны не үшін қауіпті? Желі қолданушыларының бұл тыйымға қатысты ойы қандай? Stan.kz тілшісі материалынан оқыңыз.
Stan.kz иллюстрациясы
OnlyFans – ақылы түрде тіркелуді қажет ететін платформа. Мұнда әдетте қолданушылар интимді фотолар мен порнографиялық сипаттағы видеоларын жүктейді, сол арқылы ақша табады. Ал басқа қолданушылар оларды көру үшін ақылы түрде тіркелуге тиіс. Қазір платформада 170 миллиондай қолданушы бар екен. Оның 1,2 миллионы – авторлар, яғни контент жасаушылар. Қалғандары сол контентті тұтынып, эротикалық фото-видео үшін ақша төлейді. Әр 24 сағат сайын сайтқа 500 мыңға жуық адам тіркеледі. Onlyfans-тағы үздік контент жасаушылар айына 100 мың доллар табады, жалпы табыс 3 миллиард доллардан асады.
OnlyFans 2016 жылы пайда болғанымен, пандемия кезінде 2020 жылдан бастап танымал бола бастады. Мұны карантин кезінде адамдардың жұмыс орнынан айырылуымен, көңіл көтеру орындары жабылып, бәрі виртуалды әлемге көшуімен байланыстырады.
2022 жылы Ресей бұл платформаға тыйым салып, бұғаттап тастады. 2025 жылы 1 сәуірде Қазақстанда да бұл сайт бұғатталды.
Не үшін мұндай контенттерді бұғаттау қажет?
Феминистік мәселелерді зерттеуші, желі белсендісі Карина Аманкулова OnlyFans сайтының Қазақстанда бұғатталғанын дұрыс деп санайды. Ол порно-индустрия түрлі деңгейде адамдардың психикасын бұзатынын айтады. Ол 18+ контенттер адамды басқару, кемсіту үшін қолданылатынын түсіндірді.
“Халықаралық статистика бойынша ұлдар 13 жастан, қыздар 17 жастан бастап порно-видеолар көре бастайды. Білетіндеріңіздей, порнографиялық сайттарда өте жиіркенішті видеолар болады, БДСМ-қатынас, зорлау, инцест (туыс адаммен жыныстық қатынас), педофилия, т.б. қалыпты нәрсе сияқты көрсетіледі, ондай жыныстық қатынастарды романтизациялайды”, – деді белсенді.
18+ индустрия патриархаттың жемісі және әйелдерді қорлауға бағытталған
“Порнографиялық контентте әйел “орындаушы”, ер адам “сексуалды қанағаттандырушы” ретінде көрсетіледі. Яғни оның бәрі ер адамға ұнау үшін жасалады. Порно-индустрия әйелдерге көбірек зиян әкеледі, өйткені ол салада көбіне әйелдер қызмет етеді. Тіпті порно-актерлардан гөрі порно-актрисаларға көп мән беріледі”, – деді феминист.
Сөзінше, 18+ индустрияға бір рет аяқ басқан қыз өмір бақи бопсалау мен сынның құрбанына айналады. Тіпті ол саладан кетіп қалса да, бұл жолы таңба болып қалатынын айтады.
“OnlyFans-ты өте танымал етіп отырғандар – тұтынушылар. Ал көп жағдайда оны ерлер қолданады. OnlyFans-тың негізін қалаушы – ер адам, франшизасын сатып алып жатқандар да ерлер. Нью-Йоркте тіпті осы платформа жарнамасы көшедегі билбордта тұр. Қалыпты нәрсе ретінде қарайды. Бұл – неопатриархаттың көрінісі”, – деді Аманкулова.
Ол 18+ индустрия саласына барып, порнографиялық контент тарату таңдау емес деп санайды. Сондай-ақ көп жағдайда порно-индустриядағы адамдарды құлдықта ұстайтынын ашып айтты.
“Ақша табамын деп өз еркіңізбен барсаңыз да, сізге ақша төлеген соң, сіз еркіңізден, таңдау құқығыңыздан айырыласыз. Сіз тапсырыс берушінің құралына айналасыз. Көбіне қыздарды “модельдік агенттікке модель керек”, “сұлулық, фэшн саласына қызметкер керек” деп алдап шақырады. Білместікпен келісімге қол қойған соң, шындықтың беті ашылады. Бірінші модель боламын деп келген қыздардың жеке деректерін алып алады да, түрлі платформаға таратып жібереміз деп қорқытады. Расымен 10-15%-ы өз қалауымен сол индустрияда жүруі мүмкін. Ал қалған 85%-ы ше?”, – деді ол.
Карина Аманкулова әлем бойынша жезөкшелердің орташа жасы 13 жас екенін еске салды. Бұл салада да кәмелетке толмағандардың жүру ықтималдығы өте жоғары дейді.
“Камбоджада әр оныншы бала, яғни 160 мың кәмелетке толмаған адам интернеттегі зорлық-зомбылық құрбаны болған. Мұны Біріккен ұлттар ұйымы келтірді. Яғни әр оныншы баланы осындай эротикалық контентке күштеп тартқан. Порнографиялық видеоларды көрген кезде сіз мұны байқамауыңыз да мүмкін. Бірақ сіздің сұранысыңыздың салдарынан бала қиналады, оны қинау арқылы басқа адамдар пайда тауып отыр”, – деді фембелсенді.
Ол мұндай контентті шектеу өте маңызды деді. Өкініштісі, шектеудің өзі мұны толық тоқтата алмайтынына қынжылады. Өйткені 18+ индустрия сұраныс болмаса ғана жоғалады.
Threads қолданушылары бұл платформаға салынған тыйымды талқыға салды. Бірі мұндай сайттардың моральдық жағынан дұрыс емес екенін айтып, тыйым салу маңызды дейді. Бірақ бұған қарсы шығып жатқандар да бар.
“Жезөкшелік (эскорт, вэбкам, онлифанс) жайлаған жерде Эрос (махаббат құдайы) жоғалады. Порнография – махаббатсыз жыныстық қатынас. Лилит жақсы көрмей қалғаннан кейін қатынасқа түсе бермей, кетіп қалды. Адамның эгоцентристік қалауларын орындаудан, мойынсұнудан бас тартып, ұшып кетті. Ал жезөкшелер қалауын орындайды. Ақшаға біреудің қалауын орындап, өз қалауын, Эросын тұншықтырады. Өздерін тәуелсіз еркін қыздар деп санауы мүмкін, ал шын мәнінде патриархалды жүйеге қызмет етіп жүр. Өкінішке қарай желіде онлифанс, эскортты қалыпты нәрсе деп көрсетіп жатыр. Аңқау қыздар осыған қызығып, осы салаға бару туралы әзілдейді”, – деді қолданушы.
“Бұл – тәуелділік және ішкі жан дүниеңді зорлаумен тең. Үнемі ішкі жанжал мен шынайы өмірден көңілі қалу. Мұндай индустрияны тұтынудың зияны темекі мен алкогольдің зияны сияқты қоғамға жиі айтылса екен”, – деді тағы бір адам.
Кейбірі мұндай тыйымнан ештеңе өзгермейді деп есептейді.
“Меніңше, тыйым салудан пайда жоқ. Көремін деген адам жолын табады. Мысалы порносайттарды бұғаттап жатса да, оны тығылып көріп, бір-біріне жіберетіндер бар. Тыйым одан сайын қызығушылықты оятады. Ендеше тыйым салып не керек?”, – деді Иван есімді қолданушы.
“OnlyFans кей әйелдерге қаржылық тәуелсіздікті сыйлады. Ал тыйым әйелдер өз денесімен ақша таба алмайды дегенді білдіріп тұр”, – деді тағы бірі.
“Қазақстанда онлифансты бұғаттап тастады. Одан да Ресейге сұр импортқа тыйым салса болады ғой”, – деді қолданушы.
OnlyFans-тан авторлар қанша ақша табады?
OnlyFans-қа тіркелушілер айына 5 доллардан (2625 теңге) 50 долларға дейін (26 250 теңге) төлеуі керек. Орташа тіркелу құны 7 доллардан (3675 теңге) сәл асады. Әрбір тіркелген пайдаланушы банк картасын тіркеуі керек. Автор табыстың 80%-ын өзі алады, ал қалған 20%-ы сервиске кетеді.
Тіпті танымал әншілер мен модельдер осы желіге жазыла бастаған. Диснейдің бұрынғы жұлдызы Белла Торн әр қолданушыдан 200 доллар (105 мың теңге) алып, 1 күнде 1 миллион доллар (525 миллион теңге) тапқан. Рэпер Bhad Bhabie де 6 сағатта 1 миллион доллар жинады.
Фотода Софи Рейн және Белла Торн
20 жастағы модельдің табысы АҚШ-тың баскетбол жұлдыздарынан асып түскен
Әнші Блэк Чайна 16 мың оқырман жинап, соның арқасында 20 миллион доллар (10 миллиард теңге) табыс көрді.
20 жастағы модель Софи Рейннің OnlyFans арқылы тапқан жылдық табысы АҚШ-тың ұлттық баскетбол қауымдастығындағы көптеген жұлдыздың табысынан асып түскен. Бойжеткен интимді фото-видео жариялау арқылы 43,5 миллион доллар (22 миллиард теңге) пайда тапқан.
Ал баскетбол жұлдыздарының ішінен Кайри Ирвингтің ақшасы 41 миллион доллар болыпты. Ол баскетболшылардың ішінен ең көп ақша алатын жұлдыз болып саналады.
Мұндай көрсеткіш халықтың эротикалық контентке, 18+ материалдарға деген қызығушылығының жоғары екенін және осындай әдепсіз контент үшін кез келген соманы төлеуге дайын екенін көрсетеді.
Stan.kz тілшісі жыныстық қатынас жөнінде психологтан адамдар не үшін OnlyFans, Webcam сынды платформаларға, порно-видеоларға әуес болатынын, ондай контентті тұтынудың қандай салдары бар екенін сұрап білді.
Не себепті адамдар порнографиялық контентке ақы төлеуге дайын?
Жыныстық қатынас жөнінде психолог Асель Шаназарова эротикалық платформалардың танымал болуы әлемде стрестік жағдайлар мен қысымның көптігімен, тұрақтылықтың жоқтығы және қуанышты сәттердің аз болуымен байланысты дейді.
“OnlyFans пен Webcam-сервистердің танымал болуы әлемдегі күйзеліс пен тұрақсыздықтың белең алуымен байланысты. Адамдардың өмірінде қуаныш аз, ал мұндай платформалар тез әрі қолжетімді ләззат сыйлайды. Бұл платформалар көпшілікке жетіспейтін нәрсе — жақындық пен көңіл бөлу секілді дүниелердің иллюзиясын ұсынады. Адам шаршаған кезде, өзін жалғыз сезінгенде немесе эмоциялық аштықта жүргенде, ол қысқа мерзімге болса да, өмірдің дәмін қайта сездіретін нәрсе іздейді. Ал эротикалық контент — бұл сезімді жылдам оятатын құралдардың бірі. Әсіресе, өзі соған тапсырыс беріп, қызығушылықтары ескерілсе, өзін маңызды сезініп, тіпті экранның арғы жағында болса да, ерекше әсерге бөленеді”, – деді маман.
Порно және эротикалық контенттің адам санасына әсері
Психолог мұндай контенттерді жиі тұтыну тәуелділікке алып келетінін, жыныстық қатынас туралы көзқарасты өзгертетінін түсіндірді.
“Эротикалық контент өзіңізді және денеңізді қабылдауыңызға әртүрлі әсер етуі мүмкін. Кейде ол жұпты шабыттандырып, ашылуға көмектеседі және қарым-қатынасты нығайтады. Бірақ көп жағдайда кері әсер етіп, өзін қабылдамауға әкелуі ықтимал. Мысалы "Мен ондай емеспін", "экрандағыдай әдемі емес" деген ойлар туындап, өзіне деген сенімі түсіп кетеді. Әйелдер де, ерлер де төсек қатынасын көрген 18+ контентімен салыстыра бастайды. Бұл жалған үміт тудырып, жыныстық қатынас туралы ойы мен көзқарасының өзгеруіне әкеледі”, – деді Асель Шаназарова.
Маманның сөзінше, жасөспірімдерде жыныстық қатынас туралы түсінік порнографиялық контенттерден қалыптаспауға тиіс. Ондай жағдайда оларда сексуалды қатынас туралы ой бұрмаланады, жыныстық қатынастың қандай болуы керегі жайлы жалған идеялар пайда болады.
“Эротикалық контентті жиі тұтынсақ, сексуалды қиялдарымыз соған негізделе бастайды. Ал порнографиялық видеолар шынайы интимдік өмірге ешқандай қатысы болмауы мүмкін. Бұл сценарийлердің барлығы ойдан шығарылған, бірақ соны көретін адам үшін қалыпты бола бастайды”, – деді ол.
Айтуынша, 18+ контентті көп көретін адам шынайы өмірден алшақ болады.
“Эротикалық контенттегі стандарттарға сай болмаудан қорқып, жыныстық қатынастан қашқақтайтындар да болады. Оларға шынайы қарым-қатынас "күрделі" болып көрінуі мүмкін. Себебі экраннан көріп, өзін қанағаттандырған оңайырақ, екі тараптың ымыраға келуі, бір-бірін зерттеудің қажеті жоқ”, – деді ол.
Порнографиялық материалдарға тәуелді болсаңыз...
OnlyFans, Webcam сияқты платформаларды жиі қолдану шын мәнінде тәуелділікке әкелуі мүмкін дейді маман.
“Адамдар тек өзін қанағаттандыру емес, жалғыздық, күйзеліспен немесе эмоциялық бос сезімін басу үшін осындай контентті іздеп бастайды. Кейін ол шынайы өмірден назарды бұру жолына айналады, бірақ ол аз уақытқа ғана ләззат сыйлайды. Бұл мәселені тану және мойындау маңызды. Бұл қадам үлкен батылдықты қажет етеді. Мұндай қалаудың астарында не жатқанын, өмірде толыққанды қанағаттанып, ләззат алу үшін нақты не жетіспейтінін анықтау қажет. Ол үшін маманмен жұмыс істеу маңызды”, – деп түсіндірді сарапшы.
Жыныстық қатынас жөнінде психолог мұндай қажеттілік туындамас үшін жұбыңызбен, жақын адамдарыңызбен ашық диалог құрып, тілдесу, сенімді қарым-қатынас орнату абзал деп кеңес берді.