Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Емханада болған қателік салдарынан қазақстандық әйел қайтыс болғандар тізіміне енгізіліп кетті

Фото: pixabay.com

Өскеменде Сәуле Әбенова есімді әйелдің өмірі күрт өзгеріп кетті – емхана қызметкері анасының орнына оның жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, қайтыс болу туралы куәлікті оған рәсімдеп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сәуле Әбенованың айтуынша, бұл оқиға оның барлық құжаттары мен банк шоттарының бұғатталуына алып келген. Тіпті оның жұмыс орнында да "қайтыс болды" деген ақпарат тіркелген.

"25 сәуірде анам қайтыс болды. Мен Алматыда тұрамын, жерлеуге Өскеменге келдім. 29 сәуірде емханаға қайтыс болу туралы куәлікті алу үшін бардық. Сол кезде деректерді базаға енгізіп жатқан дәрігер жүйенің тоқтап қалғанын айтты. Кейін келуімді сұрады. Түстен кейін барсам, қате болып, анамның ЖСН-і орнына менің ЖСН-ім енгізілгенін, сондықтан куәлік маған рәсімделіп кеткенін айтты. Иә, анаммен тегіміз бір, бірақ туған жылымыз әртүрлі — 1950 және 1977. ЖСН-іміз де сәйкес келмейді", – деді Сәуле Әбенова.

Емхана бұл қатені түзету үшін бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасына куәлікті кері қайтарып алу туралы хат жолдаған. Алайда процесс ұзаққа созылып, Сәуле 10 күн Өскеменде тұруға мәжбүр болған. Өйткені ол не билет сатып ала алмады, не банктен ақша шешіп ала алмады.

"Қуанышымызға орай, мұнда інім бар, сол көмектесті. Анамның пәтерінде тұрып жатырмын. Жұмыс орныма телефон шалып, жағдайды түсіндіре алдым. Өйткені Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы менің қайтыс болғаным туралы хабар берілген екен", – деді ол.

Емханада істейтін терапевт Әйгерім Шорбанованың айтуынша, бұл оқиға техникалық ақауға байланысты болған.

"Тіркелген халықтың бірыңғай базасында қайтыс болу туралы куәлік рәсімделеді. Бұл жүйе жиі "қатып" қалады, бұл тек біздің емханада емес, бүкіл Қазақстан бойынша мәселе. Сол күні мен қайтыс болған адамның және келген туысының ЖСН-ін енгізіп жатқанда, бағдарлама тоқтап қалды. Сәулеге кейінірек келуін сұрадым. Құжат дайын болған кезде, оның атына рәсімделгенін көріп, бірден оған да, басшылыққа да хабар бердім. 29 сәуірде-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жіберілді", – деді дәрігер.

Алайда мамыр мерекелеріне байланысты жауап кешігіп келген. 6 мамырда ғана денсаулық сақтау министрлігінен 8 мамырда түзетілетіні туралы жауап келген. 8 мамырда Сәуле Әбенованың мәліметтері қалпына келтіріліп, қайтыс болу туралы куәлік жойылды. Бірақ банк шоттары әлі ашылмаған.

"Бұл мәселені шешу үшін тіркелген жері бойынша Алматыда салық органына өтініш беруі қажет. Яғни алдымен Алматыға оралуға тиіс", – делінген хабарламада.

Әйгерім Шорбанова кеткен шығындардың бәрін, соның ішінде билет болсын, басқа болсын өтеуге дайын екенін айтты.

Алаяқтар қазақстандықтарға емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шала бастаған

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауылының тұрғыны құжат бойынша өлі болып шыққанын жазған едік. Айболат Бөкенов әлеуметтік желідегі парақшасында Гүлайна Айтасованың оқиғасын бөлісті. Әйел әдеттегідей несие төлемін жасаған кезде ақшасы қайтарылған. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 10:36
Талқылау