"Елорданың төрінде отырып, жол мен интернеттен жұрдаймыз": Нұр-Сұлтандықтар наразылықтарын білдірді
Сол жағалаудағы бес бірдей тұрғын-үй кешенінің тұрғындары жол мен интернеттің жоқтығына наразы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Есіл ауданына қарасты бұл үйлердің тұрғындары барлық мәселе Сығанақ және Тұран көшелерінде дейді. Халық арасында танымал сауда орындарына жақын Сығанақ көшесінің бір бөлігінің бүгінгі қалпы мәз емес. Осындағы тұрғындар өткен жылы тапсырылуы тиіс болып, бірақ әлі де бітпеген балшық жолдан әбден шаршадық, дейді. Жоғарыдағы бес ірі үйге апарар тағы бір жол бар. Ол уақытша құм мен тас төселген Тұран көшесінің бөлігі. Дәл осы адамдар қатынауға жараған жалғыз жолдан жергілікті халық жақында айырылып қала жаздапты.
"Бұл уақытша жол. Жолымыз бар еді тұрғын үй кешеніне апаратын, соны жол салушы жабамыз деген соң, халық шулап, әкімшілік, полицияны шақырдық", - дейді тұрғындардың бірі.
Халық шулаған соң жолды жаппақ болған мердігер компания райынан қайтыпты. Сол арада жергілікті жұрт Сығанақ көшесіндегі балшықты жол қашан бітеді, торап астымен үйлерге инженерлік желі өтіп, беті қашан асфальтталады деп сұраған.
"Әкім бізге инженерлік желіні өткізуді тапсырды. Үйлерге жылу, кәріз, су жеткізу қажет. Қазір кәріз жүйесін жасап жатырмыз. Қыркүйекте аяқтаймыз деп ойладық. Өйткені жұмыс қиындау, жеті метр қазу керек. Сондықтан жөндеу уақыты созылып жатыр", деп түсіндірді бас мердігер компанияның техникалық директоры Сәбина Текова.
Тұрғындар 2021 жылы ғана тұрғындарға жағдай жасалады деп түсіндірді маман. Жолдан бөлек, сол жағалаудың ең көрікті жерінде орналасқан бес тұрғын үйдің кейбірінде интернет жоқ. Кабель тартушы компания Сығанақ пен Тұранда құрылыс жұмыстары толық бітпейінше, ешқандай ғаламтор желісін тартпаймыз депті.
"Бізде интернет жоқ. 1-шы қыркүйекте оқу басталады. Балалар білім алуы керек. Ал бізде интернет жоқ. Кейбір ата-ана қашықтан жұмыс істеп жүр. Оларға да бұл өте ауыр тиіуде. Ғаламтор жүйелерін жеткізуші компания жолды жөндемегенше ештеңе өткізе алмаймыз дейді. Құрылысшылар кабельдерін жұлып кетеді екен", - дейді қала тұрғыны Қарлығаш Бүркітбаева.
Есіл ауданына қарасты халық наразы деген соң, жауапты әкім келіп жетті. Ол алдағы 10 күнде Сығанақтағы мәселені шешетінін айтты.
"Биылғы жылы мердігерлердің алдында екі мәселе тұр. Біреуі байланысты қамтамасыз етуі, екіншісі жолды жөндеу. Ал тазалық жұмыстары мен асфальтты келесі жылы салады", - дейді Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.
Уәдесін берген Есіл ауданының басшысын көргенде, өзге ауланың тұрғындары да оған сұрақ қойды. Келушілердің көбісі жол сапасы мазалайтынын жасырмайды.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
