Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордалық егіз түлектер әлемнің 11 университетінен шақырту алды

Елордалық егіз оқушы әлемнің 11 университетінен грант ұтып алды. 17-жастағы Әдия мен Әдина мұндай шақыртуды күтпеген.  Қай жоғарғы оқу орнын таңдайтындарЫн әзірге білмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

егіздер

Әдия мен Әдина жастайынан шетелде оқуды армандаған. Әуелде қытай тілін жетік меңгеріп, сонда оқуға түсуді мақсат еткен. Тіпті, қытайлық университеттердің өзі арнайы шақырту жіберген. Алайда, егіздер Қытайдағы тоқтаусыз ереуілден кейін райымыздан қайттық деп отыр. Соңғы бір жыл ішінде бар күшімізді салып, Американың ЖОО-на түсуге әрекет жасадық, дейді. Биыл АҚШ-тың 10, ал Австралияның бір университетіне өтініш тастапты. Ең қызығы, соның барлығы да қазақстандық егіздерді оқуға қабылдаған.  

"Шыны керек, барлығынан бірдей шақырту аламыз деп күтпедік. Ең болмаса, соның біреуі өтінішімізді мақұлдаса екен деп ойлағанбыз. Бізді оқуға қабылдаған университеттер арасында әлемге танымал тұлғалар білім алған  Syracuse (Сиракуз) университеті де бар. Биылғы жылы оған 31 мыңнан астам адам өтінім тапсырған. Соның ішінен 3600 түлекті таңдап алынды. Оның қатарында біз де бармыз", - деді Әдина Кәкім.

Апалы-сіңлілі егіздердің бос уақыты жоқ. Карантин кезінде испан тілін меңгеріп жүр. Ал кітаптан қолы тиген кезде шығармашылықпен айналысады. Сурет салуға да қызығады. Оқушы қыздар мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді түрде қатысады. Қайырымдылық шараларға атсалысып, волонтерлікпен де жиі шұғылданады. Айтуларынша, шетел оқу орындары оларды осындай белсенділігі үшін де таңдап алған екен.

"Екеуіміз де қаладағы қарапайым орта мектепте білім алдық. "Алтын белгі" төсбелгісіне үміткерміз. Осы жерде шетелде оқу үшін міндетті түрде мықты лицейде білім алу керек деген жансақ пікір екенін айтқым келеді. Қазақстандық кез келген мектеп оқушысының шетелде оқуға мүмкіндігі бар. Оған біздің өзіміз дәлел бола аламыз. Ол үшін бар болғаны жалқаулыққа салынбай, білім алу керек", - деді Әдия Кәкім.

Айта кетейік, Әдия "халықаралық қатынастар" мамандығына құжат тапсырса, ал Әдина болашақта психолог болуды мақсат еткен. Егіздер қай ЖОО-ны таңдайтынын әлі шешпеген. Бірақ, АҚШ-қа баратындары анық. Ал грант ұтып алған жоғары оқу орындары оларды үй-жаймен, медициналық сақтандыру, оқулықтар және басқа да шығындарын өтеп береді.

Талқылау