Елорда тұрғындары өзге өңірлерге қарағанда 3,5 жыл ұзағырақ өмір сүреді
Фото: pixabay.com
Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, елордада өмір сүру ұзақтығы ел бойынша жоспарланған деңгейден 3,5 жылға жоғары, ал 2029 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен 2 жылға асып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басқарма басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова Астанада, әсіресе, туберкулезге қарсы күрестегі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарғанын айтады.
"Аурушаңдық 21,5%, ал өлім-жітім 6,5% азайды. Инсультті емдеуде госпитальдық өлім-жітім 8% төмендеді, ал ауруханадан шыққаннан кейін үйде бір ай ішінде болатын өлім-жітім 32% азайды. Онкологиялық көмекті ерте анықтау үлесі өсіп келеді: қазір аурулардың 34,6%-ы бастапқы кезеңде диагностикаланып жатыр, бұл кезде емдеу – ең тиімді. Бұған қоса миокард инфарктісін емдеудегі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған: барлық пациент ұсынылған 120 минут ішінде тері арқылы коронарлық араласу орталығына жеткізіледі", – дейді ол.
Оның айтуынша, жедел жәрдемнің келу уақыты да қысқарған – шақырулардың 98,1%-ы 40 минутта орындалады екен.
Ведомство өкілі сонымен қатар нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіштеріндегі оң өзгерістерді де атап өтті. Мысалы, тұқым қуалайтын ақаулардан болатын өлім-жітім екі есе төмендеп, 14-тен 8 жағдайға дейін қысқарды. Сондай-ақ биыл инфекциялық себептерден болатын өлім-жітім тіркелмеген.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
