Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі барлық ақылы жолдарда жылдамдықты бақылайтын камералар орнатылады

ҚР Индустрия министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков енді елімізде барлық ақылы жолдарда жылдамдықты бақылау камералары орнатылатынын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство өкілі республикалық маңызы бар ақылы жолдарда көліктердің қозғалыс жылдамдығын жазып алатын бейнекамералар орнатыла бастағанын алға тартты. 

"Бүгінгі күні бізде 2200 шақырым ғана ақылы жол бар. Қалған жолдарға бұл әлі енгізілмеді. Енді осы камераларды жылдамдықты өлшеу үшін пайдалануды жоспарлап отырмыз. Біз оларды Ішкі істер министрлігімен байланыстырғымыз келеді. Қазірдің өзінде  Астана – Бурабай бағытындағы жолда бұл камералар жылдамдықты асырғандарды анықтап, айыппұлдар түсіп жатыр”,- деді Амангелді Беков.

Ол жоба аясында 25 мың шақырым жолдың 11 мыңын ақылы ету жоспарланғанын еске салды. Яғни, 11 мың шақырым жолда бейнекамералар болады.

Республикалық тас жолдарды бейнебақылаумен жабдықтау жұмыстары 2030 жылға дейін жалғаспақ. 

"Жол-көлік оқиғасының басты себебі жылдамдықты сақтамау. Қазір Астана-Бурабай тас жолында барлық камералар жұмыс істейді. Негізінде тиісті жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды. Алайда көбісі 180 және 200 шақырымнан төмен жүрді. Екінші санатқа рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 100 км-ден аспайды. Бірақ олар сағатына 120, 140, тіпті 150 км-ге дейін жүреді. Сондықтан бұл камералар жылдамдықтың сақталуын бақылайды",- деп қосты ол. 

Талқылау