Елімізде бала туу жасындағы әйелдер скринингтен өтуі керек
Қазақстандағы бала туу жасындағы әйелдерге скрининг жасау керек! Себебі жатыр мойны қатерлі ісігі – 30 бен 50 жас аралығындағы қыз-келіншектерде жиі кездеседі. Ал бұл кеселді ерте анықтап, адам өмірін сақтап қалу үшін сапалы диагностика қажет. Сондықтан бүгін «Мәсімов сауықтыру орталығында» шетелден арнайы шақыртылған мамандар онкологтарға скринингтің қыр-сырын үйретті.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Философия ғылымдарының докторы, цитолог-кеңесші Аннеке ван Дрил Алматыға арнайы келіп отыр. Халықаралық сарапшы дәрігерлерге жатыр мойны қатерлі ісігін цитологиялық диагностика арқылы анықтау мен емдеу жолдары туралы дәріс беруде. Аннекенің туған жері Нидерланды елінде скрининг 1980-шы жылдардан бері жүйелі жүргізіліп келеді, ал бізде тек 2010 жылдан қолға алынған. Сондықтан шетелдік маманның берері мол.
«Скрининг бағдарламасына үлкен мән беру керек. Оны халық арасында көп насихаттау қажет. Себебі кесел ерте анықталған сайын жеңіл емделеді», – дейді халықаралық сарапшы Аннеке Ван Дрил-Кулкер.
Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігі жиі кездеседі. 2017 жылы тек Алматы облысының өзінде 12 әйел осы кеселге ұшыраған. Ауруды ерте анықтаса құлан таза айығып кетуге болады. Бірақ бізде науқастардың көбі ауру асқынғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Ал «Мәсімов сауықтыру орталығы» ауруды ерте анықтауға арналған заманауи технологияларды қолданып, оның өңірлерде де кең таралуына мұрындық болып отыр.
«Осы 10 жыл болды біздің істеп жатқанымызға. Скрининг жүргізіп, көзіміз жеткеннен кейін шетелге шығып солардың жұмыстарын да байқап бізге қандай жағы ыңғайлы болады соны шақырып, бүгін осындай Қазақстанда онкология аурулары арасына кіргізіп естіп жатырмыз, көріп жатырмыз», – дейді сауықтыру орталығының директоры Қажымқан Мәсімов.
Қазақстанда 30 бен 70 жас аралығындағы әр келіншек 4 жылда бір рет скринингтен өтуі тиіс. Оны тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелген емханада тегін өтуге болады. Алайда қыз-келіншектердің көбі әлі күнге дейін өз денсаулықтарына немқұрайлы қарап отыр.
Оқи отырыңыз:
Ақтөбеде туберкулезге шалдыққан жас мұғалім осы уақытқа дейін балаларға сабақ беріп келген
СҚО-да үш баласын жалғыз асырап отырған ер азамат құлағалы тұрған үйді паналап отыр
Алматы облысында Әділет департаментінің қызметкерлері басшылықтың былығын жайып салды
Семейде Абайдың шығармашылығын орындаған америкалықтар жұртты тамсандырды