Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде ауылдардың жағдайын жақсартып, халық санын арттыру мақсатында 90 млрд теңге бөлінеді

Соңғы жылдары еліміздегі ауыл халқының саны 3,5 %-ға азайған. Мұның бірден-бір себебі, бүкіләлемдік урбанизация. Осы орайда, елді-мекендерді дамыту, ондағы халық санын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен 3 жылда 90 млрд теңге бөлінбек.

Елімізде ауылдардың жағдайын жақсартып, халық санын арттыру мақсатында қазынадан 90 млрд теңге бөлінеді

Аталған қаржыға аудан орталықтарында әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеріп, халық тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бірақ таяқтың екі ұшы бар демекші, мәселенің екінші жағы бөлінген қаржы тиімді жұмсала ма деген сұрақ туындайды, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz.

Бүгін үкімет үйінде облыс әкімдері түгел жиналды. Әдетте премьерден сөз естіп, ескерту алатын аймақ басшылары бұл жолы ауыл аймақтарға қажетті соманың мөлшерін талқылады. Сонымен 2019-2021 жылдар аралығында републикалық қазынадан өңірлерге кезең-кезеңмен 30 млрд теңгеден бөлінбек.         

"Осы жылы басты назар ірі елді-мекендерге, яғни халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Онда қордаланған өзекті инфрақұрылымды проблемаларды жылдам шешуді қажет етіп отыр. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бағытталды", - дейід премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек.

Аталған жобаға: 
52 ауыл іріктеліп алынған. Барлығы 454 іс-шара жүзеге асырылады. Ондағы 247 шара жолдарды жөндеуге, 135 шара әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, 72 шараіс-шара тұрғын үй салуға бағытталған. 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов елді-мекендерді дамытуға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатқанымен бөлісті. Шенеуніктің сөзінше, аймақта қазір 732 ауыл бар. Онда облыс халқының 80% өмір сүреді екен. 

"Облыста 7 млрд теңгеге 7 аудан орталығын қамти отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 43 жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылған саны 1 млрд теңге", - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Аталған жобаның атқарылу барысын премьер-министрдің өзі бақылауына алмақ. Облыс әкімдері әр екі апта сайын бөлінген қаражаттың жұмсалуын экономика министріне баяндап отырады. Ал, премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек ауыл аймақтағы барлық әлеуметтік нысандардағы жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп сендіріп отыр.       

"Жалпы биыл 30 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлініп жатыр. Биыл ол 52 аудан орталығына қаражат баратын болады. Қосымша әкімшіліктер өздерінің бюджетінен қаражатты қарастырып жатыр және кәсіпкерлер, меценаттар қосымша осы бағдарламаға қосылып жатыр", - дейді премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек. 

Ал, өткен аптада сенат спикері Дариға Назарбаева дәл осы аймақтардағы ауыз су мәселесін шешуге бөлініп, кейін ізім-қайым жоқ болған қаржыны "Бермуд үштағанына" балап әбден сынаған еді.     

"Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, тәуелсіздік алғалы 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді-мекендерде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны сияқты" қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Неліктен?", - деді Назарбаева.

Ал, экономист Сапарбай Жұбаев жыл сайын бөлінетін қаржыны тиімді жарата алмай жүрген аймақтарға, қосымша тағы ақша бөлу дұрыс емес деген пікірде.

"Бұл егерде әрбір ауданға бөлінетін болса, сонда біз 52 ауылдық округті бөліп алып отырмыз. Ал, бізде 900-1000-ға тарта ауылдық округ бар. Солардың ең шешілмеген жерлері, мәселен білім саласында 3 ауысымда оқитын мына оңтүстікте аудандар бар. Солардың мәселесін бір-екі жылда шешу мәселесі тұр", - дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Биыл іріктелініп алынған 52 елді-мекенмен бағдарлама шектеліп қалмайды. Алдағы 5 жылда 2 мыңнан астам ауыл аймаққа аталған қаражаттың бір бөлігі бөлінбек. Осылайша шенеуніктер келешекте ауылдағы халық та маңдайы шылқып өмір сүреді деп сендіріп отыр.    

Талқылау