Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денсаулыққа одан да ауыр зиян келеді": Дәрігер желіде тараған денені созу және керу арқылы емдеудің қауіпті екенін айтты

Әлеуметтік желіде Әмірбек есімді азаматтың қолдан жаттығу құралдарын жасап, адамдарды сырқатын емдеп, жазуға көмектесіп жүрген видеосы тарады. Бейнежазбадан адамдардың аяқ-қолын темір құрылғыға бекітіп, керіліп-созылу жаттығуларын жасап жатқанын көреміз. Алайда терапевет, остеопат Данабек Нариманұлы Stan.kz тілшісіне жаттығудың мұндай тәсілі қаншалықты пайдалы немесе қауіпті екенін айтты.

Фото: Видеодан скрин

Әмірбек Бердібеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында арқа, бел, мойын ауырса, протрузия, грыжа, остеохандроз ауруларын дәл осы тәсілмен емдеуге болатыны туралы айтады. Бейнежазбалардан Әмірбекке келген адамдардың жаттығу кезінде ауырсынған сәтін жиі көруге болады.

Әмірбектің айтуынша, емнің бұл түрін бұрын қазақтар қолданған екен. Ал жаттығуға арналған құрылғыларды өз қолымен жасаған. 

“Негізі аурудың 90%-ы омыртқадан. Өзімнің де мойным мен белім ауырып, 13 жыл бойы емін таппай қиналғанмын. Осы құрылғыларды жасап, жаттыққан соң, система мен дәрі егуді тоқтаттым. Мұндай жаттығуларды қолы шығып кететін адамдарға жасауға болмайды. Қан қысымы бар адамдар жаттығу жасай береді. Бірақ олардың басын төмен салуға болмайды. Сондай-ақ жарық (грыжа) көлемі 9, 12 миллиметр болса, ондай науқастарға да мұндай жаттығуларды істеуге тыйым салынады. Ол асқынып кеткен деген сөз. Жүре алмай қалған адам мұндай жаттығу жасаса, ауруы одан сайын құтырып кетеді. Аяқ-қолды байлаудағы мақсат – денені созу, керілу”, – дейді Әмірбек. 



Сондай-ақ ол емді тұрақты түрде, үзбей алудың да маңызы зор екенін айтады. Айтуынша, кем дегенде 10 күн келіп, емделу керек.

“Бір күндік емнің еш нәтижесі болмайды. Бір тартқанда омыртқа ашылып кетпейді. Бірінші күні денеде ауырсыну болады, ұйықтап тұрған соң өзгеріс байқайсың. Солай кем дегенде 10 күн жалғасуы қажет. Ал ем-шараның ақысына келcек, бұйырғаны. Әркімнің өз несібесі бар. Негізі бір адамды қабылдау құным – 10 мың теңге. Ол адам осында жатып емделсе де, басқа қаладан қатынап емделсе де, сол баға. Мысалы, егер жатып ем аламын десе, мұнда науқастың тамағын береміз. Алыстан келгендер болса, бірқатар жеңілдіктер жасаймыз. Бірақ кімнің болса да жағдайын жасауға тырысамын”, – дейді ол.

Әмірбек Бердібековтың бұл емдеу тәсіліне қатысты дәрігер-терапевт, остеопат Данабек Нариманұлы пікір білдірді. Дәрігер омыртқа бағанасында қандай да бір бұзылысы бар адамдарға мұндай жаттығуларды жасауға болмайтынын айтты.

“Бұлшықеттерге күш түсіп, тырысып қалса, протрузия, жарығы (грыжа) бар адамдарға мұндай тәсілдерімен емделуге болмайды. Өйткені ол адамдардың постуралды тепе-теңдігі (позный баланс)  дұрыс емес. Олар күшті денеге бірқалыпты түсірмейді. Егер ондай науқастар осындай ауыр жаттығу жасаса, денеге бірқалыпты күш түсірмегендіктен денсаулығына одан да ауыр зақым келтіруі мүмкін. Сол себепті ем-шараның мұндай тәсілі дұрыс емес”, – дейді остеопат дәрігер. 

Данабек Нариманұлының айтуынша, науқастар дәрігерге келмес бұрын барлық ем-шараны алып келеді. Бірақ ешқайсысы көмектеспейтін көрінеді.

“Бізге адамдар остеохандроз, протрузия, грыжа секілді омыртқа бағанының әртүрлі ауруларымен келеді. Маған дейін мануалист маманға, йогаға барып, емдік массаж алып келеді. Бірақ ешбірі көмектеспейді. Біз мұндайда жұмсақ остеопатиялық техникаларды қолдана отырып, емдейміз. Көбіне қолмен жұмыс істейміз. Әрине, біз де ем барысында бұлшықет байламдарын созамыз. Бірнеше сеанстан кейін нәтиже байқалады. Бірақ бұл кісі қауіпті әдіс-тәсілдерді қолданады екен”, – дейді дәрігер. 

Талқылау