"Қысым, әлімжеттік әсер ететіні сөзсіз": Психолог сарбаздардың өзіне қол салу себептері жайлы айтты
Елімізде биыл жыл басынан бері 11 сарбаз өзіне қол жұмсаған. Жақында 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың өзіне қол салу фактісі де жаға ұстатқан еді. Бейбіт күні әскери қызметкерлердің мұндай қадамға баруы көпті алаңдатты. Оны көпшілік әскердегі әлімжеттікпен байланыстырса, психологтар бұған отбасыдағы қарым-қатынас, әскери өмірге дайындықтың аздығы әсер ететінін айтады. Stan.kz тілшісі әскерде орын алатын суицид себептері мен оның алдын алу шараларын талдады.
Соңғы жылдары Қазақстан әскерінде мерзімді әскери қызметкерлердің қазасы жиілеп кетті. Статистикаға сәйкес, 2020 жылдан бері 270 әскери қызметкер қаза тапса, қаза тапқандардың әр бесіншісі өзіне қол салған. Нақтырақ айтқанда, 86 суицид фактісі орын алған. 20 сарбаз өзіне қол салмақ болғанымен, оларды аман алып қалған. 10 мың әскери қызметкерге шаққанда 6 суицидтен келеді.
Психолог-практик Ермек Нұрымов әскер өзіне қол салудан ада, стресске төзімді адамдар ортасы болғандықтан, мұнда суицид тенденциясы аз болу керек екенін айтады.
“Әскерге физикалық және психикалық жағынан төзімді, ментальды денсаулығы мықты адамдар таңдалады, сондықтан қарулы күштерде өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары кезікпеуі тиіс. Әрине, әскери тәртіп өте қатал болғандықтан, мұндай дисциплина адамды қажытып жіберуі мүмкін. Сондай қатал тәртіп пен қысымның салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмай қалады”, – деді психолог.
Нұрымовтың айтуынша, әскердегі сарбаз немесе арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне отбасы мен жеке қарым-қатынастағы мәселелер әсер ету мүмкін. Өйткені жырақта жүрген адам жақындарынан үлкен қолдау күтеді.
“Жігіт әскерде сондай қадамға барса, онда мұны отбасының түп-тамырынан іздеу керек. Егер отбасында, жеке өмірінде бәрі жақсы болса, ол әскери қызметкерлерге жүктелетін ауыртпашылықтар мен қызметті еңсеріп, қиындықпен соңына дейін күреседі. Егер отбасында бәрі нашар болса, онда бұл фактор жұмыстағы қиындықтарды арттырады”, – деді психолог.
Ол адам психикасының деңгейлерін атай отырып, қандай кезде қол салуға бейім болатынын атады.
“Адам психикасы невротикалық, шекаралық және психотикалық деңгейлерден тұрады. Невротикалық деңгейде адам өзін қалыпты ұстайды. Егер оның өзімен ішкі қақтығыстары болмаса, ол жақсы қарым-қатынасты сақтай алады. Шекара деңгейінде қақтығыстар көріне бастайды. Ал психотикалық деңгейде адамның оғаш әрекеттері пайда болады. Белгілі бір жағдайларға байланысты адамдар осы төменгі деңгейге түсіп, психикалық тұрғыдан әлсірейді. Бұған түрлі қысым, әлімжеттік әсер ететіні сөзсіз”, – дейді ол.
Ермек Нұрымов ата-аналарға әскерде жүрген жігітті отбасылық мәселелермен мазаламауын кеңес берді.
“Балаңызға үйдегі проблемалар туралы айтып, артық уайымға салып, іштегі мазасын оятпаңыздар. Оған артық ойлар одан сайын жүк болады. Өйткені жігіттің онсыз да әскери өмірге аз уақыт ішінде үйренісіп кетуі қиын, ол түрлі адаптациялық кезеңдерді бастан өткереді. Оның үстіне отбасы мәселесі шықса, жағдайы қиындап, уайымы асқына түседі”, – деді маман.
Сөзінше, балаларды өз бетінше өмір сүруге, ешкімге тәуелсіз дербес адам болуға үйрету де маңызды. Өйткені өмір бойы ата-анасынан ажырамаған бала үшін отбасынан бір мезетте ажырау өте қиын.
Елімізде әскердегі суицидтің алдын алу шаралары
Ал қазір Қазақстанда әскердегі өз-өзіне қол салу фактілерінің алдын алу бағдарламасын әзірлеу басталды. Сол себептен елімізде "Өміріңді бағала" атты бағдарлама өткен жылы талқыға салынды. Құжат қорғаныс, төтенше жағдайлар, ішкі істер министрліктері, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығымен бекітілген. "Өміріңді бағала" бағдарламасы 2022–2025 жылдары үш кезеңде жүзеге асырылады. Оны жүзеге асырудың қорытындысы 2026 жылдың қаңтарында қорғаныс министрлігі алқасының бірлескен отырысында шығарылады.
Бағдарлама ақпараттық-имидждік блок пен әскери инфрақұрылым нысандарын жақсарту бойынша профилактикалық бағыттардың барлық ауқымын қамтымақ. Құқықтық және әскери тәртіпті сақтаудың жаңа тәсілдерін енгізу, әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау, қарулы күштердің қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде сарбаздар аналары комитетімен өзара іс-қимылын жақсарту туралы айтты. Әскерилер қазіргі заманғы байланыс құралдарын пайдалана отырып, әскерге шақырылғандардың туыстарымен және жақындарымен байланысу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын қабылдады.
“Біз "Өміріңді бағала" бағдарламасы бойынша жұмыс істеу қағидасының бес негізгі бағытын белгіледік. Түрлі проблемалар шешілуде, ата-аналармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен жұмыс жүргізілуде", – деді шекара қызметі директорының орынбасары, полковник Төлеужан Жүнісов.
"Өміріңді бағала" бағдарламасы қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен ел президентінің әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қолға алынған еді. Бұл әскер жағдайында орны толмас адам шығынын азайтуға бағытталған. Бағдарламада халықтың әскерге деген сенімін арттыру үшін профилактикалық шаралар кешені мен жағдай жасау қарастырылған.
Бағдарламаның бастамасы Шымкентте 10216 әскери бөлімімен болған. Онда дөңгелек үстел өткізіліп, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі айтылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама аясында сарбаздар мен олардың ата-аналары арасында апта сайынғы "Отбасымен бейнеқоңырау" телефон арқылы сөйлесу тәжірибесі, сондай-ақ мессенджерлер арқылы сарбаздардың ата-аналары, олардың командирлері мен офицер тәрбиешілерінің қатысуымен құрылған чаттар пайда болады. Мұның бәрі әскердегі моральдық-адамгершілік тәрбиені арттыруға бағытталған.
Онымен қоса әлем елдерінде де бұл мәселе те өзекті. Әсіресе, АҚШ-та әскери сарбаздар арасындағы суицид ең көп таралған. Америкалықтар арасында өзіне қол салу фактісі аз болғанымен, АҚШ-тағы әскери қызметкерлердің суициді белең алған. Айтуларынша, 2001 жылы болған Пентагондағы террористік акттен кейін әскери қызметкерлердің жаппай өзіне қол жұмсау тенденциясы басталған. 20 жылда 30 мыңнан аса америкалық сарбаз өз өмірін қиды. Осы ретте бұл елде суицидтің алдын алу ұлттық қызметі жұмыс істейді. Оған АҚШ әскерінің сарбаздары мен олардың отбасы мүшелері тегін жүгіне алады. Әрі әскерде офицер, сарбаздармен жұмыс істейтін психологтар бар.
2014 жылдан бастап АҚШ қарулы күштерінде “Суицидтің алдын алу” арнайы курсын оқыту басталды. Соған сай қатардағы жауынгерлер мен сержанттар арасында "Жолдасыңа қамқор бол және оған көмектес" деген арнайы бағдарлама қарастырылған. Қазақстанда жаңадан қарастырылған “Өміріңді бағала” бағдарламасы да осыған ұқсас.