Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева US Open-2025 турнирін жеңіспен бастады
Фото: фотоколлаж/спортшылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан
Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатындағы алғашқы айналымды сәтті аяқтап, турнирдің екінші кезеңіне шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) рейтингінде 10-орында тұрған Елена Рыбакина алғашқы ойынында 16 жастағы америкалық Джульетта Парехамен кездесті. Қарсыласы әлемдік тізімде 338-орында болғанымен, ITF жасөспірімдер рейтингінде бірінші орында тұр. Қазақстандық теннисші матчты 6:3, 6:0 есебімен сенімді жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Өткен жылы Рыбакина US Open жарысын сәтсіз аяқтаған еді. Ол алғашқы кездесуде австралиялық Дестани Айаваны ұтқанымен, екінші айналымда франциялық Джессика Поншемен матч алдында денсаулығына байланысты жарыстан бас тартқан болатын.
Ал Қазақстанның әйелдер арасындағы екінші ракеткасы Юлия Путинцева да жарысты жеңіспен бастады. Әлемдік рейтингте 55-орында тұрған спортшы алғашқы ойында италиялық Элизабетта Кочареттомен (85-орын) кездесіп, екі сетте — 6:4, 7:6 (7:4) есебімен басым түсті. Бірінші партияда 1:4 есебімен ұтылып жатқан Путинцева қатарынан бес гейм ұтып, матчтың бағытын өзгерте алды.
Кездесу 1 сағат 56 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші бірде-бір эйс жасамағанымен, екі қос қателік жіберді және 10 брейк-пойнттың бесеуін сәтті орындады.
US Open-нің екінші айналымында Путинцева ресейлік Анна Калинская мен америкалық Клерви Нгунудың арасындағы ойын жеңімпазымен кездеседі.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
