Электричка станциясындағы таныстық қазақстандықты 300 мың теңгедей шығынға ұшыратты
Фото: pixabay.com
Қарағанды облысының тұрғыны электричка күтіп тұрып, телефоны мен екі жүз мың теңгедей ақшасынан айырылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Мұстафин ауылының 38 жастағы тұрғыны дүкенге кіріп, өзі сияқты пойыз күтіп тұрған бейтаныс жігітпен сөйлесіп тұрып қалады.
Үйіне оралғанда ол құны 100 мың теңге болатын ұялы телефоны ұрланғанын аңғарады. Сондай-ақ шотындағы 183 мың теңгесі де жоғалып кеткен.
Бұл жайтты полицияға хабарлаған соң ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті іздестіріле бастайды. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында күдікті көп ұзамай қолға түскен.
"Күдікті 25 жастағы Абай ауданының тұрғыны болып шықты. Ол жаңа танысқан жігіттің сенгіштігі мен алаңғасарлығын пайдаланып, алдымен телефонын ұрлап алған, содан кейін банк қосымшасына кіріп, ақшаны өз шотына аударып алған", – деп мәлімдеді ІІМ өкілдері.
Ұрланған телефон айғақ ретінде тәркіленген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
